[:kz]
Қызылорда тұрғыны, құтқарушы-cүңгуір, жақында ғана отан алдындағы борышын өтеп келген Сағындық Жұбатқанов жан тәсілім етті, деп жазады «Адырна» тілшісі. Бұл туралы Гүлмира Әбіқай желілік парақшасында мәлімдеді.
Гүлмира ханымның айтуынша, талайдың тағдырына араша болған, қаншама суға батқан жанды құтқарып қалған Сағындық қан жетіспеушілігінен қаза тапқан. Оны көше бұзақылары пышақтап кеткен.
«2 күн бұрын түнделетіп сторис салдым, Қызылордалық құтқарушы-сүңгуір Сағындық Жұбатқановқа қан керек деп. Түн болғанына қарамастан ондаған оқырманым “мен тапсырамын” деп қуантты, тіпті, Шиелілік көрерменім Гүлзинат Сағындықова “Уайымдамаңыз, әпке! Ертең қан тапсыруға он шақты адамды өзім ертіп барамын” деп хабарласты, делінген жазбада.
Алайда сол түні Сағындықтың қайтыс болғаны туралы хабар келіпті:
«Қандай өкінішті… 29 жастағы жігіт, әскерден келгеннен бергі жылдарын суға батқан талай жанды ажалдан арашалаумен өткізген адамның енді өзі жоқ. Қызмет бабымен не дерттен көз жұмса бір жөн, қайдағы бір көше бұзақыларының пышағынан өліп отыр. Бүгін Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында жаңа төмпешік пайда болды, жаназасы шығарылды. 90-ға келген Жұбатқан атамыз тұңғыш немересін өз қолынан аттандырып есеңгіреп қалды. Әкесі Келдібекке де бұл қайғы оңай тиген жоқ. Артынан ерген екі бауыры мен анасы қалды аңырап» деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Әскерден келгелі төтенше жағдайдың ортасында жүрген жігіт үйленіп те үлгермеген екен. «Өмірге келгендегі бар миссиясы адам құтқару болғандай» дейді көпшілік.
«Адырна» ұжымы марқұмның ата-анасы мен барша жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Сағындырып келді, сағыныш болып кетті…
[:]