[:kz]
Nur Otan партиясы жүргізген тексерістен кейін Қостанай облысының Рудный қаласындағы сәбилер үйінің директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рудныйдағы сәбилер үйіндегі мүгедек жетім балалардың күтіміне қатысты бұзушылықтарды зерттеп, тексеру үшін облыстағы денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылды.
Тексеріс барысында сараптамалық топ атаған бұзушылықтардың толықтай түзетілгені анықталды.
«Нәтижесінде облыстағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Дудникті бақылаудағы әлсіздігі үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жауаптылыққа тартып, Рудныйдағы сәбилер үйінің директоры Гилязутдинованы қызметінен босату туралы шешім қабылданды», — дейді партиядағылар.
Ал арнайы мекемедегі балалар Қостанайдағы сәбилер үйіне ауыстырылды.
«Білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларына жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде тиісті тексеріс жүргізу туралы тапсырылды», — дейді партияның баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетсек, бұған дейін Nur Otan партиясының жанындағы бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесінің сараптама тобының мүшелері Рудный қаласындағы сәбилер үйінде аяқ астынан тексеріс жүргізіп, сұмдық жайттарға куә болған еді.
Артынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Бас прокуратураға хат жолдап, барлық интернат түріндегі балалар мекемесінде кешенді тексеруді ұйымдастыруды сұрады.
[:]