[:kz]
Дін өкілі Абдуллахан Сманов танымал журналист Сәуле Әбілдаханқызының «Смановтар мешіті мені ішке кіргізбей қойды» деген сөзіне жауап берді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Еске сала кетейік, Сәуле Әбілдаханқызы бұған дейін Сарыағаштағы мешітке өзін кіргізбей қойғанын жазып еді. «Мешітке кіруге менің киімім… және бұрымым жарамайды екен. Елімізде азаматтың құқығын таптаудың тағы бір көрінісі. Надандықтың шыңы деген де осы… Бұл мешіттің қызметкерлері (охранасы, тағы біреуі, ұстазы) неғып сонша маған агрессивті түрде жиырылды десем… Смановтардың мешіті екен ғой» — деп желідегі парақшасында жазған болатын. Осыған қатысты Абдуллахан Сманов жауап берді.
«Кеше әлеуметтік желіге, Сәуле Әбілдаханқызы деген тіркелуші Сарыағаштағы Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығының мешітіне арнайы киімсіз бас сұға алмағанын айтып, өкпе-ренішін жазыпты. Жазбасында: «Мен оларға жын шығармын, олар маған жын шығар» деген сөзі бар. Ол кісінің біз жайлы не ойлайтындығын білмеймін бірақ, біз үшін әрбір қазақ баласы жалғызымыз. Cондықтан да өкпе-ренішіне бей — жай қарамай, (мен ол жерде діни қызметкер болмасам да) Сманов деген ата текті көтеріп жүрген адам ретінде, жауап беруді жөн санадым.
Бірінші: Алла Тағала адамзатты еркек және әйел етіп жаратқан соң, ол екеуінің әурет жерлерін белгілеп берді. Ол жайлы, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері қарсы шығу тұрмақ, кіндігінен төмен ұстамаған, қастерлеп ең мәртебелі жерге қойып ардақтаған Құран Кәрімнің Нұр сүресінің 31 аятында: «Мүмін әйелдерге айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын.
Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендерінен басқа (беті, алақаны білезікке дейін және аяғы тобыққа дейін). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін»,-деген. Міне, Құдайдың осы сөзінен ұғынарымыз, әйел адамның жүзі, алақаны, білезікке дейін және аяғы тобығына дейінгі жерлерінен басқа жері әурет болып саналады.
Біз қазақпыз, қазақ халқы тарих сахнасына қазақ деген ұлт ретінде шыққалы бері мұсылман халық. Сондықтан да, жаулыққа баса мән бергені соншалық, [екінші байлық ақ жаулық] — деген. Енді сол қасиетті Құранда бұйырылған, апа-әжелеріміздің өмір бойы үздіксіз ұстанып келген әурет жабу мәселесін, ең кемі Алланың үйі мешіттерде ұстануымызға не кедергі?!
Екінші: Әрбір мекеменің өзіндік ішкі-ереже тәртібі болады. Мысалы: Егер сіз жұмысқа баратын болсаңыз, сізге костюм-шалбармен галстук тағып кел десе, менің еркіндігіме қол сұғылып жатыр деп, шорти майка киіп бара алмайсыз ғой. Сол сияқты, ҚМДБ — да өзі бір тәуелсіз мекеме болғандықтан, өзіне қарасты мекемелерде, Алланың сөзіне амал еткен хәлде, бір киім үйлгісін бекітсе, оның несі ағаттық?! Алланың сөзіне Қазақстандық мұсылмандардың басын қосып отырған берекелі мекеме ҚМДБ амал етпесе, кім амал етпек? Үшінші: Апам бір сөзінде «бизнес – мешіт» — деп қалыпты.
Бұл көпес-көрнеу жала жабу емес пе?! Өйткені, ол кісіден мешітке кіруге ақы сұралмаған, бар болғаны мешіттің ішкі тәртібіне амал ету сұралған.
Ішкі тәртіпке амал етуге шақыруда не бизнес көріп тұр? Төртінші: Бұл кісі, тек біздің мешітте ғана емес, Республикалық орталық мешіт, Әзірет Сұлтан мешітінде де, Нұр-Астана мешітінде де, тіпті, Туркия, Малайзия, Мысыр, Самарқан, Бухара және өзіміздің Түркістан сынды әлемнің барлық мешіттерінде де, осындай арнайы тәртіптің бар екенін білсе де, неге дәл «Смановтар» — деп, біздің әулеттен ілік іздеп отыр?! Әлде, бізге деген өзіндік өшпендігі бар ма?!
Немесе, ол кісіге қазақ халқын бірлікке шақырып, мұсылманды ұлтына, руына және әлеуметтік жағдайына қарамай дәстүрлі дінмен сусындататын медресе салған Абдажаппар атамның іс-әрекетін құптамай ма? Жоқ әлде, әкем және Абдуғаппар көкем марқұмдардың дін жолына қызмет етуді бастап, өмірлерінің соңына дейін ата-бабамыз сан ғасырлардан бері ұстанып келген асыл дінді, оның ішінде Абу Ханифа мазхабы және Матруди ақидасын дәріптеп, жат ағымдарға тегеурінді тойтарыс бергені ұнамай ма?
Немесе, кіші буын Смановтардан медресеміздің директоры Дінмұхаммед ұстаз және біздердің — Абай мен Шәкәрім ұстанған жолын насихаттап, ел халқын диструктивті ағымдардан сақтандырып жүргеніміз жақпай ма? Бізге деген жеке мәселесі болса, нақты айта кетсе жөн болар еді.
Бесінші: Бұл дін — жаратушы иеміз Алланың діні. Оның ережелерін Алла Тағаладан өзге ешкім бекітіп-белгілей алмайды. Ата-бабаларымыз осы дінді қалай толық ұстанған болса, бізге де солай ұстану міндеттемесі бар. Әйтпесе, әркім өзінше көңіліне қарап дінге жаңалық енгізе берсе, Алланың адамзатқа өз сөзі болған Құранды жіберіп не керек?!
Алтыншы: Өкінішке орай, (хайп қуғаннан ба, әлде, басқа ниеті бар ма) әлеуметтік желілерде, кей атақты адамдар Алланың дініне тіл тигізіп, Құран аяттарындағы үкімдерді осындай посттар жазу арқылы орындатпауға барын салып жатқанының куәсі болудамыз. Оларға айтарым, Алланың діні ешкімнің көңілі, нәпсі қалауына қарай өзгермейді. Сондықтан да, ел-жұртты олай дүрліктіріп, ата-бабасының дініне қарсы қоятын іс-әрекеттерге бармаса игі еді» — деп жазды Абдуллахан Сманов.
[:]