[:kz]
Түркістан облысында видео үшін ВАЗ-2114 көлігіне адамды арқандап сүйрегендердің видеосы тарады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Instagram қолданушыларының бірі парақшасына заңсыз әрекетінің видеосын жариялағанын анықтады. Белгісіз біреулер «ВАЗ-2114″ автокөлігіне адамды арқандап, оны жолда сүйреген», — деді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Полиция оқиға Түркістан көшелерінің бірінде болғанын анықтап, тәртіп бұзушыларды ұстаған.
«Жүргізуші Түркістан тұрғыны болып шықты, ал оның жанындағы таныстары Тараз қаласынан. Ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды: 593-бабы 1- бөлігі «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүру ережелерінде көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» және 606-бабы 1-бөлігі «Жол жүрісіне қатысушының жол жүрісі қағидаларын апат жағдайын туғызуға әкеп соққан бұзуы», — деді полиция өкілі.
Полиция мәліметі бойынша, кінәлілер жасаған әрекетіне өкініп, кешірім сұраған.
[:]