[:kz]
Кешегі дүйсенбіде редакциямызға шымкенттік Әділхан Әтемов қария келді. Ұмытпасаңыздар, біз кезінде газетімізде ол кісінің мақаласын жариялағанбыз. («Замана», №24: «Шыңғыс ханның қабірін іздеушілерді қолдайтындар көбейіп келеді»).
Осы аталған мақалада Әділхан қария бұдан бір жыл бұрын Алматыдан келгенГүлжанар Алтынбекова және Сман Өтегенов деген ерлі-зайыпты адамдардың Шыңғыс ханның қабірін таптық деп жариялағанын естіп қатты қуанғанын айтқан еді. Осы жөнінде айта келіп, бұған қатысты өзінің ойларымен бөліскен болатын.
«Егер мұндай жай өзге елдерде орын алса, мысалы, Қытайда, Өзбекстанда, араб елдерінде болса, олар біз сияқты қарап отыра бермей, тез арада бір әрекет жасап, қабірін ашып, дәлелдеп, өздерінің Шыңғыс хандай батыр бабалары барын әлемге жария етер еді.
Мені бүгінде осы мәселе жиі мазалайтын болып жүр. Ерлі-зайыптылардың жар салып жатқан мәселесіне жоғарыдағылар неге селт етпейді? Бұл жайында Президентіміз білсе, оған шындап назар аударса екен деймін. Болмаса Үкімет басшысына немесе оның орынбасарына тапсырма берсе болар еді. Өз басым басшылардың бұған мән бере қарағанын қалаймын», – деп еді сонда қария.
Яғни ол кісі жоғарыда аталған ерлі-зайыптылардың Шыңғыс ханның қабірін расында да тапқанына сенімді. Сондықтан да оларға шама-шарқынша қолдау көрсетіп жүр екен. (Ерлі-зайыпты Г.Алтынбекова мен С.Өтегеновтің «қабір қазуға» қатысты әңгімесін біз газетіміздің оның алдындағы нөмірлерінің бірінде жариялағанбыз. Яғни Г.Алтынбекова: «Маған бұл жөнінде бабаларым, Шыңғыс ханның өзі де аян берген. Ханның қабірін аян арқылы таптық, ашуға жақын қалдық, енді тек жоғарыдан рұқсат берілсе болды», – деп айтып жүр. Олар аталған қабірді Арыс қаласына жақын «Лесхоз» деп аталып кеткен маңайдан таптық деп ол аумақтан терең етіп жер қазған еді).
Осы орайда Ә.Әтемовтің өзі жөнінде де қысқаша мәлімет бере кетелік. Өзінің айтуынша, бұл кісінің жасы қазір 75-те, ол кезінде Ташкент политехника институтын бітірген, Өзбекстандағы бірқатар шаруашылықтарда жауапты қызметтер атқарған екен.
Әділхан қария: «Шыңғыс ханның немесе оның ұрпағы Кенесары ханның қабірін тауып, күтімге алу керек, әйтпесе халықтың рухы көтерілмейді. Ал ондай игілікті істі атқара алсақ, халықтың жағдайы жақсарады, қоғамдағы қаптаған келеңсіз жайлар жойылады», – деген пікірде.
Бұл жолы да ол кісі осы сөздерін қайталады. Айтуынша, өзі осыдан бір күн бұрын Арыс жаққа, ерлі-зайыптылар Шыңғыс ханның қабірін таптық деп қазып жатқан жерге барып қайтыпты.
«Оларға жәрдем беру керек. Өздері пәтер жалдап тұрады. Адам емдеп және әркімнің ұсақ-түйек жұмысына жалданып күн көріп жүр. Мен Гүлжанат шақырғасын барғанмын. Ол: «Тағы да аян түс көріп жүрмін. Бабалар істі тездетуді бұйырды. Қазған жерлеріңе тіреу қойыңдар деді», – дейді. Өздері жүдеп қалыпты, оларға көмек керек. Байқауымша, олар ешқандай да «ауытқыған» немесе арам мақсат көздеп жүрген жандар емес. Жоғарыдағылардың олар қазып жатқан жерді тексерте салса несі кететініне түсінбеймін. Солай етсе, қандай болғанда да шындықтың беті ашылар еді.
Бұл өзі тегін нәрсе емес қой. Мысалы, Келес жақтағы Абай ауылында тұратын бір балаға да осындай аяндар беріліп жүр екен. Ол тіпті аян бойынша Шыңғыс ханның тағының суретін де салған. Міне, мен соны да арнайы әкеліп отырмын», – дейді Ә.Әтемов.
Осылай деген қария бізге ол суретті де жариялау үшін қалдырды (суретте).
Ол кісілер осыдан біраз бұрын оншақты адам болып, Гүлжанар пен Сманға жәрдем беру үшін «Шыңғыс хан» қорын құрған екен.
«Оны ақша жинау үшін емес, ерлі-зайыптыларға ақпараттық қолдау білдіру мақсатында құрдық, – дейді ол кісі. – Өткен жазда оларды ертіп Қарағанды облысы жаққа барып, Жошы, Алаша хан мазарларына зиярат еткен едік. Себебі Гүлжанарға Шыңғыс хан тарапынан: «Балам Жошының басына барып зиярат етіп келіңдер», – деген аян берілген екен. Гүлжанар ол жақтан мазасызданып қайтты. «Жоғарыдағылар тезірек рұқсат берсе, қабірді ашар едік, айтқандарымызды дәлелдер едік», – дей береді.
Енді біз оларға көмектесу үшін жұртшылыққа жар салып жатырмыз. Біраз адам, ақсақалдар жиналса, Арыс жаққа барып, оларға жәрдемдеспекпіз. Алдымен Арыс пен Отырар ауданы әкімдерінің алдына кіреміз, жер қай ауданға жататын болса, сол аумақ әкімінің рұқсатын алып, істі бастамақ ойдамыз. Ары кетсе екі-үш аптаның ішінде Гүлжанар мен Сманға қабірді ашуға мүмкіндік тудыруымыз керек. Жұрт жиналса, қабірді ашамыз. Өйткені Гүлжанарға: «Қабірді өздерің ашпаңдар. Басшылар рұқсат беріп, адам жіберсе, содан кейін барып кіресіңдер», – деп аян беріліпті».
…Міне, біз редакциямызға арнайы келген қариядан осындай өзгеше әңгіме естідік. Оқырман өтінішін орындап, ол кісінің айтқандарын газетімізде қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Жалпы, егер қарияның айтқаны рас болса, біраз уақыттан бері жұрттың алуан түрлі пікіріне арқау болып жүрген бұл тақырыпқа нүкте қойылып, бұл тылсымның да нақты сыры ашылатын сияқты.
Ол оқиға одан әрі қалай жалғасатынын ешкім де айта алмайды…
Т. ТҰРАН.
Әділхан қарияның байланыс телефоны: 8-778-618-04-00.
zamana.kz
[:]