[:kz]
Бүгінде Арыс қаласының солтүстігінде түсініксіздеу бір қазба жұмыстары жүріп жатыр. Қала маңындағы «Лесхоз
деп аталатын шағын ауылдың жанында кезінде жарты әлемді жаулап алған атақты Шыңғыс ханның қабірі жатқан көрінеді. Ал оны қазумен айналысып жүргендер – ерлі зайыпты Сман Өтеген мен оның жары Гүлжанар Алтынбек деген адамдар.
Бұл кісілер алғашқыда Темірланда тұрған, бір жылдан соң жұмыс бабына байланысты Алматыға қоныс аударыпты. Гүлжанардың айтуынша, бірде төртінші бабасы Манас түсінде аян беріп: «Сені жақында бір кісімен таныстырамын. Ертең құрбандыққа мал шалып, үйден иіс шығаруың керек», – депті. Екі күннен соң бабасы Гүлжанардың танысатын адамы жай адам емес, атақты Шыңғыс ханның өзі екенін жеткізген. Таңқаларлығы, ұзамай қаһарлы ханның өзі де көріне бастапты. 2014-жылы қараша айында Шыңғыс хан Гүлжанардың түсіне кіріп: «Менің бар деген жеріме барасың», — дейді. Содан ерлі-зайыпты екеуі Оңтүстікке қарай жол тартқан. Арыс қаласына келген кезде енді оңтүстікке қарай бұрылу керектігі айтылған. Осы жолы Шыңғыс хан оған «Абыз ана» деген ат беріпті.
Сол жолы болашақта қазылатын жерге белгі қойып қайтқан ерлі-зайыптылар келесі жылы сәуірде қазба жүргізуді бастаған. Осы маңда ханның бір қолбасшысының және атақты Майқы бидің де бейіттері жатқан көрінеді.
Кейде жұмыс кейбір себептерге байланысты саябырсып, тіпті тоқтап та қалады. Өткен жылдың қазан айында қайта басталған қазу жұмыстары әзірге тоқтап тұр. Қазір ханның қабіріне небәрі 30 сантиметрдей ғана жер қалыпты. Ары қарай қазуға рұқсат жоқ. Себебі Шыңғыс ханның өзі Елбасыдан рұқсат күтіп отырған көрінеді. Егер Нұрсұлтан Назарбаев осы жаңалықты естіп, қабірді ашуға рұқсат берсе, онда елімізде біз күтпеген оң өзгерістер орын алады екен. Ел ішінде парақорлық, жемқорлық және зинақорлық секілді жаман әдеттер тиылады дейді. Сманның өзіне тіпті Шыңғыс хан: «Мен осы жерде жатырмын, жер бетіне шығарыңдар. Мен монғол емеспін, қият деген руданмын. Әке-шешем – қазақ, әйелім Қоңырат руынан», – деп аян беріпті-міс.
Елді мекеннен екі-үш шақырым қашықта жатқан бұл жердің сыртқы жағы жарым-жартылай қоршалыпты. Оны біз арнайы барып көрдік. Бүгінде 12 метр тереңдікте қазылған туннельдің ұзындығы шамамен 30 метрге жуық. Ішке түскенде оңға бұрылуға тура келеді. Одан да төмен түскенде бұлақ көрінеді. Сманның айтуынша, бұлақ суы қанша алынса да ортаймайды екен, ем-домдық қасиетке ие деседі. Оны ішкен талай адам дертіненен айығыпты.
Бұлақтан солға қарай еңкейіп жүруге тура келеді. Бұл жерге түскен адам қап-қараңғы тас түнекте фонарь жарығының көмегімен ханның қабірі жатыр деген жерге барып тіреледі. Бір қызығы, қазылған сайын бұл жерде әртүрлі белгілер пайда бола береді екен. Мысалы, «Х16» деген жазудың мәнін ешкім түсіне алар емес. Сол секілді, анықтап қараған адамға «1» және «2» деген сандар көрінеді. Оң жақтағы «2017» деген сан да қашалып жазылған секілді әсер қалдырады.
Біз осы жерде Сманнан: «1941-ші жылы Ақсақ Темірдің қабірі ашылған күннің ертеңіне Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаны белгілі. Ал мына жерден шынында Шыңғыс ханның мәйіті шықса соғыс өрті тұтануы мүмкін бе?» – деп сұрағанымызда ол: «Жоқ. Өйткені кешегі кеңестік заманда жоғарыдан рұқсат сұралмаған. Ал бұл жерде мүлде ондай емес. Баяғының ханы бүгінгінің патшасы саналатын Елбасының өзінен рұқсат күтіп отыр», – деп жауап берді. Оның айтуына қарағанда, мемлекет басшысы ертелі-кеш тап осы жерге келеді екен. Алдағы кезде бұл маңға үлкенді-кішілі қонақүйлер, мұражай, асхана мен алыстан көз тартатын түрлі сән-салтанаты келіскен күмбезді кесене бой көтермек. Күмбезді арабтар салады екен. Қысқасы, бұл аймақ адам танымастай өзгермек.
Ерлі-зайыптылар осылай дейді.
…Жалпы, бұл айтылғандарға сену-сенбеу – әркімнің өз ісі. Дегенмен «Орта Азия қақпасы» атанған шаһардың солтүстігінде қазу жұмыстарының жүріп жатқаны рас. Ал түстерінде аян беріп, Шыңғыс ханның жол көрсетуімен қабір қазуға кіріскен ерлі-зайыптылардың жағдайы жақсы деуге ауыз бармайды. Өйткені олар соңғы бір-екі жылдан бері үйден үйге көшіп жүр. Бүгінде екеуі «Абыз анаға» ем-дом іздеп келгендердің тастаған тиын-тебенімен ғана күн көріп отыр.
Егер ел ішінен оларға көмектескісі келетін жандар шығып жатса, Сманның телефон нөмірі – 8-705-351-06-72, Гүлжанардың нөмірі – 8-771-811-41-55 екенін ескертеміз.
Б. ҚҰРАЛБАЙ.
[:]