АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ресей Президенті тағынан үміткерлер саны – 67 адам[:]

[:kz]

Ресейде алдағы 18-наурызда кезекті Президент сайлауы өтетіні белгілі. Қазір бұл елде саяси науқан­ға дайындық қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 67 адам Президент болуға үміті барын білдіріп, қажетті құжаттарын өткізді. Олардың қатарында Ресейде тіркелген саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ өзін-өзі ұсынғандар да бар.

Биыл Ресей Компартиясынан прези­денттікке Павел Грудининнің кандидатурасы ұсынылды. Партия басшысы Геннадий Зюганов оның сайлау штабын басқаратын болды. «Яблоко» партиясынан әдеттегідей Григорий Явлинскийдің Президент болғысы келіп тұр. Либерал-демократиялық партиядан Владимир Жириновскийжалаңдап жүр. «Гражданская инициатива» партиясының атынан сайлауға Ксения Собчак (суретте) түспек. Бұдан басқа да 10-нан аса, жалпы саны 21 партиядан сайлауға кандидаттар ұсынылды. (Ресейде ресми тіркеуден өткен 74 партия жұмыс істейді).

Үміткерлер арасында Ресейдің қазіргі Президенті Владимир Путин де бар. Путин бұл жолы «Единая Россия» партиясының атынан сайлауға түспейтін болып шешкен, яғни ол биыл президенттікке өз кандидатурасын өзі ұсынғандар қатарында. (Путиннің 2000 – 2008-жылдар аралығында Ресей Президенті болғаны, бұл лауазымға 2012-жылы екінші мәрте сайланғаны белгілі. Ресейде Президент 6 жылға сайланады).

Жалпы, бұл жолы Президент сайлауына түскісі келетіндер саны тіпті көп болған еді. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы түрлі себептерге қатысты бірнеше адамның өтініш­терін қабылдамай тастады. Мысалы, Дағыстан мүфтиінің әйелі Айна Ғамзатова өз кандидатурасын ұсынған болатын, мезгілінен кешіккендіктен және құжаттары түгел болмағандықтан ол өтпей қалды.

Ал әйгілі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың өтініші оның бұрын сотты болғаны себепті қабылданбады. Бұған байланысты ол сотқа шағымданған еді, сот сайлау комиссиясының шешімін заңды деп танып, оның бұл әрекеті сәтсіз аяқталды.

Енді үміткерлер өздерін қолдайтындардың қолын жинайды. Ресей заңы бойынша парламенттік партиялар үшін (олардың саны – 6) бұл міндетті емес, ал басқа партиядан үміткерлер 100 мың адамның қолын, өзін-өзі ұсынушылар  300 мың адамның қолын жинауы тиіс. Бұл шаруа 2-ақпанда аяқталады.

Жарияланып жатқан рейтингтерге қарағанда Ресейдің келесі Президенті болуға елдің қазіргі басшысы Путиннің мүмкіндігі жоғары сияқты. Сайлаушылардың басым бөлігі оны қолдайтынын осы бастан білдіріп жатыр деседі.

 Zamana.kz 

[:]