[:kz]
Баян Алагөзова рэкеттер мен бұзақылардың заманын, яғни 90-жылдарды еске алды. Ол құрбысы екеуінің басынан өткен хикаясымен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бұл өте сәнді және қауіпті еді. Қыздардың дискотекадан қашатыны есімде, кешіккендерді мал сияқты көлікке тығып, белгісіз бағытта алып кететін. Кейбірі сол бағыттан қайтпайтын.
Бір күні құрбым Мәдина Балғабаева екеуміз үлгермей қалдық, екеумізді төбеттей иттер мен бандиттер толы қала сыртындағы үйге алып барды. 20-ға жуық адам бар.
Ептілігіміз, жинақылығымыз болмаса, Динара Сәтжанның туған күнінде осылай би билер ме едім, белгісіз?!
Ал КТК жаңалықтарын кім жүргізер еді? Түн ішінде жалаң аяқ, сөмкенің ішіндегі заттарды қолымызға ұстап, қорқып, белгісіз бағытта қаштық», — деп еске алды Баян Мақсатқызы.
Продюсер ол кезде 18 жас шамасында болғанын айтады.
Тағы бірде Баянның тамағына пышақ тақап, қорқытқан. Мақсатқызы тағы да жылдам қимылдауының арқасында құтылып кеткен.
«Кафеде шай ішіп отырдым. Аяқ астынан тамағыма пышақ тақады, бұрыла алмаймын, тек «қазір менімен барасың» деген дауысты естідім, үнсіз басымды изедім.
Кафе автобус аялдамасында орналасқан еді. Шыққанда, есігі толық жабылмаған, жүріп бара жатқан автобусты көрдім. Кенет бұрылып, есігі жабылайын деп қалған автобусқа міндім.
Автобус жүрді, мен құтқарылдым. 90-жылдар осындай», — деп жазды Баян Instagram-дағы парақшасында.
[:]