[:kz]Ұйғыр ауданында төбелестің неден шыққаны белгілі болды[:]

[:kz]

Ұйғыр ауданында төбелестің шығу себебі анықталды. Бірін-бірі пышақтаған жігіттер жолға таласқан. Алматы облысы әкімінің  баспасөз хатшысы  «Жас Алашқа» оқиға себебін бұған дейін  де айтқан болатын. 

Бүгін Алматы облысы әкімі оқиға болған ауданға барып шұғыл жиналыс өткізді. 

Жиында Ұйғыр  ауданының атын ауыстыру туралы ұсыныс тағы да көтерілген. 

«Облыс әкімі  ауыл ақсақалдарының да пікірін тыңдады. Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар ауданның атауын ауыстыру мәселесін де айтты. Айтылған пікірлердің бәрі хаттамаға толтырылып жатыр. Хаттама негізінде кейін шаралар қабылданады.

Пышақталған жігіттердің бесеуі де аман, өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ,  жағдайлары тұрақты. Екі тарап та, Ұйғыр ауылының ақсақалдары да бұл істің өздеріне абырой әкелмейтінін айтты. Себебі, олар ұзақ жылдан бері бірге тұрып келе жатыр.

Олар өздері де үшінші тараптың іріткі салып жүргеніне шағымданды. Осыдан екі жыл бұрын конференция өткенде ауданның атын Қарадала деп,  Шонжының атын Әлмерек деп ауыстыру туралы айтылған. Сол мәселе тағы көтерілді.

Облыс әкімі бұл ұсыныстардың бәрі хаттамаға толтырылып,  содан кейін шешім қабылданатынын ескертті. Ономастикалық заң бойынша оның бәрі орталықта қаралып, мемлекеттік комиссияның шешімімен қаралады.

Дегенмен, әкім халықты ауызбіршілікке шақырды. Өйткені, соңғы уақытта Ұйғыр ауданының экономикасы қарыштап дамып жатыр. «Жұмыспен қамту», «Жол картасы» сынды бағдарламалар бойынша бөлінген қаржының да біраз бөлігі осы ауданға тиесілі. Жобалар іске асып жатыр. Тұралап қалған құс фабрикасы қайта ашылды. Осының барлығы бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасы. Егер екі тарап бір бірімен жаға жыртысса, инвесторлардың өзі өңірге келуден бас тартуы мүмкін екенін  облыс әкімі еске салды», — деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

[:]