АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Түрме әкімшілігін айыптаған тұтқын өлі табылған[:]

[:kz]

Атырау түрмесінің әкімшілігін «қысым жасады» деп айыптап, «ажалыма солар себепкер болады» деген мәлімдемесі жазылған видеоны туыстарына жолдағаны хабарланған өзбекстандық Руслан Атажанов жазасын өтеп жатқан мекемеде белгісіз жағдайда қаза болған. Билік орындары тұтқын өлімінің себебін тексеріп жатқанын хабарлады.

Өзбекстан азаматы 55 жастағы Рүстем Атажанов Қазақстанда сотталып, жазасын өтеп жатқан түрмеде жұмбақ жағдайда қазаға ұшыраған ұлы Руслан Атажановтың сүйегін Өзбекстанға алып кету үшін жексенбіге қараған түні Атырауға келді. Жанына кенже баласы Ілиясты ерткен Рүстем Атажановқа мәйітханада жатқан үлкен ұлының сүйегін көру үшін дүйсенбіні күтуге тура келді.

«АҚТЫҚ СӨЗ ЖАЗЫЛҒАН» ВИДЕО

Тұрғындар «66-зона» атап кеткен УГ-157/9 мекемесі Атырау қаласының іргесіндегі Тасқала ауылында орналасқан. Осы мекемеде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан Өзбекстан азаматы Руслан Атажанов мамырдың 8-і күні түрмеде өлі күйі табылған.

Рүстем Атажановтың тағы бір ұлы Расул қазір Ресейде еңбек мигранты болып жұмыс істеп жүр. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Расул қамаудағы ағасы белгісіз жағдайда қазаға душар болардан бір күн бұрын одан видео-хабарлама алғанын айтып берді.

Видеодағы «тұтқын» түрме әкімшілігінің өкілдері өзіне «түрмеде шірисің, өмірің тәртіп камерасында өтеді» деп қоқан-лоқы жасағанын айтып, «егер өліп қалсам, оған солар себепкер болады» деп мәлімдейді.

Расул Атажановтың Азаттық тілшісіне жолдаған ұзақтығы 31 және 22 секундтық екі видеода көк түсті шолақ жейде (футболка) киіп, бөлме қабырғасының алдында тұрған, шашы тақырлап алынған, жас шамасы отыздың ішіндегі жігіт көрінеді. Ол өзін «Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігі бойынша (тонау қылмысы – ред) тағайындалған 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан Атажанов Руслан Рүстемұлымын» деп таныстырады. Бұдан соң ол түрме әкімшілігінің өкілдері өзіне «түрмеде шірисің, өмірің тәртіп камерасында өтеді» деп қоқан-лоқы жасағанын айтып, «егер өліп қалсам, оған солар себепкер болады» деп мәлімдейді.

Туыстарының айтуынша, Руслан Атажанов – Өзбекстандағы Хорезм облысының тумасы. Отбасындағы алты баланың үлкені болған Руслан отау құрмаған. Үйдегі ұлдар есейген соң Қазақстан мен Ресейге жұмысқа жалдануға кеткен. Үй-іші Қазақстанда жүргенде Русланның сотталып кеткенінен бейхабар болғанын, тек кейін ғана естіп-білгендерін айтады. Ал Русланның түрмеде белгісіз жағдайда қазаға ұшырағаны туралы хабар туғандарын есеңгіретіп тастаған.

— Әрине, біз бұл істі бекерге қалдырмаймыз. Міндетті түрде шағымданамыз, — деді Расул Атажанов Азаттыққа.

«ЖАЗБАША САУАЛ ЖОЛДАҢЫЗ»

Атырау облыстық прокуратурасының жазалардың орындалуына бақылау жасау жөніндегі басқармасының бастығы Руслан Әйтімов Азаттық тілшісіне Руслан Атажановтың түрмеде қазаға ұшырауына қатысты тексеру жүріп жатқанын айтты.

— Бұл қазаға байланысты тергеу басталып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалған, — деді прокуратура өкілі.

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Мирболат Көпесов Өзбекстан азаматы Руслан Атажановтың түрмедегі қазасына қатысты Азаттық тілшісінің ауызша қойған сұрақтарына жауап беруден бас тартып, сауалдарды жазбаша жолдауға кеңес берді.

Бұл қазаға байланысты тергеу басталып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.
Прокуратура өкілі

Атыраудағы сот-медициналық сараптама орталығы өкілдері түрмеде қазаға ұшыраған жігіттің сүйегіне сот-медициналық сараптамасы мамырдың 10-ы күні жасалғанын, ол туралы мәлімет тек туыстарына берілетінін айтты.

1998 жылы азаптауға және басқа да адамның ар-ожданына нұқсан келтіретін әркеттерге қарсы БҰҰ Конвенциясын ратификациялаған Қазақстанның қамау орындарында тұтқындардың таяққа жығылатыны туралы деректер ара-тұра жарияланып тұрады. Билік көбіне тұтқындардың азапталып, соққыға жығылғаны туралы мәлімдемелерді терістейді. Өткен айда Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/12 колониясында отырған тұтқындардың туыстары қамаудағылардың азапталғаны туралы мәлімдеген. Түрме басшылығы колонияда жоспарлы тексеру іс-шарасы өткенін және «төтенше ешнәрсе болмағанын» айтып, азаптау туралы ақпаратты жоққа шығарған.

Мамырдың 10-ы күні Алматы мен Астана және тағы бірнеше қалада рұқсат етілмеген акцияларға азаматтар өзге мәселелермен қоса «Азаптау доғарылсын!» деген талап айтып шыққан. Қарсылық акциясын күшпен таратқан полиция ондаған адамды ұстап, кейбірін әкімшілік жазаға тартты.

azattyq.org

[:]