АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Талдықорғанда полицейді балағаттаған әйел жазасын алды [:]

[:kz]

 

 

Түнгі клубта шу шығарған әйел полицейлерді өзіне зорлық-зомбылық көрсетті деп айыптамақ болады

Полицейді балағаттаған Талдықорған тұрғыны 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Талдықорғандағы түнгі клубтардың бірінің күзетшісі мен полиция сержантына тіл тигізді деп айыпталған 33 жастағы әйел жауапқа тартылды. 

Сот қараған бұл оқиға Талдықорғанда өткен жылы желтоқсан айында болды. Жанжал шыққан жерге келіп жеткен полиция жасағы тәртіп бұзған әйелді қамауға алуға мәжбүр болған. Кейін медициналық сараптама оның орта деңгейде мас болғанын анықтады. 

 

«1982 жылы туған күдікті әйелдің іс-әрекеттерінде ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық әрекет  бар. Ішімдік ішіп, мас болған әйел ойын-сауық мекемесінің күзетшісі мен полиция қызметкерлерін балағаттаған. Кейін қалалық медициналық айықтырғышқа жеткізілген ол тәртіп сақшыларын өзіне зорлық-зомбылық көрсетті деп айыптамақ болады», —деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі. 

Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындады, өкініш білдіріп, соттан өзін қатаң жазаламауды сұрады. 

Барлық жағдайды ескере отырып, Талдықорған қалалық соты билік өкіліне тіл тигізгені үшін әйелді 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту шешімін шығарды. 

Алматы облысында жыл басынан бері билік өкілін қорлап, балағаттауға қатысты 15 оқиға тіркелген. Оның әрқайсысы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұдан бөлек, билік өкіліне зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша қазір 3 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 

 

sputniknews.kz/regions/20180311/4868945.html

[:]