АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]“Сыра – еркектік гармонды төмендетіп, бедеулікке алып келеді”. [:]

[:kz]

Уролог маманы Нұрлан Елжанұлының айтуынша, елімізде бедеулікке шалдыққан ер адамдар саны күн санап артуда. Аталған аурудың көбеюіне не себеп? Уролог маманының көмегіне әйел адамдары да жүгіне ме? Толығырақ маман пікіріне құлақ асыңыз

Уролог маманына қанша жастан бастап қаралу қажет?

Урология – несеп шығару жүйесінің қабыну, патологиялық, туа біткен және жүре пайда болған ауруларын емдейтін медицина саласы.

Сәбидің алғашқы дәрігері – педиатр. Егерде, жаңа туылған нәрестенің жыныс мүшесінде қандай да бір ақау немесе қабыну байқалса, педиатр міндетті түрде уролог маманына жібереді. Уролог дәрігері ауруды анықтап, арықарай ем жүргізеді. Ал ересек адамдарға профилактика үшін жылына бір рет қаралған дұрыс.

Ерлер арасында кеңінен таралған аурулар:

1. Қуық асты безінің қабыну аурулары (простатит)

Қуық асты безінің қабыну аурулары – қуыққа суық тию, іш қату және жыныс жолымен берілетін инфекциялардың асқынуынан пайда болатын ауру.

Адам бойындағы әр ағза өзіне тиесілі міндетін атқарып тұруы қажет. Егерде ер адам тұрақты жыныстық қатынасқа түспесе, қуық асты безінің іркілуі болады. Соның әсерінен қуық асты безінің қан айналым процесі бұзылады. Бұл процесс қабынуға алып келеді. Қан бар жерде, өмір де бар деген түсінік осыдан қалыптасқан.

Ауру белгілері:

  • Дәретке шыққанда ашып ауырсыну;
  • Қасағасының және бұт аралықтың ауырсынуы;
  • Тік ішектің ауырсынуы;
  • Аталық бездің ауырсынуы;
  • Кіндік асты, шат аймағының ауырсынуы;
  • Дене температурасының көтерілуі;
  • Әлсіздік, селқостық, мазасыздық;
  • Жүрек айнып, құсу.

Қуық асты безінің және қуықтың ультра дыбыс зерттеуін жасау керек. Қуық асты безінің сөлі, уретроның жағындыларын және жыныс инфекцияларына тексеру, қан және несеп анализдарын тапсыру керек. Осы зерттеудің нәтижелеріне қарап, дәрігерден қажетті емін алады.

2. Қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы

Бұл ауру жасы 50-60-тан асқан ер адамдарда кездеседі. Оның себебі, еркектік тестостерон гармонының бұзылысынан пайда болады.

Қарапайым тілмен айтсақ, әйел адамдарда климакс болса, ер адамдарда қуық асты безінің гиперплазиясы ауруы пайда болады.

Ауру белгілері:

  • Жиі дәретке шығу (түнде шамадан тыс 4-10 рет аралығында);
  • Дәретке шыққаннан кейін де, қуықта несеп қалғанын сезу;
  • Зәрді ұстай алмай қалу;
  • Әлсіздік, селқостық, мазасыздық;
  • Несеппен қан аралас шығуы;
  • Зәр ағуының әлсіреуі.

Ең алдымен, қуық асты безінің және қуықтың ультра дыбыс зерттеуін жасау керек. Қуық асты безінің клеткалары болады, сол клеткаларды тексеру простас спецификалық антиген (ПСА) анализын тапсыруы қажет. Қатерсіз гиперплазияның, қатерлі гиперплазияға айналуы мүмкін жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайда онкологиялық сырқатқа да тексерілу керек. Қажет болған жағдайда қуыққа рентгенография жасалады.

Егерде науқаста аурудың алғашқы сатысы болса, консервативті ем жүргізіп, бақылау керек. Консервативті емнің көмегі болмаған жағдайда, науқасты ауруханаға жатқызып, отамен қуық асты безін кесіп алып тастайды. Ота жасаудың лазерлі және трансулетральды деп аталатын екі түрі бар. Лазер көмегімен немесе кіндік астынан кесіп, без алып тасталынады. Бұл ауруға шалдыққандар әр алты ай сайын дәрігерге көрініп тұруы қажет.

3. Бедеулік (бесплодие)

Бедеулікке шалдығудың бір себебі – жөргектер (подгузники). Соңғы кезде Қазақстанда бедеулікке шалдыққан ер азаматтар өте көп.

Сәби туылғаннан бастап, ата-анасы 24 сағат бойына балаға жөргек кигізіп қояды. Ол ылғалданады, зәрге толады. Үнемі салқын, дымқыл жерде тұрған бала қуығы салқындайды. Бұл жағдай аталық бездің қабынуына әкеп соғады. Аталық без – еркектердегі ұрық шығаратын гармонның бөлінуіне жауап береді. Бала есейген сайын, гармондардың бөлінуі төмендейді. Аталық без дамымайды, өспейді. Бедеуліктің тағы бір себебі – жыныс жолымен берілетін инфекциялар. Олар ұрықты өлтіріп, ұрық қозғалысын баяулатады. Сонымен қоса, ұрықтың көлемін де азайтады. Мұндай жағдайда ер азаматтар аналық безді ұрықтандыра алмайды.

Гармональды бұзылыстар, тестостерон гармонының дұрыс бөлінбеуі, “D” витаминінің жеткіліксіз болуынын да беделдікке ұшыраудың себептері болып табылады.

Егерде әйел адам бір жыл ішінде бала көтермесе, ер адамға бедеулік деген диагноз қойылады.

фото ©Айгүл Хожантаева

Гармональды бұзылыс болса, көп жағдайда ЭКО ИКСИ жасалынады. Ер адамның аталық безінен ұрығын алып, әйел адамның аналық безіне салу арқылы көтеруіне мүмкіндік бар.

Ауруға шалдығудың себептері:

  • Жыныстық қатынас кезінде қорғанбаса;
  • Суық тиіп, іш қатса;
  • Тістегі кариесті емдемесе (кариес ағзаға түсіп, қан арқылы қуыққа жетеді);
  • Тұмау, бронхит, жұқпалы аурулармен, көп ауырса;
  • Темекі шексе (темекі ұрықты өлтіріп, белсенділігін төмендетеді);
  • Алкогольді ішімдіктер ішсе;

Сыра – еркектік гармонды төмендетіп, бедеулікке алып келеді. Содан әйелдік гармон жоғарылайды. Еркекте әйел гармоны көтерілсе, сүт безі өседі, белінің майы шыға бастайды.

4. Уретрит

Уретрит – екінші жыныс мүшесінің зәр шығару каналының қабыну ауруы. Қандай да бір суықталған, жыныс жолымен берілетін инфекциясының асқынуы. Жыныстық қатынас кезінде қорғанбаған жағдайда инфекция түседі. Содан қабыну процесі туады.

Белгілері:

  • Уретро каналының ашынып ауырсынуы;
  • Уретро каналының зәр шығару жүйесінің бөлінділер бөлуі;
  • Іріннің бөлінуі;
  • Дене температурасы көтеріледі;
  • Жалпы әлсіздік;
  • Зәр мен қанның аралас шығуы;
  • Селқостық.

Осы белгілер ер адам бойынан байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажет. Ең алдымен, жыныс жолының жағындыларын (мазок) тапсырады. Кейін жыныс жолымен берілетін инфекцияларды анықтайтын медициналық сараптамалар тапсыру қажет. Науқастың диагнозы анықталғаннан кейін уролог дәрігері қажетті ем жасайды.

Уролог дәрігеріне ер адамдар ғана емес, әйел адамдар да қаралады.

Әйел адамдар қандай жағдайда урологқа қаралады?

Әйел адамдарда ең көп кездесетін ауру түрлері:

  1. Қуықтың шырышты қабатының қабыну ауруы (цистит);
  2. Бүйректегі астауша тостағанша жүйесінің қабыну ауруы (пиелонефрит);
  3. Несеп тас ауруы;
  4. Бүйректегі киста ауруы;

Әйелдердің анатомиясы еркектердікінен өзгеше болғандықтан, бүйректе тастың немесе кистаның пайда болуы жиі кездеседі. Себебі, әйелдердің зәр шығару жүйесі, қынап және анальды аймақтың бір-біріне жақын орналасқан. Сол себепті, қынаптағы және анальды аймақтағы инфекциялар уретроға түседі. Цистит ауруы осыдан пайда болады. Цистит кез келген жағдайда пайда болуы мүмкін.

Цистит ауруының белгілері:

  • Дәретке шыққанда ашып ауырсыну;
  • Жиі дәретке шығу;
  • Несеппен қан аралас шығуы;
  • Қасағасының ауырсынуы;
  • Несеп түсінің өзгеруі (бұлыңғырлану);
  • Несептен жағымсыз иістің шығуы;
  • Дене температурасы көтеріледі;
  • Әлсіздік, жүрек айну, құсу;
  • Кішкентай қыз балаларда үнемі жөргек киіп жүру.

Қант диабетімен ауырса, ол да циститтің пайда болуына әсерін тигізеді. Себебі, ағзада мөлшерден тыс қант болса, науқас көп мөлшерде су ішеді. Дәретке жиі барады. Қуыққа суық тисе, жыныстық қатынас кезінде инфекция жұқтырса, 60-70 жастан асқан әйел адамдарда гармонның бұзылысы осы ауруларға алып келеді.

Несеп тас ауруы тұқым қуалайды

Климатқа байланысты несеп тас ауруы Оңтүстік аймақта тұратын әйелдерде көп кездеседі.

Адам ағзасы көп мөлшерде суды қажет етеді. Адамдар көбінесе су емес, шәй ішеді. Суды көп мөлшерде ішкен жағдайда, ағзада құмның пайда болуына жол бермейді.

Оңтүстікте күн ыстық болғандықтан, адам терлейді. Термен бірге адам ағзасындағы бар су шығып кетеді. Сол кезде, бүйректе судың тұзы ғана қалады. Тұздар бірігу арқылы тасқа айналады.

Тас үлкен, кіші, жұмсақ қатты болып төртке бөлінеді. Оны анықтау үшін, бүйрек және қуықтың ультра дыбыстық зерттеуі, несеп пен қан анализі, биохимиялық анализ, қажет болған жағдайда несеп шығару жүйесінің компьютерлік томографиясын жасайды. Тас жұмсақ, әрі кішкентай болса, консервативті ем жүргізіледі. Тасты ерітетін арнайы шөптен жасалған дәрі-дәрмек, ауырсынуды басатын препараттар арқылы тасты шығарады. Тас шықпаған жағдайда, ота жасалынады. Тас үлкен және қатты болса, операциялық жолмен кесіп алынады.

Несеп тас ауруы тұқым қуалайды. Ата-анасының біреуінде осы ауру болатын болса, бала осы аурумен туылуы мүмкін. Тас бірден емес, жүре келе пайда болады.

Маманнан кеңес:

  1. Бала туылғаннан бастап, оның денсаулығына салғырт қарамау керек (жөргектерді көп пайдаланбау, суық тиюді болдырмау және т.б.);
  2. Мектепте осы тақырыпта тәрбие сағаттарын жиі жүргізу (сақтану жолдарын, жыныс инфекциясының түрлері, жеке бас гигиенасын сақтау);
  3. Алкогольді ішімдіктерді ішпеу, темекі шекпеу;
  4. Уролог, андролог дәрігерлеріне жылына бір рет қаралып тұру;
  5. Бүйректі жылына бір рет УЗИ-ге түсіру.

Еркеназым Амангелдіқызы

baribar.kz

фото ©Айгүл Хожантаева

 

[:]