АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Зағипа Балиева «зорланды» деген 7 жасар баламен кездесу үшін Шымкентке келді[:]

[:kz]

 

 

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева «зорланды» деген 7 жасар баламен кездесу үшін Шымкентке арнайы келді. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы мәлімдеп отыр.

Депутаттың айтуынша, ол сарыағаштық оқушымен кездесу үшін қалалық ІІБ-нің ғимаратына барыпты. Еске салайық, бүгін 7 жасар бала мен оның әжесін полицейлер вокзалдан ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген болатын. Зейнеткер немересін тәуелсіз сараптамадан өткізу үшін Алматыға алып бармақ болыпты. Алайда, тәртіп сақшылары оны қаладан шығарған жоқ.

«Біз қазір Шымкентке келіп, ІІБ-ге бара жатырмыз. Біз баламен және оның туғандарымен сөйлесеміз. Барлық құжаттарын тексеремін, баланы өз қорғауыма аламын. Жалпы бұл істі өзімнің жеке бақылауыма аламын. Келесі экспертиза мен басқа әрекеттер заң аясында жүргізілуі керек. Сондай-ақ, баланы экспертизаға дайындауымыз керек, өйткені бұл оның жүйкесіне әсер етуі мүмкін», — деді Балиева.

ОҚО-да 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары үздіксіз зорлап келген: мектеп басшылары болса істі жылы жауып тастамақшы

Депутат балаға сараптама Астанада жасалатынын айтты.

«Біз баланы Астанаға алып кетеміз. Алайда, ол үшін алдымен оның анасын тауып алуымыз керек. Қазір әйелдің қайда жүргенін анықтап жатырмыз. Сондықтан мен қоғамды сабыр сақтауға шақырамын, өйткені заңның толықтай сақталуын өзім қадағалайтын боламын», — деді ол.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны өзінің 7 жасар немересінің былтыр тамыз айынан бері үздіксіз зорланып келгенін айтып, жергілікті басылымдардың біріне шағымданған болатын. Баланың әжесі полицияға да, мектеп директорларына да арызданып барғанын айтып отыр. Алайда, олардың ешбірі ешқандай шара қолданбаған көрінеді. Сондықтан зейнеткер БАҚ өкілдеріне мұңын шағуға мәжбүр болған екен.

sn.kz

[:]