[:kz]
ҰҚК-ның арнайы операциясының нәтижесінде Сириядан қайтып оралған қазақстандық Альбина Мансұрова ол жақтағы сұмдықты айтып берді. Бастан кешкен ауыр күндері туралы айтқан әйел өзгелер мұндай шалыс қадамға бармаса екен дейді
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Альбина Мансұрова таяуда ғана паранджа киіп жүрген. Алайда Қазақстанға оралғаннан кейін түбегейлі өзгеруді жөн көріпті.
Әйелдің сөзінше, ол Сирияда 6 жыл тұрған. Ол жаққа күйеуімен бірге кеткен әйел соғыс аумағынан қайтып шығу оңайға соқпағанын айтады. Тірі қалу үшін, балаларыммен бірге шөп жеуге мәжбүр болдық, дейді ол.
«Ол жақта әділетсіздік, қатігездік, озбырлық, жаппай өлтіру мен аштық болды. Онда ешқандай дін жоқ, тек саясат екенін түсіндім. Өзімді, балаларымды құтқарып, Қазақстанға қайтып оралудың жолын іздестіре бастадым. Алайда бұл оңай болмады», — дейді Альбина Мансұрова.
Әйел балаларымен бірге Қазақстанға қайтарылған. Ендігі ол бір кездегі өзі сияқты Сирияға аттанғысы келетіндерді құтқаруға тырысып жүр.
Еліміздің ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, 2 жыл ішінде қамаудағы 300 адамның көзқарасын дәстүрлі дінге өзгерту мүмкін болған. Олармен теологтар және психологтар жұмыс істепті.
Үш рет сәтті жүргізілген «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижесінде Сириядан 600 қазақстандық шығарылған еді. Олардың ішінде 30 ер адам, 137 әйел және 406 бала бар.
[:]