[:kz]
Кәдімгі қара су арқылы да адам түрлі ауруларынан айыға алатын көрінеді. Оны «Су терапиясы» деп те атайды екен.
Жамбыл облысының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айнұр Жұмабайқызы біраздан бері су тақырыбын зерттеп жүр. Денсаулығы сыр берген соң ол дәрісіз емделудің жолдарын қарастыра бастаған. Сөйтіп жүріп су терапиясы туралы білген. Айнұр ханым мұны «сумен ашығу», «сумен емделу» деп атайды. Сумен ашығудан өзі жақсы нәтиже көрген соң бұл туралы басқаларға да айта бастаған.
«Су арқылы ағзаны тазалауға болатынын алғаш білген кезімде қуанғаным рас, – дейді ол. – Өйткені өте оңай процесс. Бұл – зерттелген ғылым. 1973 жылы Юрий Николаевтың орыс тілінде алғаш рет «Денсаулық үшін ашығу» атты кітабы шығып, ол Жапония, Болгария, басқа да мемлекеттерге танымал болды. Николаевтың өзі бұл әдісті «пышақсыз емделудің жолы» деп көрсетті.
Сондай-ақ венециялық Людфиг Корнаро жас кезінде өте семіз болып, көп ауырған. Ұдайы ашығудың арқасында ауруын жеңіп, 100 жасқа дейін өмір сүрген. Ньютон, Руссо, Лев Толстойлар да кезінде осы тәсілді көп пайдаланған. Салауатты өмір салтын насихаттап келген Поль Брегг есімді кісі «Чудо-голодание» деген кітап жазған. Ол кісінің өзі аптасына бір рет 24-36 сағаттық, ал жылына 7-10 күндік түске дейінгі ашығуды ұстанған. Сөйтіп сол арқылы семіздікті жеңген, өз қатарластарынан едәуір жас көрінген.
Сумен ашығу иммундық қуатты көбейтеді, ағзаны тынықтырады, жүйкені тыныштандырады. Су ішу арқылы жасушаларымызда өзгерістер жүре бастайды, бойдағы тұрып қалған энергиялар сыртқа шығады. Менің зерттеуімше, бұл тәсіл адам сумен ашығудың барлық тәртібін сақтаған жағдайда 95 пайыз ауруға ем бола алады. Ғалымдардың айтуы бойынша ашығу кезінде ағза ішкі резервтерді қолдана бастайды. Алдымен майлар ыдырау процесін бастаса, одан кейін бұлшық еттерде метаболикалық процестер жүреді. Бұл процесс организмге өте қажет.
Адамдар кем дегенде жылына 21-28 күн түске дейін және аптасына бір рет 24-36 сағат, яғни 1-1,5 тәулік сумен ашығуы керек. Тәуліктік ашығу кезінде бір күн бұрын ағзаны дайындайды. Кешкілік жеңіл-желпі тамақтанады да, ертесіне күні бойы тамақ жемей, тек су ғана ішеді. Әрине, әркімнің ағзасы әртүрлі. Біреулерге 3 ай, енді біреулерге 6 ай, тіпті 1 жылға дейін жалғастыруына болады. Кей адамдар «21 күн ұстадым, нәтиже жоқ» деуі мүмкін. Сондықтан нәтижеге жеткенше жалғастырған жөн. Поль Брегг мұны тіпті өмірлік әдетіне айналдырып, жап-жас адам секілді өмір сүрген.
Таңертең міндетті түрде ас ішу керек деп жатады. Мен ұйқыдан тұрған бойда ас ішудің қажеті жоқ деп айтар едім. Ағза оянбай жатып тамақтанамыз да, оның жаңаруына жол бермейміз. Таңғы уақытта бір кесе су ішсеңіз (бал араластырып та ішуге болады) сол түске дейін жеткілікті. Таңертең ас ішпей, түске дейін тек су ішіп жүрсеңіз, көп жеңілдеп қаласыз. Себебі ағза таңертең түннен қалған қалдықтарды, тамақтарды қорытады. Ас түскі мезгілде жақсы қорытылады. Сондықтан түсте қанша тамақ жесеңіз де болады».
…Осылайша түске дейінгі сумен ашығу адам денсаулығының 50 пайызын жақсартуға септігін тигізетін көрінеді.
Оның айтуынша, сумен ашығудың өзіндік қағидалары бар. Бұл кезде етті, ақуызы көп тағамдарды аз жеу керек екен.
«Етті жеме демеймін, оны жеу керек. Ағзаға В12 дәрумені бәрібір керек қой. Бірақ біз мөлшерден тыс жейміз. Тіпті ашығу мерзімі аяқталған соң да майлы, күшті тағамдарға бас қоймауымыз керек. Неше күн ашықсаңыз, одан шығу да сонша күнге созылуы қажет. Яғни үш күн ашықсаңыз, үш күнге дейін тек жеңіл тағамдарды жеген дұрыс. Ашыққан адам бастапқы екі күнде қиналады. Одан кейін өзін жеңіл сезіне бастайды.
Су ішкеннің жөні осы екен деп сылқылдата беруге болмайды. Адам ісініп кетеді. Бұрын суды аз тұтынған адамға да бұл ауырлау тиеді. Оны ішудің өз тәртібі бар. Суды аз-аздан, жұтымдап ішеді. Тіпті түтікшемен сыздықтатып жүрсе де өте жақсы. Суды отырып ішеді. Жүре ішкен су зәр болып қайта шығып кетеді. Суды адамның салмағына қарай тұтынады. Әр салмаққа 30 миллиграмнан есептеледі. Мәселен, салмағы 50 келі болатын адам бір күнде 1,5 литр су ішуі керек. Бірақ мұны бірден осылай бастап кетуге болмайды. Бірінші күні жарты литрден бастап, күн сайын бір стакан судан қосу арқылы тиісті мөлшерге жетеді. Содан кейін мұздай су ішуге мүлде болмайды, ол өте зиян, бөлме температурасындағы суды ішу керек», – дейді ол.
Айнұр Жұмабайқызы «күніне бес рет тамақтану, таңертең міндетті түрде ас ішу керек» деген қалыптасып қалған қағидаларға қарама-қайшы келетіндіктен бұл туралы көп айтылмайтынын да жеткізді.
«Мен дәрігер емеспін, мен тек өзімнің ізденіп тапқан біліміммен бөлісушімін. Адамдар судың құдіреті туралы білсе деймін. Өзіме ғана емес, өзгелерге де көмектессем деген ниеттен туындаған ой. Егер ұдайы сумен ашығып, ағзадағы артық қалдықтарды түсірсе, дұрыс тамақтанса, ауруларды жеңе алады. Ағзада көп өзгерістер болады.
Өз басым сумен ашығудың арқасында салмақ тастадым, іш қатудан құтылдым, ағзамды тазарттым, көп жеңілдендім. Мұны мен өмір бойы ұстансам деймін. Осы тәсілдің арқасында ауруларынан айығып, салмақ тастаған адамдарды да білемін», – дейді ол.
…Айнұр Жұмабайқызы осылайша өз тәжірибесімен бөлісті. Дегенмен ашығуға болмайтын ауру түрлері де бар екен. Сондықтан бұл терапия түріне барлығын елеп-екшеп барып жүгінген жөн болар.
М. ИБРАЕВА.
[:]