[:kz]
«Славян базары-2019» xалықаралық фестивалінде мемлекет намысын қорғаған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Эстрада өнері» факультетінің 4-курс студенті Әділхан Макин Гран-приге ие болды. Бұл туралы академия ректоры Асхат Маемиров Витебскіден ресми түрде хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Еліміздің көк байрағын желбіретіп, мерейімізді тасытқан өнер жеңісі құтты болсын! Осыдан дәл төрт жыл бұрын «Славян базары-2015» xалықаралық фестивалінде Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-приді жеңіп алып, ал 2017 жылы Ернар Садырбай І-ші жүлдеге ие болған еді. Витебскіде Димаш Құдайберген бағындырған биік биыл Әділxан Макиннің жеңісімен жаңғырды. Екі күн бойы ерекше таланты мен вокалдық мүмкіндіктері үйлесіп, кәсіби орындаушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділxан Макин қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллиондаған фестиваль жанкүйерлерінің таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді»,- деді ректор.
[:]