АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Түнде қыздарды қап кигізіп алып кетеді»: Қытай лагерінде болған қазақ әйел отандастары үшін көмек сұрады[:]

[:kz]

Белгілі басылымдардың мәліметінше, дәл қазір Қытай жүз мыңдаған, кей деректер бойынша одан да көп мұсылманды түзету лагерінде ұстап отыр. Лагерьдегі азаматтар арасында қазақтар да бар. Солардың бірі 39 жастағы Гүлзира Әуелхан басынан өткен жағдайды баяндап, бостандықты аңсап жүрген отандастардың әлі де көп екенін жеткізді, деп хабарлайды  Stan.kzақпарат агенттігі «Талпын жастар» Алматы тобының видеосына сілтеме жасап. 

Гүлзира Әуелханқызы 2017 жылдың 16 шілдесінде ықтиярхатпен Қытайға өткен. Сол жақта тұрған 15 ай ішінде туыстармен көріскенде қолына кісен салынып, қытайша тіл үйренуге мәжбүр болғанын айтады. 

«Әрі-бері қозғалатын болсақ, сақшылардың рұқсатымен ғана жүреміз. Қолымызға кісен салып тұрғызып қояды. Одан кейін дәретханаға тек екі минут көлемінде отырғызады. Ал ол жерде 50 әйел кезекте тұрады. Екі минуттан артық отырып қойсақ, басымыздан көк таяқпен ұрады. Жатақта шелекке дәретке отырамыз. Тоқпен ұрып талдырған кездер де болды. Аяғы жоқ кемпірлер мен сөйлей алмай қалған мақау қыздар да бар. Олардың арасында жынды болып кеткендері қаншама?!» — деп күрсінді әйел. 

Әрі қарай Гүлзира Әуелханқызы түнгі уақытта әйелдерді жатқан жерінен басына қап кигізіп, белгісіз жаққа алып кететінін айтты. Айтуынша, бұл әйелдер қайтып келмейді. 

«Мен ең көбі 68 ұйғырмен бірге тұрдым. Ең аз дегенде 12 әйелмен бірге жаттым. Сонда жатақтың үлкен-кішісіне қарай 20-33-тен жаттық. Сол кезде түнде қыздар мен әйелдерді басына қап кигізіп, белгісіз жаққа алып кетіп жатты. Қайда әкететінін білмеймін. Арасында күйеуі жоқ, ажырасқан, тіпті, той жасамағандар да бар.

Қалпақ кигізіп, қолына кісен салады. Содан қайтып келген емес. Лагерьде артық сөйлеуге болмайды. Бір-бірімізбен әңгіме айтуға да болмайды. Тамақ жағына келетін болсақ, таңертең қарай шай, түсте күріш жейміз. Кешке де қара шай ішеміз. Кейде арзан шөп-шалаңды қайнатып береді. Белгісіз тамақтарды да жеп жатамыз», — дейді ол. 

Сондай-ақ, 39 жастағы әйел етеккірі келмеу үшін дәрі салатынын айтты. Мұнымен қатар, осы лагерьде болғаннан кейін бала көтере алмай қалғандардың болғанын жасырмады.

«Үш айдан кейін білектен укол салды. Тексергіштер келген кезде шашымызды бояп қояды. «Кәсіп үйреніп жатырмыз, тәрбиеленіп жатырмыз деп бізді мақтаңдар» дейді. Тексерушілердің сұрағына осылай жауап береміз. Олар біздің жүгері мен күріш жеп күнелткенімізді білмейді», — дейді ол. 


2018 жылы 14 қазанда лагерьден шыққан соң, күштеп зауытта жұмыс істеуге алып келген. Гүлзира Әуелханқызы аталған зауытта да айтарлықтай еркіндік болмағанын жеткізді. Себебі, іште сақшылар бәрін бақылап тұрады. 

«Бізді үш ай 600 сомнан жұмыс істейсіңдер деп алып келді. Кейін «Ақшаны істегендеріңе қарай береміз. Дұрыстап істемесеңдер, лагерьге қайтадан алып кетеміз» деп айтты. Бұрын денсаулығым жақсы болатын. Лагерьге келіп укол салғалы етеккірім келмей қалды. Басым жиі ауырып, көп нәрсені ұмытып қала беретін болдым. Бет-аузым ісіп кетеді. Бірде сіңірім тартылып, құлап қалған кезім де болды. Мұның алдында тек табиғи өтімді алдырған болатынмын. Жаңағы уколдан кейін күнделікті 14 сағаттан орындықта отырамыз. Осылай 18 ай отырдым. Отыра беріп жалпиып кеттік», — дейді әйел.

 

Бұдан өзге ол енді бала сүйе алатынына күмән келтіріп отырғанын жеткізді. Қатты ауырып қалған кезде ақ дәрі береді. Сол дәріні ішкен соң, ес-түсін білмей ұйықтайды.

«Менімен жатқан ұйғыр қыз ауырып, жынды болып кетті. Мұрнынан қан ағып, бүкіл денесіне қотыр қаптады. Соны тастап қоя берді. Қасына бергеннен қолынан қан ағатын болды. Саяси лагерь жоқ деген өтірік», — дейді ол. 

Ақырында ықтиярхаты болуының себебіне байланысты елге қайтарылған. Отанына қайтып келгеніне қарамастан, Қытайда дәл осылай қиындық көріп жатқандардың әлі де көп екенін айтып қаймығады. 

Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР СІМ-нен осы мәселеге байланысты сұратым хатқа жауап күтіп отыр. СІМ өз кезегінде қытайлық әріптестерден жауап күтіп отырғанын хабарлады. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Қытайда жүрген қазақ қызының телефонына WhatsApp орнатқаны үшін қамауға алынғаны туралы хабарлаған едік.  

[:]