[:kz]
—Шын мәнінде біздің елге қатысты қазіргі таңда екі қатер бер: Бірінші Шығыс Еуропа елдеріне орналастырылып жатқан АҚШ пен НАТО-ның ракетаға қарсы қорғаныс жүйелері. Екінші қауіп мынада: Солтүстік және Жерорта теңізіндегі теңіз корабльдерде ракеталық қондырғылар сақадай сай, әскери дайындықта тұр. Америкалықтар Аляска аймағында да ракеталық қорғаныс жүйелерін орналастырып жатыр. Осы әрекеттері арқылы АҚШ пен батыстағы әріптестеріміз Ресейдің айналасына ракетаға қарсы қорғаныс жүйелерін орнату арқылы өрескел стратегиялық қателік жіберді. Бұл жанталаса қарулану әрекетін білдіреді. Менің ойымша, халықаралық ядролық тепе-теңдікті ешуақытта бұзуға болмайды. Мұндай қадам мемлекеттер арасындағы жылы қарым-қатынасты бұзып, «қырғи қабақ соғысқа» алып келеді, — деді Ресей президенті «Путинмен әңгіме» атты деректі фильмде америкалық журналист Оливер Стоунға берген сұхбатында.
Осы орайда Путин кезінде АҚШ пен КСРО арасында ортақ келісім болып, америкалық және батыстық әріптестер ядролық тепе-теңдік орнату үшін Мәскеуге қарулануға қатысты жобаларын бергенін еске салды.
—Олар мұндай әрекетке неге барды? Мұның себебі неде? Қауіптің орасан зор шығын әкелетінін білді. Ал біз қазір не істеп жатырмыз? Біз халықаралық тепе-теңдікті бұзып отырмыз. Бұл үлкен қателік, — деді Ресей басшысы.
Қазіргі таңда америкалық Showtime телеарнасында «Путинмен әңгіме» атты деректі фильмнің екінші сериясы жүріп жатыр. Америкалық режиссер Оливер Стоун бұл фильммен екі жылдай жұмыс істеді. Мәскеуге бірнеше рет келіп, Ресей басшысымен әңгімелесті.
— Әлемнің қай саяси картасына қолыңды созып, саусағыңды тигізсең болды, барлығы да Америкаға наразылығын білдіреді, елдің ішкі ісіне араласып отырғанын сөз етіп, мұңын шағады. Ел-жұрт мынаны есте сақтауы керек: АҚШ-тың президенттері келеді, кетеді. Ал олардың саяси жүйесі ешқашан өзгермейді. Сондықтан үлкен есеппен алғанда, Ақ үйдің басында кім қожайын болсын, саясатының қандай болатынын біз алдын ала анық біліп отырамыз. Осы күнге дейін америкалық жүйе АҚШ-тағы сайлау нәтижелеріне Ресей тарапы араласты деп еш дәлелсіз бізді айыптап келді. Ашық айтамын, ресми Мәскеудің сайлау нәтижелеріне ешқандай қатысы жоқ. Бірақ олар бізді айыптап, Америка мен әлем халқын әлі күнге дейін адастырып отыр. Сондықтан мұндай саяси ойынды дереу тоқтату қажет. Ал Президент Дональд Трамптың сайлау қорытындысына америкалық хакерлер араласқан шығар. Оған біздің не қатысымыз бар?!, —деді Ресей лидері Оливер Стоунға берген сұхбатында.
Бірақ Владимир Путин режиссермен әңгімеде Ресейді ешкім қару-жарақпен қорқыта алмайтынын мәлім етті. Сұхбат барысында Оливер Стоун президент Путинге «Foreign Affairs» журналының мұқабасында жарияланған сурет-коллажды көрсетті. Онда «Ресей нокаутта емес, нокдаунда жатыр» деген сипатта карикатура салынған.
—Бұл олардың өмірі орындалмайтын асыл арманы шығар. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Мұны бәрі біледі, бірақ ақиқатқа еш сәйкес келмесе де, жұртшылықты сендіру үшін айтады және жаза береді, —деді Ресей президенті.
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, қазіргі уақытта «Путинмен әңгіме» атты төрт сериялы деректі фильм АҚШ-та зор табыспен жүріп жатқанға ұқсайды,
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
aikyn.kz
[:]