[:kz]
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Манат Әбдірахымқызының отбасымен бірге қысқы соғымды күтіп жүргеніне тура бір ай толды. 15 қараша күні Шымкенттегі туыстары такси қызметі арқылы отбасына жылқының етін салып жібереді. Алайда, айтуларынша, жол-пұлы толық төленгеніне қарамастан, такси жүргізушісі етті алып, мүлде хабарсыз кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. Шымкенттен Нұр-Сұлтанға жеткенше байланыс үзбеген такси жүргізушісі елордаға келген соң, соғым етін иелеріне апарып беруді кейінге шегере береді. «15 қараша күні Шымкентте тұратын қайын ағам бізге 100 мың теңге тұратын жылқы етін қысқы соғымға беріп жіберді.
Етті Тассай алабынан жүргізуші алып кеткен.
Жүргізуші — 1990 жылы дүниеге келген азамат. Ол таксиге басқа адам алмайтынын айтып, етті жеткізіп беретін ақшасын толық алады. Біз онымен жиі байланысқа шығып отырдық. 15 қараша күні Шымкенттен шыққан соң, елордаға 16 қараша күні кешкісін жететінін айтты. Сол кезде хабарласқанымызда, 17 қараша күні келетінін айтып, уақыт созды.
Жол алыс болған соң, оған да көндік. Келесі күні хабарласқанымызда, ол сөзінен тайқи бастады. «Сіздерге 2-3 сағатта жеткізіп береді» деп, үшінші жақтан сөйледі. Біз кім жеткізіп беретін неше қайтара сұрасақ та, етті кімнің әкелетінін айтпады. Ақыр аяғында, телефонын өшіріп, қоңырауымызға мүлде жауап бермей қойды. Сол кезде алаяққа алданғанымызды түсіндік», — дейді Манат. Манат жолдасымен бірге Шымкенттегі Қаратау аудандық полиция басқармасына хабарласады. «Өзіміз Нұр-Сұлтанда тұратындықтан, Шымкентке барып арыз жазуға мүмкіндік болмады. Бірақ 28 қараша күні аталған оқиға бойынша күдіктіні табуды сұрап, арыз жаздық. Такси жүргізушісі туралы барлық деректерді ұсындық.
Аты-жөні, көлік номері, екі-үш ұялы телефон номері, бәрін тауып бердік. Полицияға тек қана күдіктіні ұстау қалған. Бірақ әлі хабар жоқ. Көліктің мемлекеттік номері арқылы заңды иесін таптық. Ол кісі машинаны такси жүргізушісіне сатқан екен. Алайда, көліктің ақысын бөліп төлейтінін айтқан жүргізуші қарызынан әлі толық құтылмапты. Енді орта жолда біздің қыстық соғымымызды қолды қылып отыр», — дейді ол.
Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі Шымкент қалалық полиция департаментіне хабарласып, аталған іс бойынша іздестіру шаралары қалай жүріп жатқанын сұрады. «Аталған жайтқа қатысты қазіргі таңда, Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық Полиция басқармасы күдікті азаматты ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Сондай-ақ, ұсталған жағдайда қосымша хабарланатын болады. Күдіктіні ұстау үшін бар күш жұмсалуда», — деп жауап берді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
[:]