[:kz]
Әлеуметтік желіде кейпі шошқаға ұқсайтын қойлар туралы бейнежазба тарады. Бұл видео басым бөлігін ислам дінін ұстанушылар құрайтын Қазақстан халқын уайымдатып қойды, деп жазды turkystan.kz.
Ролик авторы Қытай елі Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға арнап қой мен шошқаны шағылыстырғаны, бұл етті жеу адам ағзасына зиянды екені жайлы ақпарат келтірген. Ғаламтор қолданушылары шошқа мен қойдың будандастырылып, елімізде сатылатынына алаңдаушылық білдіруде. Тіпті, базарда дайын ет алған кезде қалай айырамыз деген қалың ойға батты.
Алайда, кейбір азаматтар бейнежазба авторының жұртты әдейі шатастырып отырғанын дәлелдеді. Олар бірінші роликте терісінде жүні бар «венгр мангалица» деген шошқа екенін, ал екінші роликте Нидерланды мен Белгияда көп тараған қойдың «тексель» және «белтекс» атты етті тұқымы деген пікір білдіруде.
Осылайша, Қытайдың қой мен шошқаны шағылыстырғаны жайлы ақпарат жоққа шығарылды.
[:]