[:kz]
Бірнеше жыл бұрын ауыр жол апатына түскен Мария Сажнева кішігірім бизнесін ашты. Ол өзі жасаған бұйымдарын сатып, еміне ақша жинап жүр. Алматылық келіншек қазіргі жағдайын толығырақ Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Мария Сажнева 2013 жылы ауыр жол апатына түседі. Апат кезінде аяғы қатты жарақат алып, төсек тартып жатып қалады. Күйеуі арада екі айлық балаларының бар екеніне қарамастан тастап кетеді. Хабарсыз кеткен азамат осы күнге дейін Марияға да, ортақ балаларына да көмектеспеген. Десе де, араға 4 жыл салып қазақстандық бойжеткен өмірінің тізгінін қайта қолға алды. Ол өткен жылдың қараша айынан бастап кішігірім бизнеспен айналыса бастады. Яғни Алматы қаласында өзі жасаған әшекей бұйымдарын сатып жүр.
«2013 жылы ауыр жол апатына түстім. Маған екі күрделі ота жасалды. Шамамен бір жыл қозғалыссыз жаттым. Уақыт өте келе аяғыма жан кіре бастады. Талдықорғандағы «Асар» орталығының иесі Елдосқа барып емделдім. Жанна Ахметова және т.б. адамдар маған қол ұшын созды. Шыны керек, денемнің төменгі бөлігін көп уақыт бойы сезбей келдім. Жамбасым туралы сөз қозғамай-ақ қойсам да болады. Барлығы енді ғана қалпына келіп жатыр. Осылайша бірінші топтағы мүгедектер қатарына қосылдым. Өзіңіз білетіндей алатын жәрдем ақшамыз көп емес. Оның үстіне сәуір айында балам 4 жасқа толады. Жол апатына түскен кезімде ол небәрі 2 айлық еді», – дейді Мария ханым.
Жол апатына келіншек өзінің күйеуімен бірге түскен. Күйеуінің денсаулығына аса зақым келмеген. Десе де, ол отбасын тастап кетуді жөн көріпті. Сол оқиғадан кейін араға бір ай салып хабар-ошарсыз кеткен.
«Осы күнге дейін күйеуім маған да, балама да ешқандай көмек көрсеткен жоқ. Қайғылы оқиғадан кейін із-түссіз жоғалды. Сол себепті, кішігірім бизнеспен айналысуды жөн көрдім. Маған бұл ұнайды. Балама керек-жарағын алып бергім келеді. Дәрілерім мен еміме де көп ақша қажет болып жатыр. Бір қызығы, жол апатына түскенге дейін мұндаймен айналысқан емеспін. Алғашқы бұйымымды 2016 жылдың қараша айында жасадым. Бұл істен ақша мен ләззат қана алмаймын. Мұнымен қатар, саусақтарымның қозғалуы арқылы денсаулығыма тигізер пайдасы мол. Шамамен үш айдан бері айналысып жатырмын», – дейді келіншек.
Мария ханым дәл қазір әжесі, анасы, әкесі, бауыры және туған баласымен бірге тұрып жатыр. Айтуларынша, отбасылары өте тату. Анасы қызының денсаулығын қадағалау мақсатында уақытша жұмыстан шыққан.
Бағасы – 6 000 теңге
«Мен жол апатына түскелі бері әкем жалғыз өзі жұмыс істеді. Әжем күндіз үйде көмектесіп жүрді. Шүкір, қазір жағдайым жақсы. Тік тұрып кетпесем де, үй ішінде еңбектеп жүріп қозғала аламын. Анам да жуырда жұмысқа шықты. Бұйымдарымды тапсырыс берушілерге өзім жеткізе алмаймын. Оларға алдын ала «Мен сізге апарып бере алмаймын. Бірақ келіп алып кетем десеңіз мархабат» деп ескертемін. Көбінесе қарсылық білдірместен келіп, ұнағандарын алып кетеді», – дейді ол.
Мария ханым әзірлейтін бұйымдар қолжетімді. Құны мың теңгеден басталып, 10 мың теңгеге дейін жетеді. Бағасы жасалу техникасы мен тастың сапасымен тікелей байланысты. Арасында елімізде кездеспейтін бұйым түрлері де бар екен. Келіншек барша қазақстандық нәзік жандыны келе жатқан мерекелерімен құттықтады.
Бағасы – 8 000 теңге
«Әлемдегі барша әйелді, ананы, әжені, әпке мен қарындасты шын жүректен құттықтаймын. Олар әлемнің ең жақсысына лайық. Мен оларға махаббат пен денсаулық тілеймін! Көктемдей құлпырып, әрдайым бақыттың құшағында болсын. Әрқайсысына әйел бақытын сезінуді жазсын», – дейді Мария ханым.
Ал бұйымдарға 8 777 834 18 36 нөміріне хабарласу арқылы тапсырыс бере аласыздар. Мұнымен қатар, олардың суретін Instagram желісінен қарауға болады. Әрқайсысының бағасы суреттің тұсында жазылған.
stan.kz
[:]