[:kz]
Сәкен Майғазиев балалық шаққа саяхат жасады. Әнші бала күнінде тәртіпті бала болғанын айтады. Балалық армандарын, қызықты оқиғаларын еске алды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы “Түнгі хабар” бағдарламасында айтылды.
Сәкен Майғазиев балалық шаққа саяхат жасады. Әнші Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының Шу өңірінде өмірге келген. Осы елдімекенде балалық шағы өтті.
“Мен бұзық бала болдым деп айта алмаймын. Мен көп балалы отбасынан шықтым. Ауыл баласы болдық. Қой бақтық, көлге түстік. Ауыл баласының балалығын бастан өткердік. Мен аса бір бұзық бала болған жоқпын. Тіпті балағат сөздің өзін Алматыға келіп естідім. “Шымкентке барсаң, шешеңді күнде еске салып тұрады” дейді ғой. Бұл өте бұрыс пікір. Ол әр әулетке байланысты деп ойлаймын. Біздің әулетте ондай сөздер айтылмайды”, – деді Майғазиев.
Әнші бала күнінде үнемі қалың көрерменді түсінде көретін еді. Бұл Алланың тылсым дүниесі деп сенеді. Бүгінде сол түсі өңіне айналған.
“Мен бала күнімнен өнерге жақын болдым. Кітаптарды қойып, барабан етіп ойнаймынтын. Кітаптың қадірін білмедік. Қалыңдығына қарай әр кітаптан әртүрлі дыбыс шығады. Қауашақтарды жинап әкелетінмін. Содан музыка шығаратынмын. Әпкелерім қоқыс жинама деп ұрсатын. Солай өстік. Түсімде үнемі қалың көрерменді көретінмін. Сахнаны көретінмін. Қазір сахнада тұрғанда сол түсім, балалық шағым есіме түседі. Бұның бәрі Алланың жазғаны. Аллаға сансыз шүкірлік етемін. Бала арманыма жеттім десем де болады”, – деді әнші.
[:]