[:kz]Саясаттанушы Қазақстандағы Назарбаевтың атымен аталатын зияткерлік мектептерге Қаныш Сәтбаевтың есімін беруді ұсынды[:]

[:kz]

Қазақстандық белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын орындардың барлығының атын ауыстыру қажет екенін айтады. Ол бұл пікірін Әбішұлының аурасы халық үшін ауыр екендігімен түсіндіреді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде ол «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.

Нұрсұлтанның атынан таза арылу қажеттігін жеткізген саясаттанушы мектептердегі, көшелердегі сондай-ақ әуежайдағы тұңғыш президенттің есімдерін алып тастауды ұсынды.

«Әсіресе НИШ (Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп – Ред.) секілді зияткерлік мектептер, олардың да атын өзгерту керек. Себебі, Нұрсұлтанның аурасы халық үшін тым ауыр. Ол заманды ұмытуымыз керек. Себебі оның аты аталып тұрса, әсіресе әуежайға келген кезде елдің барлығы баяғы Нұрсұлтан заманы әлі де жалғасып жатыр екен ғой деп ойлайды», – деді ол.

Құттықадам Назарбаев атындағы зияткерлік мектептерге керісінше Қаныш Сәтбаевтың атын беруді ұсынды.

«Назарбаев бүкіл біздің білімге қарсы жұмыс жасады ғой. Академияны жауып тастап, тас-талқанын шығарды. Қалай біз оған сондай мектептердің атын береміз?! Менің ойымша, оның орнына біздің осы академияны құрған, әлемдік деңгейдегі ғалым Сәтбаевтың атымен атауымыз керек. Соның құрған академиясын Нұрсұлтан тас-талқан етті», — деп қосты ол тұңғыш президентті айыптап.

Сондай-ақ саясаттанушы Назарбаевтың есімін барлық жерден алып тастасақ елімізде басқа аура орнайтынын да жеткізді.

[:]