[:kz]
Солтүстік Қазақстан облысында мұғалімдер жетіспейді, 90 маманның орны бос тұр
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желінің көмегімен тікелей эфирге шығып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Сұрақтардың бірі — білім саласындағы кадр жетіспеушілігі болды.
Облыс әкімінің айтуынша, өңір мектептерінде мұғалімдердің жұмыс істеуіне және балалардың білім алуына жақсы жағдай жасалған.
«Мәселені шешуде көптеген іс-шаралар қолға алынды. Кадр тарту үшін мектептерде ұстаздарға қолайлы жағдайлар жасалды. Ең бастысы олардың еңбекақысы 50 %-ға дейін өсіп, алдағы екі жыл бойы тағы көтеріледі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да берері көп. Мұғалімдер оның аясында жеңілдетілген несиемен баспана ала алады. Жас мамандардың көбі бұл мүмкіндікті пайдаланды», — деді Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысының айтуынша, СҚО-да 52 мектеп 4 млрд теңгеге күрелі жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген. 2019-2020 жылдары облыс мектептеріне 5 млрд теңгеден жұмсалды. Бұл ақшаға мектептер күрделі жөнделіп, есік-терезелері, шатыры мен жылыту жүйесі ауыстырылды.
Жалпы, бүгінде СҚО-да мектептердің 60 %-ының жағдайы жақсы.
[:]