Желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбеков
Бүкiл әлем алдында құдiретi күштi «Қызыл Империяның» қаһарынан қаймықпай оның озбырлы — үстемдiк саясатына қасқайып, қарсы тұрған қазақ жастарының 1986 — жылғы Желтоқсан көтерiлiсiндегi жанкештi ерлiктерi қай елге де, қай мемлекетке де болмасын тағылымды да ғибратты үлгi — өнеге.
Әйгiлi Желтоқсан көтерiлiсiнде Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбирадай боздақтар қыршынынан қиылса, жүздеген жастар темiр тордың ащы дәмiн татып мыңдаған азаматтар жазықсыз қудаланып, бiлiм ордаларынан шығарылып, қызметтерiнен қуылды.
Кезiнде желтоқсандықтарға қаншама қара күйе жағылып, қуғын-сүргiндi құқай көргенмен Кеңестер Одағының «қабырғасы қақырап шаңырағы» ортасына түстi. Жаратқан Иемiздiң құдiреттi күшi де шығар, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсiздiкке қол жеткiздiк.
Желтоқсан батырлары түгелге жуық ақталды. Өзектi өртеген өкiнiштiсi, Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбирадай қыршын жастар тәуелсiздiк таңының арайлап атқанын көре алмай кеттi.
Даңқты жерлесiмiз, халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков арамызда аман жүргенде 13-наурызда «Қамал бұзар» 40 жасқа толар едi… Қыршынынан қиылса да Қайрат мыңнын, тiптен, миллионның қолы жете бермейтiндей алынбайтын қамалды қатар-құрбыларымен осыдан 20 жыл бұрын, 20 жасында сол құрсаулы қамалдың қабырғасын қақыратты деп, айтуға толық негiз бар.
Бұл ойды толықтыра алатындай дерекке зер салсақ, осыдан 10 жыл бұрын 1996 жылы 13-наурызда елiмiзде ғарыштық iлiмдердi насихаттап жүрген ғалым – эзотерист (эзотериялық iлiм – құпия iлiм) Валерий Антонович Запредельный «Жас Алаш» газетiнiң тiлшiсiне «Қазақстанды болашақта не күтiп тұр?» айдарымен берген сұхбатында:
…Осыдан тоғыз жыл бұрын болып өткен қайғылы Желтоқсан оқиғасының эзотериялық (құпия) мағынасын айтайын. Қазақстанның болашағы үшiн сол кездегi қыз бен жiгiттер өздерiн құрбандыққа шалды (Ғарышта құрбандық Заңы бар).
Олардың төгiлген қаны – жай ғана қан емес, Қазақстанның маңдайына жазылып, төнiп тұрған қауiп-қатер, қасiреттердiң көпшiлiгiн шайып әкеттi.
Сөйтiп, бейбiтшiлiк пен әдiлеттiлiк өмiрге жол ашты. Басқа республикаларда қантөгiс болып жатқанда бiз осы он жыл iшiнде бейбiт, бiр қалыпты өмiр сүрдiк…
…Қазақстанда ендi ешқандай соғыс, қантөгiс болмайды. Кiмде — кiм бiзге қол сұғуға әрекет жасаса, үлкен қаһарға ұшырайды. Оны Желтоқсан оқиғасынан да көруге болады.
Сол күңдерi жастарды жазалау үшiн әскери контигенттер әкелiнгенi белгiлi. Оның құрамында орыс, тәжiк, кавказ халықтарының т.б. өкiлдерi бар екен. Көп кешiкпей-ақ Кавказ қанға боялды. Душанбе, Прибалтика, Мәскеудегi жағдайларды бiлесiз.
Ал, Рессейде осы 10 жыл iшiнде небiр қасiреттер, қақтығыстар, төгiлген жас – көбi қазақ жерiндегi Желтоқсан оқиғасындағы өктемшiлiктердiң салдары. Бұны тек соқыр адам ғана аңғармайды … деп көп сырдың бетiн ашты.
Желтоқсан көтерiлiсiнiң, оның қаһармандарының қадiр-қасиетiн ғарыштық құпия iлiмдi аса құнды зердемен зерттеген ешбiр жан баласы жоқ. Өзге ұлт өкiлдерi тұрмақ, өз қандастарымыздан да украи – В.А. Запредельныйдан артық ешкiм баға берген де жоқ.
Жерлесiмiз, Желтоқсан көтерiлiсiнiң қаһарманы Қ.Рысқұлбековтiң рухын құрметтей отырып, жастарымызды ұлтжанды – адамгершiлiкке тәрбиелеу мақсатында 1991 жылдың Наурыз мерекесiнде Мойынқұм ауданында Қайрат атында қор ашқан болатынбыз.
Шама-шарқымызша осы уақытқа дейiн бiрқатар игi шара атқара алдық.
- Туған ауылы Бiрлiктегi орта мектепке Қайрат Рысқүлбеков есiмi берiлiп, алдына Белгiтас қойылды. Төлеби ауылындағы С.Шәкiров атындағы мектепке тақта тас орнатылды.
- Кiндiк қаны тамған Отанында Ескерткiш тұрғызылды.
- Туған ауылындағы Гагарин көшесi мен Алматыдағы Обручев көшесi Қайрат есiмiмен аталды.
- Ұлтжанды, өнегелi қасиеттерiмен көзге түскен қазақ жастарына Қайрат атындағы сыйлық тағайындап, лайықты иелерiне тапсырдық.
- Ең негiзгiсi – көптеген әуре-сарсаңнан соң, Қ.Рысқұлбеков жатқан Семейдегi түрменiң 21-камерасына 1993 жылдың шiлдесiнiң соңында бiрнеше азаматпен кiрiп, Қайраттың мәйiтiн алғаш қараған дәрiгер-сарапшы Болат Шалағановпен пiкiрлесе келе, оның өмiрiне қастандық жасалғанын анықтадым.
Бұл жөнiнде «Азаттық» Радиосында, «Қазақстан -1», «Хабар -2» телеарналарында «Ер намысы — ел намысы», «Қайрат және Желтоқсан көтерiлiсi» кiтаптарында жан — жақты айтылды. «Жас Алаштың» 2001 жылғы 7 -шiлдедегi санында «Қайратты өлтiрген кiм?» деген колемдi мақалам жарияланды.
- Сондай-ақ, Семей, Тараз, Алматы қалалары мен Мойынқұм, Шу аудандарында өткiзiлген ақындар айтысы мен спорттық жарыстарға Қайрат атында жүлделер белгiлеп тапсырдық.
- Алматыдағы Сәулет — Құрылыс академиясында, Шу ауданындағы Қ.Рысқұлбеков 8 жыл оқыған С. Шәкiров атындағы мектепте мұражай бөлмелерi ашылып, Қайрат туралы деректi құжаттар жинастырып, топтастыруға ат салысудамыз.
Кезiнде осындай игi шараларға халық болып көмектестi. Көптеген мекеме, мектеп, тiптен балабақша мен жекелеген азаматтар қаржы аударып, нақтылай жәрдемдестi. Олардың бәрiн тiзiп шығу мүмкiн емес.
Бiз осымен iс бiттi, бәрiн тындырдық деп, қол қусырып отырған жоқпыз. Түрлi деңгейдегi бас қосуларга қатынасып, қаһарман ұлдың ұлтжанды да өнегелi ғұмырын көпшiлiкке насихаттаудамыз.
1999 жылдан берi Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында жастар мен жасөспiрiмдер арасында Шу ауданында Таеквондо жарысынан Қайрат Рысқұлбеков атындағы Республикалық турнирдiң ойдағыдай өтуiне ат салусадамыз.
Айрықша атап өтерлiк жайт, жоғарғы құзырлы орындардан «Мың өлiп мың тiрiлген халқымыздың» рухьн көтеру мақсатында:
а) Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты күнәһарлар халық алдында қылмыстарын мойындап, кешiрiм сұрасын!
ә) Желтоқсан құрбандарына жеделдете Алматыда мұражай ашылсын.
б) Сәулет — Құрылыс Академиясына Қайрат Рысқұлбековтың есiмi берiлсiн.
в) Желтоқсан боздақтарына Алматы мен Астанада Ескерткiш орнатылсын.
г) Чайковский атындағы музыкалық колледж Ләззат Асанованың атымен аталсын.
д) Л.Асанова, Е.Сыпатаев, С.Мұхамеджановаға «Халық қаһарманы» атағы берiлсiн! — деп өзектi тiлектердi талап етудемiз.
Мiне, осындай тағылымды шараларды жүзеге асырсақ, халқымыздың мерейiн үстем етiп, жастарымызды өнегелi — отан сүйгiштiкке тәрбиелеу жолдарында айтарлықтай ұлағатты iс тындырып қана қоймай, Тәуелсiздiгiмiздiң 15 жылдығы мен Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығына қазақ рухын көтерген болар едiк!
Желтоқсан оқиғасы
Желтоқсан оқиғасы емес… бұл ҰЛТ-АЗАТТЫҚ көтеріліс. Сенсеңдер Кеңес үкіметінің құлауына да осы бір себеп болды. Жер шарының көптеген бөлігін алып жатқан алып империя ішінде кішентай толқу сол кездің өзінде-ақ жер жаһанды шарлап кеткен. Сол күні ақ күллі балтық елдерінде, әсіресе Еуропа елдерінде соның ішінде осы жәйлі Британия, Лондон қаласында дәріс оқылған. Әрине әлемді дүркіретіп отырған осындай Империяның ішіндегі болған Ер Түркілердің тікелей ұрпақтары Қазақ жұртының ұлт-азатық көтерілісі күллі әлемде сол жылы-ақ бей-жәй қалған жоқ. Шет елдің тыңшылары сол жылы-ақ керекті жерлерге хабардар еткен.
Сенесіңдерме, сенбейсіңдерме сол күні Алматы қаласының үстінде Найзағай жарқылдаған!!! Қақаған қыстың аязында, Желтоқсан айындағы аязда қайдағы найзағай деп ойлайсыңдар-ау. Бұл да бір Жаратқан Алланың берген бір белгісі шығар.
Бұл Желтоқсан көтерілісінің Адамзат тарихына деген қосқан үлесі өте зор. Өте зор болмай қайтсын Осындай жан-жағын дірілдеткен алып империяның құлауына әкеп соқса. Бұл көтеріліс сасық саясатты ұстанған коммунистердің арам пиғылының астында тапталған Орта Азия, Балтық елдері және бірнеше мемлекткерге бостандық әкелді.
Енді ойлап қарасаңдар сол кешегі осы қан жосаға қатысқан Қасқырлар өз ортамызда жүргеніні ұмытпауымыз керек.
Сол кешегі коммунистер, өз ортамызда ұлттың қамын жеген боп Қой терісін жамылған Қасқырлардың көп екенін ұмытпағанымыз жөн.
Аққа Құдай жақ… Мейлі 50-100 …1000 жылдар өтсін мұның түбі ашылады. Ал бұл дүниеде ашылмайды екен.
Иншалаһ АҚІРЕТ бар… Қаракөз бауырларымыз бен апкелерімізді қорлап қан-жосаға бояған сол кездегі қанішерлер бұл дүниеде ішіп-жеп өтер. Ал Алланың алдында сазайларын тартар!!! Адасқан көзсоқырларды Алла-тағала одан арман адастыра түседі!!!
Жасасын Қазақ… Желтоқсан ол Адамзат тарихына үлкен із қалдырған ҰЛТ-АЗАТТЫҚ көтеріліс!!! Және сол көтерілісті тектіден қалған тұяқтар, Момын Қазақтың ұл-қыздары жасаған!!!
Жоғарыдағылар бұған баға бермей қашқақтай берсе де… Келер ұрпақ біз бұны ұмытпауға тиіспіз!!!
Әділ бағасын біз беруге міндеттіміз!!! Бұл ұлт-азаттық көтеріліс!!!
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар, нағыз батырлар. Олар бүкіл әлемге қазақ деген ел бар екенін паш етіп, намыс туын көтеріп шықты. Найзаға үкі таққан елміз,ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз-деп Қазыбек би айтқан ел екенімізді танытты. Қыршын кеткен, азап көрген, қуғынға түскен, осынау қарапайым қахармандарды ұмытпауымыз керек. Оларда шен де, шекпен де болған жоқ,оларда тек қана ар -намыс қана болды.Олар қандай құрметке де,қошеметке де лайық,бір өкініштісі марапаттау жағы аз болып тұр. Мызғымас одақ осы көтерілістен кейін ыдырап, тәуелсіздікке қолымыз жетті, тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарына,құрмет пен даңқ!!!
Желтоқсан батыры Самат Семейханұлы Қоқымбеков
Самат Семейханұлы Қоқымбеков 1962 жылы 27 қарашада Семей облысы, Үржар ауданына қарасты Науалы ауылында дүниеге келген. 1978 жылы 8-сыныпты бітірген соң, Семей қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түседі. 1982 жылы аталған техникумды ойдағыдай тәмамдап, әскер қатарына шақыры-лады. 1985 жылы әскерден келген бетте Алматыдағы ауыл шаруашы-лығы институтына құжаттарын тапсырып, оқуға түседі. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін оқудан шығарылып, қудаланған. Содан 2003 жылы ғана ақталады.
17 желтоқсан күні алаңға адам өте көп жиналды. Бұл күні біз сабаққа бармадық. Түс ауғанша жасақшылар шерушілерге тиіспеді. Түс әлетінде ортаға шыққан қарт ананың айтқан сөзі бәріміздің етімізден өтіп, сүйегімізге жетті. Екіұдай күйде «Океан» дүкенінің алдында тұрғанымызда, әскер бізге қарай лап қойды. Содан Сәтбаев көшесімен Достыққа қарай қаштық. ҚазПИ-де оқитын екі қызды өзіммен сүйрелей қаштым. 17 желтоқсан күні осылайша жасақшылардан тиіп-қашып жүрдік. Өз басым жоғарыдағылардың біздерді күштеп баспақ ойы бар екенін ұқтым. Кешке таман алаңның іргесіндегі №6 жатақханамызға жетіп жығылдық.
Көз байланғанда жатақханаға былғары күртеше киген екі жігіт келді. Олар көкейімізге қонатын көптеген ойларын айтты. Әңгімесінің түйіні «қазақ қашан жеке ел болады» дегенге саяды. Жеке-дара ел болмасақ, көлденеңнен келген көк аттылар қазақты басқара беретіндігін тілге тиек етті. Бұдан кейін біз де қарап жатпадық. Өңшең ер балалар тұратын біздің жатақхана түп-тамырымен көтеріліп, алаңға көшіп барды. Содан түнімен жасақшылармен айқасып, өрт сөндірушілердің машиналарын алаңға кіргізбей қасарыстық. Дубинка, сапер күректерге қашанғы шыдарсың, бір уақытта біз кері серпіліп, жатақханамызды келіп паналадық. Артымыздан өкшелей қуған жасақшылар бір демде №6-шы жатақхананы қоршап алды. Жігіттер тез-тез қимылдап, есікті бекітіп үлгерді. Есіктің аузына баррикада жасап, ұрып-соғатын болса, қарсыласуға дайын тұрдық. Бір уақытта трактор-автомобиль деген сабақтан беретін Жанбаев (аты есімде жоқ) деген оқытушымыз келіп, «мұнда олар кірмейді, мен кіргізбеймін» деп, баррикадамызды алдырып тастамасы бар ма. Бір-екі жігіт вахтершінің кішкентай бөлмесінде отырғанбыз. Солдаттар дүңкілдетіп, есікті сындырардай ұра бастады. Біздің «ашпаңыз» дегенімізге құлақ аспаған Жанбаев: «қорықпаңдар мен тиіскізбеймін» деп есікті ашып жібергені сол еді, ентелей енген бір солдат Жанбаевты басынан аямай ұрып, жалпасынан түсірді. Бұдан кейін қалың әскер жатақхананың ішіне сау етіп кіріп келді. Вахтершінің қасында отырған біздер сасқанымыздан кішкентай үстелдің астына кіріп кеттік. Тётя Маша деген вахтершіміз вахтаға кірмек болған солдаттарды ұрсып кіргізбеді. Сол кезде солдаттардың командирі: «Бірінші бөлім бірінші қабатқа, екінші бөлім екінші қабатқа» деп әр қабатқа әскерлерін жіберіп жатты. Жатақхананың ішін әбден ойрандаған соң, олар шығып кетті. Артынан барып есікті қайтадан тас қылып бекіттік. Әскерилерге есік ашып, таяққа жығылған Жанбаевтың қайда кеткенін білмей қалдық. Шамасы, оны солдаттар өздерімен бірге ауруханаға алып кетсе керек. Содан бәріміз терезеден Үкімет үй жағына қарап тұрдық. Бұл кезде де солдаттар жатақхананы қоршап тұрған. Содан бір топ қыздар келе қалмасы бар ма? Бейқам келе жатқан қыздар солдаттар тиіседі деп ойламады. Солдаттар қыздарды бас салып, жатақхананың жанындағы қалың талдың түбіне сүйреп апарып ойына келгендерін істеді. Қыздардың көмек сұрап шыңғырған дауысы біздің төбе құйқамызды шымырлатты. Біздер қатты қорландық… Қолымыздан келетін қайран жоқ. Кейбір жігіттер жылап та жіберді. Содан бөлмедегі банкілерді жинап, солдаттарға лақтыра бастадық. Олар қолдарындағы қалқандарын қалқалап келіп есікті бұзып, ішке тағы кірді. Жатақхананың іші әп-сәтте қызыл қанға боялып, талай жігіт соққыға жығылды. Арамызда футболды жақсы ойнайтын Пека деген Шымкенттің жігітін үшінші қабаттан лақтырып жіберді. Біз оны майып болған шығар деп ойлағанбыз. Байқұстың көрер жарығы бар екен, ол біраз уақыттан кейін дін аман арамызға қайтып келді. Бірнеше жігіттерді өлімші қылып сабап тастады.
18 желтоқсан күні таңертең жұбымызды жазбай алаңға тағы бардық. Мінбеге таяу жерде жасақшылар қаптап тұрған болатын. Бір уақытта Фурмановтың бойына бес-алты әскери машина келіп тоқтады. Бүркемесінен бір қора солдат түсіп, бір демнің арасында бізді қоршап алды. Олай-былай қашып та үлгермедік. Жан-жағымыздан қаумалаған қорқаулар қолдарындағы сапер күрек, дубинка, темірлерімен қыз-ұл демей сабай бастады. Бір қызды бетінен сапер күректің қырымен ұрғанда күрек әлгі байғұстың басына жартылай кіріп кетті. Сірә, бұдан асқан қаныпезерлік болмас. Сол көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сұлап түскен бойжеткенді солдаттар дереу сүйреп, басқа жаққа алып кетті. Осы қырғында жарылған басымды қорғаймын деп жүріп, қолымның мылжа-мылжасы шықты. Жастарды қабырғаға тақап қойып, аямай ұрып-соқты. Бұдан кейін әскерилер мінберге дейін екі қатарға тұрды. Соның арасымен діттеген жерге дейін жетуіміз керек болды. Еңкейіп келе жатқанымызда, жотадан, қыр жіліктен ұрып, мұрттай ұшырып жатты. Бәрімізді ақ қар, көк мұздың үстіне етпетімізден жатқызып тастады. Орыстың бір прапорщигі боқтап, «сендерге Кеңес өкіметінің ұнамағанын көрсетейін» деп, әбден ұрып-соқты. Оған есіріп алған бірнеше солдат және қосылды. Бауырымызды мұзға төсеп, алаңда екі-үш сағат жатуға тура келді. Кешке таман біздерді автобустарға тией бастады. Басымызды көтерсек болды, сабай жөнеледі. Содан қай ауданның РОВД-ға апарғанын да білмейміз, әйтеуір бір қуықтай камераға әкеліп, сығылыстырып қамады. Камерада тізе бүгіп отыра алмайсың. Жүрегі қысылып, талықсыған жігіттер қасындағы жігіттерге сүйеніп, жерге құламай тұра береді. Бір-бірден тергеп жатты. Әбден таяқ жеген жігіттер камерадан шыққылары жоқ. Түрме қызметкерлері қолдарына іліккен жігітті сүйреп әкетіп жатты. Сол кезде ұлты қазақ милиционер: «Сендер балабақшаларды өртеп, балаларды сабаған қаныпезерсіңдер» – деп боқтап, қатты есірді. Тергеуден кейін бізді басқа камераға апарып қамады. Мен училищеде оқып жүрген жастардың арасына түстім. Олар: «Аға, енді бізді не істейді?» – дейді жыламсырап. «Өлтірмес, шыдаңдар, жігіттер!» – деп басу айтқан болдым. Сөйтсем, оларды автобуста кетіп бара жатқан жерлерінен ұстап алған екен. Қамауда қанша болғаным есімде жоқ. Бір күні бізді босатты. Институтқа келсем, мені комсомол қатарынан шығарып тастапты. Бірге оқитын қыз-жігіттер, «өзіміз тәрбиелейміз» деп еді олардың сөзіне оқу орнының басшылары пысқырып та қарамады. Яковенко деген курсымыздың старостасы: «мұндай адамдар біздің қатарымызда болмауы керек» деп мені әбден қаралады. Оқудан шығарды.
Бұдан кейін тергеушілер күнде тергеді. Содан бір үлкен кісі: «Мен сенің ісіңді жабам, бірақ бірден ауылыңа қайт. Көшеде қолға түсіп қалсаң, бірден түрмеге қамайды» – деді. Содан бірден ауылға тарттым. Ауылға келген соң 20 күннен кейін «әскери военкомат шақырып жатыр» деген соң бардым. Ондағылар «сені біз шақырған жоқпыз, ана кабинетке бар» бір кабинетті нұсқап жіберді. Ішке кірсем, бір жас жігіт отыр екен. Жылпылдап, жағдайымды сұрады да өзінің МҚК-нің адамы екенін айғақтайтын куәлігін көрсетті. Ол Алматыда мен жайында толық ақпар келгендіктен, тіркеуге алғанын қысқаша айтты. «Орыстарға немесе басқа ұлт өкілдеріне қатты сөйлеп, тіл тигізетін болсаң, бірден кетесің» – деп, ол да қадап тұрып ескертті. Бұдан кейін ол ауылға айына бір рет келіп тексеріп жүрді. Қылмысты оқиғалар болса, дереу мені шақырып алып сұрақтың астына алады. Ауылдағы құс фермасы өртенгенде әлгі жігіттің алдына тағы бардым. Ол: «Ауылдағы сенімді адамымыз болып бізге жұмыс істе. Өз адамдарымызды өкпелетпейміз. Мына құс фермасының өртеніп кеткенін білесің, бұл жайында не айта аласың?» – деп, әңгімесін айтты. Онымен жиі-жиі сөйлесіп, етім үйреніп қалғандықтан, бірден: «Мен әскер қатарында болдым. Әскерде ондайларды сөз тасушы (стукач) деп атайды. Мұндай шаруа менің қолымнан келмейді» – деп, өз ойымды жұмсартып жеткіздім. Содан ол да: «Жарайды, сен ренжіме, біз саған ұсыныс ретінде айтып көрейік дегенбіз» – деп жуып-шайған болды. Ол жерде де мені тіркеуге алып, тексеріп тұрды. Кейіннен қоғам өзгергенде, олар менің басқан-тұрған қадамымды аңдуын доғарды.
Өз басым Желтоқсанды ұлықтау мемлекеттік саясаттың үлкен бір бұтағына айналса екен деймін.
Желтоқсан батыры Жансая Сәбитова
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына да 20 жыл болып қалыпты-ау. Бұл аз уақыт емес. Жігіттің жасындай мерзім.
Желтоқсан оқиғасының басы-қасында болған әрбір адам сол кездегі үстемдікке қарсы шығып, өз наразылығы мен талабын білдіру үшін Орталық алаңға кілең қазақтың жігіттері мен қыздарының жиналғанында бас көтеріп, бодандықтың және кіріптарлықтың құрсауын бұзу үшін батыл әрекетке барғанын да жақсы біледі.
Мен де Желтоқсан оқиғасынан кейінгі үстемдіктің зорлық-зомбылығын көрген жандардың бірі болғанымды тарихи ақиқат үшін айтқаным болмаса, былайғы өмірде сол желтоқсанның ашу-ызасы кетпеген күндері билікке қарсы өз үнімді жеткізу үшін ұлтқа теңдік, жазықсыз жастарға араша сұраған әрекетім аналық пейілімнен туды деп ойлаймын. Листовкалар жазып таратқан себебім, ресми органдарға жұртшылықтың бұл оқиғаға қандай көзқараста екенін білдіргім келді. Мұздай қаруланған әскер жан-жақтан Алматыға қарай келіп жатқанын көргенде, қатты шошындым. Мұның аяғы неге апарып соғарын анық білмесем де, аяушылық болмайтынын сездім. Соған қарамастан, ананың жүрегі жас ұрпақ үшін араша сұрауға күш-жігер тапты. Ұлттық рух үшін, алтын құрсақты аналардың ұрпақтары үшін аянатын, жасқанатын кез емес еді. Намыс бойымды биледі. Жастарға дәріс беріп, мұғалім болып қызмет ететін әйелдің мұндай әрекетке баруы мен болмасам, басқа да аналардың қолынан келетін іс еді. Айтқанымнан қайтқаным жоқ. Қандай әрекет жасағанымды жасырғаным да жоқ. Не болса да көппен бірге көрген жөн. Әрине, жүзі сұсты тергеушілер сұрақтың астына алып, нешебір қитұрқы әрекеттермен қорқытып, үркітсе де өз көзқарасымның ақиқат жолы екенін айттым. Үстемдік жасаған КСРО өкіметінің билігі ана деп, әйел деп ешкімді де аяған жоқ. Алаңға жиналған жастарды қыраулы қыстың күндері қара тастың үстінде керзі етік пен темір күректің соққысына алды. Түрменің тар қапасына апарып салды. Сағы сынып, ешкімге керек болмай қалатын мүсәпір адам жасағысы келді. Бірақ олардың бұл әрекетінен түк те шыққан жоқ. Түрме азабын тарттым бір кісідей. Оның денсаулығыма тигізген зардабы болмай қалған жоқ, әрине. Ұрпаққа аманат етіп, өсиет өлеңдер жаздым.
Қазір қарап тұрсам, жастардың бұл көтерілісі азаттықтың ақ таңын аңсаудың құдіретті бұлқынысы екен ғой. Шүкір, ел тәуелсіздігіне, ұлт бостандығына қолымыз жетті. Туған еліміз 15 жыл ішінде дүние жүзіндегі мемлекеттермен терезесі тең қабырғалы елге айналды. Желтоқсандықтардың арманы орындалды. Біз сол егемен елдің келешегіне үлкен сеніммен қарап, бақытты өмір кешудеміз.
Тәуелсіз елдің тарихы — мәңгі өзгермейтін тарих. Сол тарихтың бастауында желтоқсандықтардың тұрғаны ақиқат. Сондықтан да ұлттық намыстың айбыны болған желтоқсандықтардың рухын асқақтатып тұратын еңселі ескерткіштің Алматы қаласында тұрғызылуы қай тұрғыдан болса да мерейіңді өсіреді. Ерліктің өшпейтінін, оның қанша заман өтсе де әрдайым жүректе жатталып тұратынын аңғартады. Біздің бүгінгі және келешектегі ұрпақ осы елдік рухтың құндылықтарын білуі тиіс.