АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Түркістан облысында әкім арықтан су ішкен [:]

[:kz]

Таза суға жарымаған Түркістан облысы Алпамыс елді мекенінің тұрғындары шу шығарды. Олар ауыл әкімімен кездесу кезінде арықтан аққан лас суды ұсынып, ішуін сұраған. Судан шімірікпей дәм татқан аймақ басшысы өз кезегінде мал ішетін суды минералды таза деп, халықтың таңданысын туғызды. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

30 жылдан бері таза судан тарыққан Алмапыс ауылдық округінің тұрғындары әкімдіктің алдына жиналып, наразылықтарын білдірді. Олардың сөздерінше, арықпен келетін су қоқысқа толып қалған. Тіпті мал ішетін суды адам ішіп жүр дейді ашынған халық.

 

«Ауылдың әрбір тұрғының өздерінің құдықтары бар және сол құдықта 4 тонна су болады. Әр тоннасын мың теңгеден толтыртамыз. Осылайша ауылда тұрып арықтың суын сатып алып, ішіп отырмыз», — дейді Алмапыс елді мекенінің тұрғыны Мөлдір Сатыбай.

Ал ауыл іргесінде тұрған су ұңғыбасының жөндеу жұмыстары екінші жыл қатарынан жүргізіліп жатыр. Жауаптылар осыдан 10 жыл бұрын 100 млн теңгеге ұңғыба қазып, тіршілік нәрін шығара алмаған дейді жиналғандар. Енді келіп 900 млн теңгеге су қазу жұмыстарын қайта жүргізіп жатыр. Алайда тұрғындар су шықпайтын жерді несіне қаза береді дегенді алға тартады.

 «Бұған дейін 47 метр жерді қазып, су шықпады деп айтқан болатын. Қазір тағы қазып жатыр. Не үшін деп сұрасақ бізге ешнәрсені ашып айтпайды», — дейді ауыл тұрғыны Гаухар Жораева.

Жаңадан басшы болып сайланған әкіммен ауыл тұрғындары кездесу барысында, арықтан аққан суды ішкізгенді дұрыс санаған. Әкім өзінің де ауылда өскенін айтып, лас суды ойланбастан ұрттайды.

«Бұл су негізі басынан тұнық болып келеді. Арық ағып келем дегенше ластанып қалуы мүмкін. Барлығымыз ішіп жүрміз. Бұл негізі тәтті су», — дейді Алмапыс елді мекенінің әкімі Ерлан Әділханов.

Енді жылдар бойы таза ауыз суды аңсап жүрген ауыл тұрғындары жергілікті биліктің үстінен прокуратураға арыз түсірмек.
 

[:]