[:kz]
Иә, соңғы жылдары өзге елде білім аламын, нәпақа табамын деп тағдыры қайғылы аяқталатын қаракөз қарындастарымыз көбейді. Соның бірі — Елдана Қаһарман. Түркияда білім алып жүрген отандасымыз екі жыл бұрын Әселдей жұмбақ күйде көз жұмды. Бауырлас елдің мамандары оны да өз-өзіне қол жұмсады дегенімен, жақында оны өлтірді деген ақпарат шықты. Мұны түрік журналисі хабарлады.
Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Әлеуметтік желідегі оқырмандарымен жақынындай араласып, оларға риясыз алғысын айтып отырған — Елдана Қаһарман. 2019 жылы 21 жастағы отандасымыз Түркияда білім алып жүріп, кенеттен көз жұмды. Ашық, интернетте аса белсенді қыздың өлімін бауырлас ел дәрігерлері «суицид» деп таныды. Бірақ бұған көпшілік сенбеп еді. Міне, жақында түркиялық журналист қазақ қызының өмірінің соңғы сәтіне қатысты тың ақпаратты мәлімдеді.
«Елдана Қаһарманның өліміндегі сот-медициналық құжатында қате ақпараттар жазылған. Әсіресе, дүние салмас бұрын ішімдік ішкен делінген. Алайда бұл мәлімет расталмады. Денесінен іздер де табылған», — деді журналист Барансель Ағжа.
Журналист бұл іске Түркия Жоғарғы Ұлттық мәжілісінің депутаты қатысты болуы мүмкін дегенді айтқан. Ресейдің Мәскеуінде де қазақ қызы мерт болды. Беделді университетті тәмамдауға таяу қалған Томирис Байсафа 2018 жылы 4-қабаттан құлаған еді. Қайғылы жайтқа қатысы бар деген күдікпен дағыстандық ірі саясаткердің ұлы ұсталды. Дәл бүгін осы іс бойынша Мәскеуде сот отырысы да өтіп жатыр.
Сандира Серікханова да Қытайға білім алу үшін аттанған. Алайда ол да биіктен құлап, көз жұмды. Небәрі 6 айда қытайша үйреніп, грант иеленген отандасымыз ресми ақпаратта «суицид» жасаған делінген. Бірақ туыстары бұл істе өзге қазақстандықтардың қатысы бар деп сенбеді.
Өкінішке қарай, бізде қазір жастарға жұмыс орны жоқ. Не онда, не мында жоқ. Біз сияқтылар жұмыс орнын алып жүрміз. Амалсыздан көпшілігі шетелде жұмыс іздеуге мәжбүр. Біреу тоңып, біреу тойып секіреді демекші, олардың арасында бірден мол табысқа бөлене қалайын, бірден шылқып кетейін деген оймен кетіп жатқандар да бар»
Өкінішке қарай, шекара асып, білімнен бөлек, жайлы өмір іздеймін дегенде, қыршыннан қиылған қыздарымыз да жеткілікті. Бірі жол-апатынан, өзгесінің денсаулығы шетелде сыр беріп, көз жұмып жатады. Психолог кімді болмасын, шекара асқанда, дайындап жіберу керек дейді.
«Кез келген адам шетелге шыққанда, жауапкершілікті өз мойнына артып шығады. Ол хабарға шығып тұрса, мен сені қолдаймын, күтемін, не болса да, маған жасырмай айт, қиыншылық болса, ашылып, айтуға болады», — деді маман.
26 жастағы қазақстандық Әсел бір апта бұрын Тибилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Сәуір айының соңында туысы оны Грузияға жұмысқа шақырған. Кейін туысы күтпеген жерден Қазақстанға оралған. Бір күннен кейін қыз өлі күйінде табылды.
Біз тек бұл материалда өзге мемлекетке бір мақсатпен кетіп, елге тек табытта оралғандардың бір сыпырасын ғана атадық. Тағдыры қайғылы аяқталған ер кісілер де жетерлік. Өкінішке қарай, олардың нақты неден шетелде көз жұмғанын табудың өзі жылдар бойы қиынға соғып жатады.
[:]