[:kz]
Гүлдерайым Омарова. Фото: Қарагөз Сүлейменованың Instagram парақшасынан алынды
Танымал тележүргізуші, актер Рахман Омардың бұрынғы әйелі Гүлдерайым Омарова кісі қолынан қайтыс болды. Оны пәтерін жалға алған әйелдер өлтірген деп хабарлайды NUR.KZ.
Бұл туралы Досхан Жолжақсыновтың жұбайы Қарагөз Сүлейменова өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
«Жанымыз құлазып, жүрегіміз жылап отыр. Орны толмас қаза. Дүйсенбі күні Гүлдерайым Омаровадан айырылып қалдық. Тапа-тал түсте кісі қолынан қаза тапты. Заманның айуандалғаны соншалық, квартиранттарынан ақша алуға барғанда 30-дың төңірегіндегі екі әйел пышақтап өлтірген. Алла жазаларын берсін.
Мінезге бай, көпшіл, тәрбиелі, қазақтың данакөз қыздарының бірі еді. Өте кішіпейіл, аса инабатты, жайдары жүзі көңілімізден кетпейді. Артында арыстай үш ұлы қалды. Тұңғыштарының атын Рахман екеуі Досхан деп қойып еді. Ол бала Чехияда екінші курсты бітірді.
Екінші ұлы мектеп бітірді. Кенжесі 8 жаста. Рахман Омар екеуінің бастаған өмір жолы көз алдымызда өтті. Өмір бойы ерінің абыройын асқақтатып, азаматтарына талмай тәрбие берді. Бүгін жер қойнына тапсырдық.
Алланың қалауы болар, ортамыздан мезгілсіз кетті. Артында қалған ұлдарына анасының көрмеген қызығын, жасамаған жасын берсін. Алланың бұйрығына амал жоқ… Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаны жәннатта болғай. Алды пейіш, арты кеніш болсын. Аллам ұрпақтарына өмір берсін. Мәңгі жүрегімдесің», — деп жазды ол.
alashainasy.kz
[:]