АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]»7-8 тамызда вирус шашылады» деген фейк қайдан шықты?[:]

[:kz]

 

Коронавирус пандемиясы кезінде вирус және вакцинаға қатысты түрлі жалған ақпарат тарады. Кейінгі күндері де коронавирусқа байланысты фейк жиілеп кетті. Көбі «вирус шашып жатыр» деген мазмұндағы хабарламалар. Tengrinews.kz тілшісі Желіде тарап кеткен фейктер топтамасын жасады.

«7-8 тамызда вирус шашылады»

 

Жақында қазақстандықтар WhatsApp арқылы фейк таратты. Хабарламада 7-8 тамызда «вирус шашылатыны», сондықтан далаға шықпау керегі жазылған. Жазба авторы «аурухана қызметкерлерінің» айтқанына сүйенген. Олар «стационарларда ауру жұқтырған науқастардың жаппай түсуіне дайындалып, оттегі баллондарын дайындап жатыр» екен.

«10-11 тамызда адамдар ауруханаларға көптеп түседі, терезені жауып, шыдап, өткізіп жіберейік. Таныстарыңызға айтыңыздар. Барлығы жоспарланған ғой. Әлсіздер өліп кетеді», — делінген хабарламада.

Stopfake.kz мәліметінше, бұл — фейк хабарлама. Желіде тараған жазбаны Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті теріске шығарды.

«Бұл — фейк. Ақпарат шындыққа жанаспайды», — деді ведомство өкілдері.

Жалған ақпарат бұған дейін эпидахуалға жасалған болжамға сәйкес тараған болуы мүмкін. Себебі 27 шілдеде Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев қалада пессимистік болжамға сәйкес, аурудың шарықтау шегі 10-11 тамызда болатынын, тәулігіне 1900-ге дейін жаңа жағдай тіркелетінін айтқан болатын.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да тамызда аурудың шарықтау шегі болатынын, нақты сценариймен алып қарағанда тәулігіне 9 мыңға дейін және пессимистік сценариймен 11 мыңға дейін жететінін айтқан болатын.

«6-8 тамызда вирус шашылады»

Кезекті фейк те «вирус шашуға» байланысты. Бұл жолы тараған аудиода 6-8 тамызда Маңғыстау облысы аумағына «коронавирус шашылатыны» айтылған.

Аудиожазбадағы мәліметке сүйенсек, «13 тамыздан бастап «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығына вирус жұқтырған жүкті әйелдер мен балалар түсе бастайды».

Бұл ақпарат жалған екенін Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады. Енді құқық қорғау органдары жалған ақпарат таратқан әйелдерді іздестіріп жатыр.

«У шашып жүр»

Мессенджерлерде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны түсіріп, таратқан видео да қызу талқыланды. Видеода адамдар белгісіз сұйықтық құйылған цистерналары бар жүк көлігімен жүреді. Видеоны түсіріп жатқан ер адам қызметкерлерден маскасын шешуді талап етіп, оларға «түнде жасырынып келіп, халықты қырып жатқанын» айтып, ашуланған.

«Шынымен масаларды улап жүрген шығар. Бұрын да улайтын еді ғой», «Қолындағы сұйықтықты сынамадан өткізуге зертханаға алып бару керек еді», «Масаларды улап жатыр деп айта алмаймын, адамдардың қан қысымы көтеріліп, балаларда дене қызуы көтерілуі жиіледі», — дейді Желі қолданушылары.

Бірақ бұл да жалған ақпарат болып шықты. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің мәліметінше, қызметкерлер маса мен шыбын-шіркейді улап жүр. Зиянкестерді жою жұмыстары кезінде дезинсекторлар адамдар, жануарлар мен өсімдіктер үшін мүлдем қауіпсіз ерітіндіні қолданған. Жұмыстар түнгі және таңертеңгі уақытта жүргізілген.

Жалған ақпарат таратқан адам ұсталды

Ал 2 тамызда Түркістан облысында «коронавирус шашылды» деген ақпарат таратқан тұрғын ұсталған болатын. Тұрғын таратқан видео танымал Telegram-арналардың бірінде жарияланған. Видеоны түсірген тұрғын далада тұрған Ан-2 ұшақтарын көрсетіп, оның жанындағы цистерналарда «коронавирус» барын айтады. Оның сөзінше, «коронавирус ұшақпен шашылған» екен.

Көп ұзамай Түркістан облысының полициясы видео авторын ұстады. Ол Ордабасы ауданының тұрғыны болып шықты. Тұрғын әдейі жалған ақпарат таратқанын мойындап, ол үшін кешірім сұраған.

Ал негізінде видеодағы ұшақтар Түркістан облысындағы алаңды жалға алатын жергілікті кәсіпкерге тиесілі екен. Ол ұшақтарды тыңайтқыш шашу үшін қолданған.

Видео авторына қатысты ҚР ҚК-ның 247-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша соталды тергеу басталды. Оған 1000 АЕК (2 917 000 теңге) дейін айыппұл, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не айыру немесе түзеу жұмыстарына тарту жазасын тағайындауы мүмкін.

Айта кетейік, жалған ақпарат таратуға қатысты түрлі жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекске сәйкес, жалған ақпарат таратқандарға 1000-5000 АЕК (шамамен 2,9-14,5 миллион теңге аралығы) көлемінде айыппұл, белгілі бір мерзімге (1-7 жыл аралығы) бас бостандығын шектеу не айыру немесе түзеу жұмыстарына тарту жазасы қарастырылған.

 

 

[:]