[:kz]
Оқуға да мүмкіндік бермей, қол қойғызып алды. Сөйтсем, ол құжатта оқу-жаттығу жиындарынан шеттетіп, айлық бермейтіні жазылған екен. Осылайша, ақшасыз қалдым.
Қазақ қыздары арасында алғаш болып, Олимпиада ойындарында жүлде алған Жазира Жаппарқұл соңғы кездері көрінбей кетті, деп жазады Express Qazaqstan.
Ауыр атлетикадан 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс медалінің иегері эксклюзивті сұхбатында біраз мәселенің бетін ашты. Express Qazaqstan тілшісіне өзінің ешкімге керек болмай қалғанын, Альберт Линдердің қазасы, ұлттық құрамадағы былық, допинг дауына қатысты ойларын айтты.
— Жазира, соңғы кездері көрінбей кеттіңіз. Осының себебін айтсаңыз?
— 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс жүлде еншіледім. Қаншама қошеметке бөлендім. Бірақ үлкен жетістіктің артында қаншама еңбек, денсаулық кететіні бар. Менде «грыжа» ауыратын еді. Токиоға дейін соны емдеткім келді. Бірақ осы тұста жалақыдан айырылып қалдым. Яғни алғашында үш жерден жалақы алып тұрдым. Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы және Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы — тілші) спорт басқармасының жалақысы болған. Әрине, ешкім милилион төлеген жоқ. Бірақ Риодан кейін бір жылдан астам төлеп тұрды. Кейін қысқарта бастады. Ең соңында мүлдем жалақысыз қалдым.
— Неліктен?
— 2019 жылы менің туған жерім Арыс қаласында жарылыс болғанын білесіздер. Осыдан кейін қираған үйлер мен нысандардың орнына жаңа кешендер тұрғызылды. Сол кезде №2 олимпиадалық спорт мектебі жанынан ауыр атлетика спорт кешені ашылды. Мені құрметті қонақ ретінде шақырған. Федерациядан да адамдар келген. Ұлттық құрама бапкері Юрий Мельников да қатысты. Осы салтанатты іс-шараның қарсаңында федерацияның басшыларының біреуі хабарласып, саған бір құжат жіберемін, соған қол қойып берші деп айтты. Қандай келісім деп едім, оқу-жаттығу жиындарында жүргенінді растайтын құжат деп түсіндірді. Жақсы деп келістім. Жіберген адамы асығып тұрмын деп, оқуға да мүмкіндік бермей, қол қойғызып алды. Сөйтсем, ол құжатта оқу-жаттығу жиындарынан шеттетіп, айлық бермейтіні жазылған екен.
Осылайша, ақшасыз қалдым. Одан соң, елордаға барып, Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатовпен кездестім.
Аға, осыған дейін жалақымды кесіп келдіңіздер, үндемедім. Қаржы жоқ дегендеріңізге бір ауыз сөз айтпадық. 20 жылдан бері спорттан жүрмін. Мыналарыңыз дұрыс емес қой, — дедім.
Бірақ ол сөзімнен қайран болмады. Басқа жерде жұмыс істемейтінімді, тек осы ақшаға қарап отырғанымды да түсіндірдім. Шамалы белімді емдеп, жарақатымнан айығуға уақыт сұрадым. Алайда дым өзгермеді. Спорт және дене шынықтыру істері комитетіні төрағасы Серік Сәпиевке, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған Полат Қырықбаев және федерацияға да хабарластым. Қақпаған есігім, баспаған тауым қалмады. Ешкім мәселені шешкен жоқ. Сосын депрессияға түсіп кеттім.
Ол кісілерге ең болмаса, жұмыс тауып беріңіздер деп айттым. Спортты біз секілді әлемдік бәсекелерді бағындырған спортшылар дамытпаса, кім дамытады деп айттым. Спортты спортшы түсінеді. Қазір бізде көп жерде спорттан хабары жоқ адамдар отыр. Директор болмасақ та, бапкер қылып алса да болады ғой. Қолымыздан келгенді аянбайтық едік. Талай чемпиондарды тәрбиелеуге күш қуатымыз жетеді ғой. Алайда, бізде бәрі керсінше. Салфетка сияқты пайдаланып, сосын лақтыра салады. Мықты спортшылардың барлығы фитнес-клубтарда жүр. Осыдан кейін елімізден қайдан чемпион шығады?
Тілші: Кейін мүлдем спорттан алыстап кеттіңіз?
— Осылайша, Шымкенттен басқа жақтан айлық алмай қалдым. Соңғы жылдары Қазақстан біріншілігіне қатыспауым себебі бар. Үйдегілермен ақылдастым. Анам «жалақы төлеп жатқан жоқ, белің ауырады. Барлығы лақтырып кетті. Осымен спортты қойып, жаттықтырушылықпен айналыс. Әйтпесе, басқа жұмысқа тұрғанын дұрыс» деп айтты. Содан кейін жұмыс іздедім. 2,5 жылдың ішінде бірде-бір жер жұмысқа алмады.
Қазақ қыздары арасында Олимпиада ойындарында күміс медаль алған тұңғыш қазақ қызымын. Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысымын. Осындай атақ-дәрежем, тәжірибем бола тұра мені ешкім спортқа жолатпады. Менің өзімді осылай керексіз етті, басқаларды айтпай-ақ қойса да болатын шығар.
— Қазір денсаулығыңыз қалай?
— Аллаға шүкір, белім біраз жақсарды. Өзім үшін жаттығу жасап жүрмін. Ауыр салмақтар көтеруге шамам жете ме, ол жағын білмеймін.
Тілші: Осымен спортты қойдыңыз ба?
— Спортпен қоштастым. Өздері лақтырып кетті. Әйтпесе, Токио Олимпиадасына барамын деп ойлаған едім.
— Қазіргі құраманың бапкері Бақыт Ахметовпен жеке сөйлестіңіз бе?
— Онымен хабарластым. Жалақы туралы сұрадым. Амалым қалмады, енді сотқа беремін. Дәлелім бар. Мені алдап, қол қойғызып алдыңдар дедім. Сосын кейін өзі байланысқа шықты. «Өзіңіз де кезінде спортшы болдыңыз. Бұл жағдайды түсінесіз ғой. Көкейімді тесіп жатқан ақша емес. Бірақ өз еңбегіме сай, жалақы алуға тиесілімін» дедім. Үндемеді. Одан кейін, жарайды, өткен-кеткенді ұмытайын. Ең болмаса, қасыңызға көмекші ретінде алыңызшы деп едім. Бетіме қарап, күлді.
— Илья Ильиннің чемпион кезінде қошеметке бөленесің, одан кейін ешімге керек емессің, лақтыра салады деген рас болғаны ғой…
— Әрине, бастан өткен жағдайды айтады. Дәл солай болып тұр.
— Альберт Линдерге байланысты өткізілген баспасөз мәжілісінде ауыр атлет қыздар Токиоға Зульфия Чиншанлоның баратынын білдік. Сондықтан ешқайсымыз тырысқан жоқпыз деді. Бұл қаншалықты рас
— Раушан Мешітханова деген сіңіліміз бар. Одан да басқа қаншама жастар өсіп келеді. Қай-қайсына да болсын мүмкіндік берсек, сенімді ақтауға дайын. Бірақ оларды ысырып тастап, легионер спортшыны апарғанды дұрыс көреді.
— Альберт Линдердің өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болды деп ойлайсыз?
— 2016 жылы Рио Олимпиадасына барлығымыз дайындалдық. Арамызда Альберт те болды. Сол кезде лицензиялық жарыстың қарсаңында өзімізді тексеріп алу үшін допинг-бақылаудан өтетінбіз. Бұл Алматыдағы өзіміз үшін жасалатын тексеріс. Альберт үш рет тапсырып, үшеуінде де таза болды. Ал төртіншісінде тыйым салынған препарат бар деп айтады. Өте күмәнді жағдай. Сөйтіп, оның орнына Олимпиадаға Фархат Харки мен Арли Чонтей барды. Мұның бәрі оның депрессияға түсуіне әсер етсе керек. Енді, міне, осындай қайғылы жағдайға дейін жетті.
— Баспасөз мәжілісінде атлеттер допинг-тексерістен бірінші кезекте өзіміздің бапкерлер әдейі өткізбей тастады деп айыптады…
— Мұндай жағдайлар талай рет болды. Мен де сондайға тап болғанмын. 2015 жылы Хьюстонда әлем чемпионаты (Жазира Жаппарқұл 69 келіде күміс жүлде жеңіп алды — тілші) өткенін білесіздер. Біріншіліктің алдында Алматыда допинг-бақылаудан өттік. Үш рет таза болдым. Төртіншісінде бірдеңе тауып алды. Ұлттық допингке қарсы орталықтың басшысы Майра Бақашевамен сөйлестім. «Өзіңіз қазақтың қызы бола тұрса, осындай лас тірлікке неге барасыз» дедім. Соңына дейін осы істі жеткіземін, өзімді дәлелдейтінімді жеткіземін. Сонда ғана тағы бір тапсырып көр деп айтты. Қайта тапсырып ем, таза болып шықтым. Мен өзім спортшылармен ортақ стакан немесе бір баклашкадан су ішпеймін. Үстелдің үстіне тамақты қойып кетіп, қайтып келіп оны жемеймін. Барлығын мұқият қараймын. Көре алмайтындар, қызғанатындар болады. Сондықтан абайлап, әр қадамымды андып басамын. Ешқашан допинг пайдаланып көрген жоқпын. Сол үшін қонақ үйде бөлек бөлмеде жалғыз тұрамын. Спортшылармен бірге жатпағанмын. Оның бәрі сақтық шаралары ғой.
— 2014 жылғы әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев барлығының артында ұлттық құраманың бұрынғы бапкері Алексей Ни тұрғанын айтып, әлеуметтік желіде пікір қалдырыпты. Бақыт Ахметов, Сергей Седовтер Нидің айтқанын орындаушы ғана деген. Бұған не дейсіз?
— Барлығына Алексей Ни жалғыз кінәлі деп айта алмаймын. Бірлескен топ жұмыс істейді. Олар ақылдасып, өз пайдаларына шешілетін жағын ойлайды. Оның басы-қасында Нидің жүргені де жасырын емес. Бір бапкер немесе спортшы ұнамай қалса, бірігіп лақтырып тастайды. Әркімнің өз «интересі» бар.
Спортқа кез келген адам келе бермейді. Чемпион болу үшін адам өмірін, денсаулығын сарп етеді. Альберт Линдер тіпті өмірін құрбан етті. Мен барлық қиындықтан өттім. Енді спортқа жолауға жүрегім дауаламайды. Тек жаттықтырушы немесе менеджерлік жұмыс болмаса.
— Инчхондағы жазғы Азия ойындарында сізді басқа салмаққа қойып, төртінші орын алып қалғаңызды өз көзіммен көрдім. Сол туралы айтып өтсеңіз?
— Азия ойындарының алдында салмағым 68 келі болатын. 69 келіге қатысқанда чемпион атанар едім. Бірақ мені әдейі 75 келіге қойды. Сөйтіп, жүлдесіз қалдым. «Бұл салмақта шықпасаң, қайта бер» деп айтты. Амалсыз, 75 келіде бақ сынауға тура келді.
— Алдағы жоспарыңыз қандай?
— Жалақымды қайтара ма, жоқ па ол жағын білмеймін. Мен бірақ соңына дейін барамын. Өйткені болашақта осындай басқа спортшыларда қайталанбауы үшін соңына дейін күресемін.
Күніне екі рет жаттығу жасаймыз. Денсаулығымызға да оңай емес. Беретін 300-400 мыңның өзін осылай істеп отыр ғой. Соған қанағат еттік. Бірде-бір айлығымыз аз деп шағымданған жоқпыз. Еңбегіміз бар шығар. Нәтиже көрсеттік.
Әйтеуір 2-3 күнде Шымкенттегі жастар мектебіне жаттықтырушы боламын деп отырмын. Көңілге медет болып тұрғаны осы ғана.
— Сұхбатыңызға рахмет!
[:]