[:kz]
Танымал блогер, экономист, журналист Дәулет Төлеутайұлы қазақтардың тойға «шашылуына» қатысты пікір білдірді. Айтуынша, біздің елде жағдайына қарамастан, несие алып той жасайтындар көп. Ал жаңа өмірге енді қадам басқан жастар ертеңге күні сол қарызды жаба алмай, ажырасуы мүмкін. Дәулет Төлеутай көпшілікке той жасамас бұрын ойлануға кеңес берді. Ол Динара Сәтжанға сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Әр қазақ баспаналы болсын» деп шырылдап жүрген блогер қазіргі уақытта 4 пәтері бар екенін ашып айтты. Ол басында баспанасы болмастан, брендті киімдер киетін адамдарды түсінбейтінін жеткізді.
«Бірінші кезекте өзінен аямау керек. Бірақ өзіңнен аямау керек екен деп, қарызға, Kaspi бөліп төлеуге киім алу дұрыс емес. Өзің өмірге бір-ақ рет келгеннен кейін, жақсыны көруге ұмтылу керек. Бірақ оның да шегі болады.
Пандемия кезінде талай адамды көрдім. Өткенде бір танысым, танымал адам үйі жоқ әлі күнге дейін, бірақ ол «Dior-дың 800-900 мың теңге тұратын сөмкесі бар» деп мақтанады. Dior-ың құрысын дедім, үйің жоқ, несіне мақтанасың? Бәрін жасап ал, әрі қарай бренд қуасың ба, өзің білесің», — дейді Дәулет.
Сондай-ақ, экономист «жиған-тергенің тойға шашылсын» деп бар тапқанын тойға жұмсайтын халықты түсінбейтінін айтты.
«Той да солай. 5 сағаттық тойға 5 жыл төлейтін кредит алады. Одан кейін екі жас ажырасты, дейді.
Жағдайың бар ма, Нұр-Сұлтанда 30 мың адамдық стадион бос тұр, сонда той жаса. Жағдайың жоқ па, көрпеңе қарай көсіл. Ұят болады дегеннің бәрі бос сөз.
Ертеңгі күні несие төлей алмай отырғанда ұяттың көкесі сонда болады. Той өтті, елдің бәрі жеді, пакетке салды, ысырап жасады, кетті. Ал ертеңгі күні екі жас қиналған кезде, сол тойға келген адамның біреуі «қиналып қалыпсыңдар, кредиттеріңді төлеп берейін» деп келе ме?
Той болу керек, бірақ әркімнің шамасына қарай. Той — Тәңірдің қазынасы. Тойдың арқасында біз қазақтығымызды жоғалтпай отырмыз. Бірақ микрокредиттік ұйымдардан 2 млн кредит алып, соны 5 млн етіп қайтарып отырған адамдар бар. Одан да екі жақтан кеткен ақшаны қосып, бастапқы жарна ретінде жастарға беріп, үй алуға болады», — деді Төлеутайұлы.
Сондай-ақ, ол баспаналы болу үшін қажетті бірінші шартты атады.
«Ең бірінші кеңес, тірі адам тіршілігін жасау керек. Отырсақ отыра береміз. Анау қымбат, мынау қымбат, заман сондай деп негативтің бәрін бойымызға жинап алатын болсақ, энергиямызды жоғалтып, әлсіз адамға айналамыз. Ал егер де «жоқ жасаймын, қолымнан келеді, айналамды өзгертемін, соған қарай талпынамын» дейтін болса, ол адам күш-қуат жинайды. Ал адамның бойындағы энергия түбінде ақшаға алып келеді», — дейді блогер
[:]