[:kz]
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Қырғызстан шекарашылары «шекарадан заңсыз өтпек болды» деп атқан оқтан жараланып қайтыс болған адамның Қазақстан азаматы екенін хабарлады.
Шекара қызметінің баспасөз хатшысы Қанатбек Сұлтановтың 23 қаңтарда Азаттыққа хабарлауынша, қайтыс болған адам — Жамбыл облысының тұрғыны, 1974 жылы туған. Ол тергеу мүддесіне байланысты қайтыс болған адамның аты-жөнін айтудан бас тартты. Ресми мәлімет бойынша, қайтыс болған азамат бұрын «заңсыз қасақана мемлекеттік шекараны бұзды» деген айыппен сотталған.
Шекара қызметі Қырғызстан шекарашыларының Талас облысымен шектес «Жас Өркен» заставасына жақын аумақта «бірнеше жылқыны Қырғызстаннан Қазақстанға заңсыз айдап әкетпек болған белгісіз үш адамға қару қолданғанын» хабарлаған. Қырғызстан жағының ақпараты бойынша, қырғыз шекарашылары «Жас Өркен» заставасына жақын аумақта «шекара бұзбақ болған» белгісіз үш адамды ұстауға барған. Белгісіз адамдар шекарашылар өздерін ұстамақ болғанда «пышақ шығарып, қарсылық көрсеткен».
Бұдан соң қырғыз шекарашылары ескерту ретінде әуеге оқ атқан. Бірақ үш адам шекара жасағының ескертуін елемей, қарсылық көрсете берген соң шекарашылар оларға оқ атып, біреуін жаралаған. Екі адам Қазақстан аумағына қарай өтіп кеткен.
Қанатбек Сұлтановтың сөзінше, қазір Қазақстан шекарашылары «ел аумағына бірнеше жылқыны айдап өтіп, бой тасалап жүрген» екі адамды іздеп жатыр.
Abai.kz
[:]