АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ұлты орыс шенеунік қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді ауылға жіберуді ұсынды[:]

[:kz]

 

Алматы облысындағы ауылдың әкімдік қызметкері шенеуніктер қазақ тілін тез үйреніп алудың жолын ұсынды. Владимир Чепельдің ойынша жастарды ауылға жіберу керек деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі

. Владимир Чепель қазіргі таңда Алматы облысы Қапал ауылы әкімдігінің бас маманы қызметінде. Көзін ашқаннан ауылдағы қазақ балаларымен бірге ойнап өскен ол мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Әкімдік қызметкері өзіне келген ауыл ақсақалдарының мәселесін еш қиындықсыз түсініп, бірден көмектесетінін айтады.

«Ауылдық аймақтарда қазақ тілін бәрі біледі және тіл деңгейіне байланысты ешқандай мәселе жоқ. Ал қалаға келсең, мұнда мәселе бар екенін көресің. Қалада жастар қазақша сөйлеспейді. Бірде жұмыс барысында маған екі ақсақал келді. Олар менің түріме қарап, сөздерін орысша бастады. Мемлекеттік қызметте қай тілде сұраса, сол тілде жауап беруің керек. Сондықтан орыс тілінде жауап бердім де, «құрметті ақсақалдар, қазақ тілінде сөйлессек қалай болады?», — деп сұрадым. Олар қуанып кетті. 

«Балам қазақ екен ғой» деп жатыр. Мұндай мақтанға масайрап, тіпті жүрегің жылынып, біразға дейін ішкі буың басылмай тұрады. Сондықтан қазіргі жастарды екі-үш айға ауылға жіберсе, ауылда тілдің, діннің сақтаушылары болып отырған ақсақалдардың оларға үйретері көп болар еді деп ойлаймын», — дейді Владимир Чепель. Әкімдік қызметкерінде қазақ тілін ауылда үйрену туралы ой Нұр-сұлтан қаласында жиналыста әріптестерінің өзара орысша тілдесуінен кейін туындаған. «Біздің әралуандығымыз басымдығымыз, ал күшіміз бірлікте екенін Елбасы әу баста айтқан еді. Қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық келісімді сақтап, татулығымызды арттыруда мемлекеттік тілдің рөліне айрықша мән беру қажеттігін айтты.

Біз ең алдымен туған елдің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді ауылға жіберу керек. Әрі тәжірибе алмасып, әрі сондағы ата-апаларымыздан қазақша сөйлеуді үйреніп қайтар еді.

Түбі қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі болатынына сенімдімін!», — дейді Владимир Чепель. Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілінде еркін сөйлейтін, Павлодар облыстық телеарнасында қазақ тіліндегі жаңалықтарды жүргізетін Марина Сахарова туралы жазған едік. Сонымен қатар білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар кітапханаға келгенде кітаптар ең алдымен қазақ тілінде қолжетімді болу керектігін айтқан болатын.

kaz.nur.kz

[:]