[:kz]
«Жаңа жылды наурызда атап өтемін, ұжымымды осы уақытта марапаттап, алғыс айтамын десеңіз, оған да мархабат».
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы facebook парақшасында жаңа жылды «арам» деп, оны атап өтушілерді «кәпір» деп шыға келетін қазіргі әсіредіншілдерге қарсы уәж айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бүкіл әлем қаңтар айынан басталатын күнтізбені қолданатыны айтпаса да түсінікті. Бүгінде көпшілік мұсылмандар да солай. Өйткені, үлкен әлем кішкентай ғана ауылға айналған мына жаһандану дәуірінде тіршілігімізді осы күнтізбеге қарай реттейміз.
Ендеше, онсыз да күнделікті өмірде жыл бойына қолданылып жүрген күнтізбенің аяқталуын қорытындылап, жаңа жылдың басталуын атап өтудің дінмен ешқандай қатысы жоқ. Атап өтпеудің де тақуалықпен байланысы шамалы. Тіпті, ұжымыңның жыл бойы жасаған жұмысын бағалап, оларға алғыс білдіру, сыйлық жасап қуанту – сауапты іс, үлкен мәдениет», — дейді жазба авторы.
Оның сөзінше, бұл қысқы мерекені атап өтушілер шариғат тыйған кейбір іс-әрекеттерден, ысырапшылдықтан аулақ болса жетіп жатыр. Сондай-ақ, ескі жылды қорытындылап, жаңа жылды атап өтуге ешкім мәжбүр де емес.
«Атап өту үшін өтірік аяз атасы да, дастархан басында 24:00-ді күту де шарт емес. Сондай-ақ, атап өтпейтіндер басқаларға артық әңгіме айтпағандары жөн. Әркімнің өз таңдауы.
Ал бұл уәжіме келіспейтіндер 2020 жыл деген сөзді келесі жылы күнделікті өмірде мүлдем қолданбағандары дұрыс. Өйткені, қолдану арқылы өздеріне өздері қарсы шығып, жаңа жылды мойындаған болады.
Жаңа жылды наурызда атап өтемін, ұжымымды осы уақытта марапаттап, алғыс айтамын десеңіз, оған да мархабат», — дейді дінтанушы.
Бұл ретте, ол сөзін Иса пайғамбардың туған күніне байланысты христиандар арасында әртүрлі көзқарас бар екенімен түйіндеген. Айтуынша. «солардың ешбірінде 1 қаңтар Иса пайғамбардың дүниеге келген күні емес».
Жазба астына пікір қалдырғандардың басым көпшілігі осы уәжге тоқтап отыр. Бұдан бөлек, Нұрбек Мейрамбекұлы деген желі қолданушы: «Астағфируллаһ», — деп түңілсе, Omirgali Zhadigerov деген азамат та Қайрат Жолдыбайға қолдау танытқандарға: «Қазақтар, болды, болды», — деп тоқтам айтқан. Сонымен қатар, Габдунур Мауленкул деген кісі: «Қайрат, сен бір жағына шық одан да, я мұсылман бол, я христиан бол», — деп өз ұстанымынан танбаса, желі қолданушы Salih Juma да: «Не боп кетті? Мұфтят сонымен жаңа жылды халал деді ме, ой, тауба?!» — деп, пікірді біржақты етіп бұра тартқан.
[:]