АЛТЫНОРДА
Қоғам

[:kz]Сәуле Әбілдаханқызы Аяның өліміне қатысты: Бар шындықты жайып салсам, марқұмның әруағына да, туыстарына да оңай соқпайды[:]

[:kz]

Белгілі журналист, тележүргізуші Сәуле Әбілдаханқызы Аягүл Мантайдың өліміне қатысты өзін айыптағандарға арнап жазба жариялады. Журналист жазушының өліміне қатысты болған сотқа куә ретінде шақырылып, жауап бергенін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сәуле Әбілжаханқызының айтуынша, ол 2 тамыз күні Жетісай ІІБ шақыртуымен Аягүл Мантайдың қазасына байланысты тергеушінің сұрақтарына жауап берген. 

 

“Фейсбукты өсек пен төбелес, бір-бірінің қанын ішу алаңына айналдырған сол баяғы бір топ бар. Олардың фб-ны маған қарсы соғыс алаңына айналдырғанына 3 жыл болды. Жан-жағымнан атылған сол жүз оққа бір оқпен жауап беруші едім.

Бұл ситуацияда марқұмның, тым болмаса, жетісі өтсін, тергеу аяқталсын деп, тісімді тісіме қойып әрең шыдап жүрмін… Мен оны жақсы көрдім, туған сіңлімдей қарадым… Көзімнен жас шықпай қалды… Төрт күннен бері ұйқы да жоқ… Бұл істе әділдіктің орнауына ең әуелі өзім мүдделімін. Алайда, әттең, шарасызбын.

Біріншіден, әруақты күңіренткім келмейді. Екіншіден, тергеу құпияларын сақтауға міндеттімін. Бар шындықты жайып салсам, марқұмның әруағына да, туыстарына да оңай соқпайды… әсіресе анасына… Сондықтан жүрек туралы айтқыш жүрексіздер, басымды кесіп алсаңдар да мен ол әңгімені айтпаймын. Өйткені әруақ сыйлаған адаммын”, – деп жазды. 

Тележүргізуші бұл істе кінәсіз адамдарды араластырмауды, сыртынан айыптамауды, анық емес нәрсені көпшілікке жария етпеуді сұрайды.


“Бір анығы – фб-та маған, Мәдиге, Абзалға шабуыл жасап отырғандар, Аягүлдің тірісінде не сөзімен, не ісімен қамқорлық көрсетпегендер. Бұны әуелі өздерің жақсы біліп отырсыңдар. Құдайдан үміттерің болса, бізден ақы алу үшін Аягүлдің әруағын қорламас едіңдер. Бар мақсаттарың – осы жағдайды пайдаланып мені, бізді тағы бір қауып қалу…

Сыртымыздан тон пішкен бәлеқорлар сөз қуып, өтірік пен өсек құрастыру арқылы мені, мен арқылы басқа адамдарды шалғысы кеп отыр.

Әзірге соларға айтарым:

1. Әруақ сыйлаудан қалғандар жеке-жеке жауап беруге тұрмайды.

2. Құдайдан, әруақтан қорықпағандар менен, тем более, қорықпайтынын білемін.

3. Бәрібір бір Құдайдың алдында жауап береміз”, – деді ол. 

Сәуле Әбілдаханқызы өзін қолдаушылар мен тілекшілеріне алғысын айтты. 

“Шын алаңдап отырған тілекшілеріме айтарым:

Кісі өлімі болған жерде факт бойынша іс қозғалады. Істі қозғаудың мақсаты – өлімде қылмыскер бар ма, жоқ па, бар болса – кім екенін анықтайды, қылмыскер жоқ болса, оны анықтайды. Бұл істе де дәл солай. Факт бойынша іс қозғалды.

Бұл іс бойынша мені тергеуші куә ретінде шақырды. Болған мән-жайды сұрап, жауап алды. Тергеу құпияларын сақтауға міндеттеме алдым. Сондықтан тергеуге кедергі келтірген әр адам (іске қатысы бар адам да, жоқ адам да, яғни кез келгеніңіз) жауапқа тартылатынын естеріңізде сақтаңыздар. Жалақорларға еріп, өсек жазудан, бәле, жала пост жазудан, комментарий жазудан сақтаныңыздар.

Фб-дағы жазғыштардың қайдағы скрин туралы айтып жүргендерін мен білмеймін. Арамызда ешқандай скрин болған емес. Ешкім ешкімге скрин тасыған емес. Өсек пен өтіріктеріне өздері сеніп қалғаны сондай, жоқ нәрсені, болмаған нәрсені өршітіп, отқа май құйып отыр. Олардың сөздерінің бәрі өтірік. Бір сөзіне сенбеулеріңізді, арандап қалмауларыңызды сұраймын”, – деді журналист. 

Айтуынша, бұл істі қоғам ғана емес, ІІМ бақылауда ұстап отыр. Сондықтан барлық факті уақыты келгенге анықталады.

“Тергеу аяқталғанша сабыр сақтаңыздар. Бұл істі Жетісай ІІБ ғана емес, бүкіл ІІМ, бүкіл орган, бүкіл қоғам бақылап отыр. Қылмыскерді табуға қабілетті небір чекистер жүрген шығар деп ойлаймын. Мынадай дамыған технология заманында ол чекистер қорқаулардың өсегіне де, болжамына да, балгерлердің балына да зәру емес. Олардың қолында барлық факті, Аягүлдің телефоны, ноутбугы бар деп ойлаймын. Аягүл соңғы кездері кіммен сөйлесті, не айтылды, кіммен қандай қарым-қатынаста болды – солардың бәрін тергеуге шақырады деп ойлаймын.

Мен тергеуге куә ретінде қатыстым. Өзімнің ақ екенімді, өзім және менің ең жақын адамдарым, Аягүлдің ең жақын адамдары біледі. Енді оның онсыз да қалт-құлт етіп отырған 70-тен асқан кәрі анасын күйретейін демесеңдер, тынышталыңдар”, – деп жазды Әбілдаханқызы.

Еске салсақ, жас жазушы Аягүл Мантай белгісіз жағдайда көз жұмды. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

[:]