АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Ұстатып жібергені аздай, Көлгінов енді бізге жала жабуға кірісті» – көп балалы аналар[:]

[:kz]

 

Әкімдік біз туралы «1 миллион теңге сұрады», «заңсыз үй сұрады» деген жалған ақпарат таратуда.

Оншақты күннен бері Астана қаласының әкімі Көлгіновтің кабинетін күзетіп, әкімдік ғимаратында түнеп жатқан аналардың мәселесі әзір шешілмейтін тәрізді. Өзімен жолықпақ болған аналарды полиция шақыртып, ұстатып жібергені аздай, Көлгінов енді мүгедек баласы бар аналарға «жұртты адастырушылар», «арандатушылар» деп жала жала жабуға көшкен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әкімдіктің ұстанымына сенсек, қалалық ғимараталдында шу шығарып жатқандардың барлығы да арандатушылар, жаңсақ пікір қалыптастырушылар секілді. «Белсенділердің мақсаты – басқа аналардың ойына жаңсақ пікір қалыптастыру және оларды адастыру. Мұндай заңсыз талаптар орындалмайды. Тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр, әлеуметтік пәтерлер тек кезек бойынша беріледі», – делінген әкімдіктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Бұдан бөлек, бұл  мәлімдемеде аналардың несиелерді кешіру, кезектен тыс пәтерлер беру, 1 млн теңге көлемінде ақшалай төлемдер беру секілді ақылға қонбайтын талап қойып жатқаны айтылған. 

Алайда аналар Көлгіновтің командасының жан-жаққа жіберіп жатқан бұл мәлімдемесінің еш шындыққа жанаспайтынын айтады. Айтуларынша, «көп балалы аналарға үй беру», «ана мен баланың жағдайын жасау», «лайықты жұмыс орындарын ашу» сияқты бірнеше талаптар қоюмен шектелген. 

«Біз туралы «1 миллион теңге сұрады», «заңсыз үй сұрады» деген жалған ақпарат таратуда. Бұндайларға үйреніп қалғанбыз. Біз шыққан сайын нешетүрлі дүние айтады. Осыған байланысты біз арыз жазамыз, оны жайдан-жай қалдырмаймыз. Біздің талаптарымыздың ішінде ондай нәрсе жоқ. Бұның барлығы жала», – дейді он шақты күннен бері наразылық акциясын өткізіп жатқан аналардың бірі Назира Мукушева.

Мәлім.кз сайтының жазуынша, аналар енді әкімдік үстінен арыз жазғалы жатыр.

Естеріңізде болса, бұл аналар 22 ақпаннан бері наразылық акциясына шығуда. Олар он күн бойы қалалық әкімдік ғимаратына түнеген. Арада бірнеше күннен кейін бұлардың қатарына мүгедек балалары бар аналар қосылған. 

Аталмыш дерек көзінің жазуынша, адамдардың мұндай қадамға баруына қоғамдағы жүйесіздік пен заңсыздықтар әсер еткен. 

«Біз он жыл бойы тонналап хат жаздық, ешнәрсе шешілмеді. Шыдамымыз таусылғаннан әкімдікке келдік. Әкімдіктен Сәуле Ордабаева деген кісі келді. Әлеуметтік сұрақтар бойынша бізге осы кісі жауап берді. Олар айтады, «хат жазыңыздар», «дөңгелек үстелге отырайық», «мәселелеріңіз шешіліп жатыр» дейді. Бірақ мәселені көтеріп жатқандарына 30 жыл болды. Ешнәрсе шешілген жоқ», – дейді Керейбай. 

Қымбат Керейбайдың сөзінше, қазір заң бойынша мүгедек баласы бар ана өзі туған баланың анасы емес, қамқоршысы ғана. Аналар заңның осы тұсын өзгертуді талап етуде. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға берілетін аяқ киім, коляска сияқты заттардың сапасы өте нашар. Сол себепті де аналар коляскалар бұзылса, өз қалтасынан жөндетуге мәжбүр.

«Біз өзіміз туып, өсірген балаларымызға ана емеспіз, қамқоршы ғанамыз. Бұл дегенің сұмдық. Бала 18-ге толғанда біз оның қамқоршысы, анасы екенімізді дәлелдеуіміз керек. Осы кезде берілетін жәрдемақыны тоқтатып тастайды. Біз сонда осы уақыт аралығында қалай өмір сүреміз? Қазір заң бойынша мен өз баламның анасы емеспін. Балаларымыздың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, олар арнайы аяқ киім киюі керек. Оны үкімет береді. Бірақ ең нашарын береді. Қысқы аяқ киімі жұп-жұқа. Оны киюге жарамайды. Оны әкімге қанша рет айттық. Мүгедек коляскасының да ең арзанын береді. Оны төрт жылға береді. Бірақ ол төрт жылға жарамайды. Бір жылға жетпей ол сынып қалады. Оны өзіміз жөндейміз. Жөндеуге келмесе, басқасын өзіміз сатып аламыз», – дейді Керейбай.

Осы уақыт аралығында елорда әкімі Алтай Көлгінов аналармен бірде-бір рет кездеспеген. Керісінше, басында айтып өткеніміздей, нақты талаппен барған аналарды полицияға ұстатып жіберген. 

«Әкімнің кабинетіне қарай 3-4 қызымыз өткен. Төрт ананы полиция басқармасына алып кетті. Оларды әкімнің есігін сындырды деген айыппен алып кеткен. Телефондарын алып қойған сияқты. Хабарласып ала алмай отырмыз. Олармен кездесуге әкімдік тарапынан ешкім шыққан жоқ. Құзырлы орган қызметкерлері қоршап тұрып, алып кетті», – дейді Мукушева.

Наразылық білдірушілердің айтуынша, қарсылық акциясы әкімдіктің нақты жұмысына байланысты болмақ. «Егер талаптарымыз орындалмаса, онда қарсылық акциясын жалғастыра береміз», – дейді аналар. 

[:]