АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сәуле Әбілдаханқызы: Әкімге «Ханның қызысыз ба» дегеннен не көргенсіздік көріп қойдыңыздар?[:]

[:kz]

Бұл ретте қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызының да айтары бар. Ол әкімге ашынған әйелді көргенсіз деп жатқандарға шүйлікті. 

 

«Әкімге сұрақ қою, құқығыңды қорғау сіздер үшін көргенсіздік шығар. Ал біз үшін өтірік көргенді, мәдениетті болып көлгірсу, халықты басынған әкім-қаралардың сөзін сөйлеу көргенсіздік. 30 жыл көргенді, мәдениетті, сауатты, білімділер, не бітірдіңіздер?

«Ханның қызысыз ба? Неге жолды жаптырасыз?» дегеннен не көргенсіздік көріп қойдыңыздар? Көздеріңіз өткір екен. Ал Қызылорданың 40° ыстығында, сағаттап күтетін автобусың барар жеріңе жеткізбей, «әкім келген, жол жабық» деп жарты жолдан тастап кетсе, үйіңде бес балаңды қамап кетсең, кенжесі емшектегі 3 айлық шақалақ болса, көрер едік мәдениетті, көргенді болғандарыңызды. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» деген қазақ, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақ енді ашынған ананы көргенсіз деп қалыпты. Аман болыңдар, көргенділер.

Бір нәрсе анық, 30 жыл бойы іріп-шіріген, сасып борсыған мына елді «көргенді, мәдениеттілер» емес, өз құқығын қорғауға ұмтылатын «көргенсіздер» өзгертеді. Сол кезде де біз сияқты сауатсыз, қараңғы, «көргенсіздер» емес, сіздер сияқты «көргенді, білімді, сауатты, мәдениеттілер» тағы да биліктің бір-бір жайлы орнына жайғасатыны анық. «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» екенін, мүмкін, сол кезде түсінетін шығарсыздар», — деп жазды ол парақшасында.

Айта кетейік, Қызылорда тұрғыны  Сандуғаш Тұрлыбекова әкім Гүлшара Әбдіхалықоваға «ханның қызысыз ба? Жолды неге жапқызасыз?» деп дүрсе қоя берді. Бұл видео желіде тез тарады. 

Осыдан кейін әкімдіктің баспасөз қызметі Гүлшара Әбдіхалықованың пікірін жариялады.

«Мен де, аудан әкімі де мұндай тапсырма берген жоқпыз», — деді әкім.

[:]