[:kz]
Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутова қалалық интернатта мүгедек қызына жылдар бойы зорлық көрсетілгенін біліп, БАҚ өкілдеріне хабарласты.
Қоғамнан көмек сұрауға мәжбүр болған Әлиямен Azattyq Rýhy тілшісі байланысқа шықты.
«2020 жылы қарашада қызыма спираль салынғаны туралы білдім. «Маған дәрігер ағайлар мен апайлар енді укол салмаймыз, спираль саламыз, болды» деп айтты дейді қызым. Ол ешнәрсе түсінбеген! Себебі, денсаулығы жоқ.
Интернат психологы Гүлмираның айтуынша, барлық 43 мүгедек қыз балаға спираль салынған. Себебін ол «жүкті болып қалмас үшін» деп түсіндірді. Бұл не деген масқара! Мүгедек қыздарды кім, не үшін зорлады! Оларға спираль салудың не қажеті бар? Неге біз, ата-аналары ешнәрсе білмейміз», — деп көз жасына ерік берді ана.
Медициналық картасын алып қараған Әлия 2011 жылы қызын алғаш алып келген кезде «пәк» болғандығын, 2012 жылы спираль салынғаны туралы жазылып тұрғанын көрген. Әлияның қызы Толғанай 7 жыл бойы зорлық көріп келген.
«Олар менің мүгедек қызымды 2012 жылдан бастап зорлап келген. Карантинге дейін қызымды үйге алып келіп жүретінмін. Сол кезде денесінен әртүрлі көгерген із көрдім. Ол үшін интернат қызметкерлерімен талай рет ұрыстым. Бірақ «зорлайды» деген ой басыма келмепті. Талма ауруы бар, талып жатқанда зорлайды. Қар күрейтін адамға дейін ойына келгенін істейді де! Қашан барсаң да, «директор жоқ» дейді. Әлі күнге дейін директорын бетпе-бет көрген емеспін. Карантин деп жолатқан жоқ», — дейді Әлия Мамутова.
Әлия қызы Толғанайды 2011 жылы Шымкент қаласы, №2 қалалық мүгедектер интернатына тапсырған. ДЦП диагнозы бар қызға 12 жасында «эпилепсия» диагнозы қосымша қойылған.
«Жолдасым тастап кеткен. Үш баламен үйсіз-күйсіз күн кештім. Жалдап тұрған үйімнің қоршауы жоқ еді. Мен жұмыста болған кезде қызым даладағы дәретханаға барамын деп, құлап қалып, 2 сағат қардың үстінде жатып қалған кездері болды. Құрылыс жасап жүрген еркектерден қорқып, қызымды медициналық қызметкерлері бар деген оймен интернатқа тапсырдым. Уақытша бердім. Ұлдарым азамат болды, өз күнін өздері көре алатын дәрежеге жетті. Қызымды үйге қайтарып алмақ болып жүргенмін. «Былай тартсам өгіз өледі, былай тартсам арба сынады» болып, жалғыз өзім бар ауыртпалықты мойныма алдым. Қызымды қорғайды деп өткізген жер қиянат етті», — дейді Әлия.
Шымкент қаласы Полиция департаменті зорлау фактісін растады.
«Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті тұрғынның қызына қатысты заңсыз әрекеттер жасалғаны туралы арызы бойынша ҚР ҚК-нің 120-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен (бірнеше рет жасалған зорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғастыруда. Тергеумен тиісті сараптамалар және бірқатар тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Сотқа дейінгі тергеу аясында мекемеде жұмыс істейтін барлық ер адамдар мен 2010 жылдан бері жұмыс істеген азаматтардан жауап алынуда», — делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан
[:]