АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Түркістан облысында оқушылар бұрын дәретхана болған жерде оқуға мәжбүр (видео) [:]

[:kz]

Түркістан облысы Келес ауданы Ақжол ауылындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы мектептің оқушылары сыныпқа симаған соң бұрын дәретхана болған жерде сабақ оқуға мәжбүр. Себебі тар мектептің парта, тақталарына дейін ескіріп, қирауға шақ тұр. Осыған байланысты ата-аналар қосымша ғимарат тауып беруді талап етіп, мектеп алдына жиналды деп хабарлайды КТК телеарнасы. Телеарнаның дерегінше, Ақжол ауылындағы 600 балаға арналған мектеп 45 жыл бұрын салынған. Әбден тозығы жеткен білім ошағында қазір мыңға жуық оқушы бар.

Тығырықтан шығу үшін мұғалімдер кез келген бұрышта сабақ оқытуға бейімделген.

Тіпті, ұстаздар бөлмесі мен бірде-бір орындығы жоқ акт залына дейін сыныпқа айналып кеткен. «Кабинет етіп жасағанның салдарынан біздің мектебімізде зертхана жоқ және архив жоқ. Кітапхананың архиві жоқ. Бәрін кабинет қылып тастадық. Бізге әзірше қосымша ғимарат салып беріп, келешекте жаңа ғимарат салынса», — дейді Сұлтанбек Қожанов атындағы мектеп директорының орынбасары Луиза Ақбай.

Телеарнаның хабарлауынша, тіпті, орын болмаған соң бұрын дәретханаға болған жер сыныпқа айналған. Ол жерге еден төселіп, тақта ілініп, парта мен орындықтар қойылған. Мектепте дәретханадан сыныпқа айналған бір емес, үш кабинет бар екен. Дегенмен тұрғындар оқу ғимаратын кеңейтудің жолын да тауып қойған көрінеді. Олардың сөзінше, мектептің дәл алдында бұрын әскерилердің кеңсесі болып, бес жылдан бері бос тұрған қос қабатты ғимарат бар. Көпшілік ғимаратты мектептің есебіне өткізіп беруін өтініп аудан әкіміне жүгінген.

Алайда әкім бұл жерде пионер лагері ашылатынын айтқан. «Әкім пионер лагерін ашамын дейді. Жекеменшік пионер лагері бізге керек емес. Дәл қазір балаларға білім беретін мектеп керек. Шөкелеп отырған бала қандай білім алады? Қазір оқу бағдарламасы күрделі», — дейді Ақжол ауылының тұрғыны Гаухар Жораева. 

Мектеп алдына жиналған жұрт әкім мен білім бөлімінің басшысын шақырған.

Бірақ олардың орнына бөлім әдіскері келген. «Алдағы уақытта партаны, орындықты, тақтаны – бәрін жеткізіп береміз. Нақты қай уақытта әкелінетінін білмеймін. Бірақ ол жақта да жұмыстар жүргізіліп жатыр дейді… Көреміз, ақылдасамыз, мұның бәрін, жағдайды басшыларға жеткіземін», — дейді Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Насыр Сманов. Д

kaz.nur.kz

 

[:]