Кейінгі кезде тоқал мәселесі тренд болып тұр. Жұрт екіге бөлініп ап, бірі жақтайды, бірі даттайды. Жә, бұл мақала кімдікі дұрыс деген мақамда өрбімейді. Біздер «қазақ не үшін тоқал алды?» деген сұраққа жауап іздемекпіз. Сонымен, кеттік.
Құлағымыз ең көп шалатын сөз бар, ол — «бабам қазақ 4 әйел алған». Негізі, рас. Атамыз төртке дейін әйел алған. Бірақ, нәпсінің жетегінде кеткеннен немесе жетіскеннен емес. Қажеттіліктен.
Сонымен, старт басталды. ХVIII ғасырдың орта шені. Кейіпкеріміздің жасы 15 пен 17 аралығында. Осы жаста үйленіп үлгермесе, ертең соғысқа алынады. Шәйіт кетуі де мүмкін. Себебі, бұл заманда қазақтың айналасы анталаған жау еді. Жоңғармен жағаласып, орыспен соғысып, қоқанмен қан-жоса боп төбелесіп жатқан кез.
Шежіресі жалғассын деген ниетпен үлкендер жағы әлгі балаң жігітті үйлендіреді. Бұл кезде қандай махаббат? Әкең сен бесікте жатқанда біреумен құдаласып қойған болады. Сол қызбен некеңді қияды. Бітті. Жақсы көруге тиіссің. Жақсы көріп кетесің де. Себебі «руы бөтен» ең жақын ауыл мың шақырым алыста…
Уақытты жылжытайық. 25-30 жастың аралығы. Кейіпкеріміздің бірнеше шайқасқа қатысып үлгерген уағы. Алла тағала мұны бар соғыста аман алып қап отырды. Бірақ, өзімен бірге жорыққа кеткен аға-інілері қайтып оралмады. Ал олардың арттарынан шиттей бала-шағасы, жас келіншегі қалды. Әмеңгерлік деген жақсы дәстүр бар. Жетімді жылатпайды, жесірді қаңғыртпайды. Біздің жігітіміз 25-30 жасында екінші әйел алады.
Уақытты тағы сырғытайық. Кейіпкеріміздің жасы қырықтың қырқасына шығады. Дәулеті бар болса, үшінші әйел алады. Бұл жолғысы қажеттіліктен емес. Ұнатып жүргенді алады.
Тағы да уақытты зымыратсақ. Кейіпкеріміз ақсақал болуға жақындаған уағы. Жасы елуді еңсеріп, алпысты алқымдауға келе жатыр. Бірақ, тақым мықты. Ал әжелеріміздің жатырының мерзімі түгесілген. Бала көтере алмайды. Ал қазаққа баланың көп болғаны керек. Көшпенді өмір оңай емес. 10 бала туылса, соның тек бес-алтауы ғана аяққа тұрып, адам болып кетеді. Бірақ, ат жалын тартып мінер уақытта, жұқпалы аурудың тырнағына іліксе, сол 5-6 тұяқтан да көз жазып қалу оп-оңай. Одан тірі қалғанды, соғыс жалмауы мүмкін… Қысқасы, көшпендінің баласының көп болғаны ләзім. Биологиялық бұйрық – бағзы жұбайлар жарамаса, жаңасын һәм жастауын алу керек деп тұр. Кейіпкеріміз төртінші рет 20-30 жас аралығындағы қызды некелейді.
Міне, атам қазақтың не үшін 4 әйел алғанының себебі. Бірден ескертейін. Көп әйелді иманы мен шамасы жеткені ғана алған. Яғни, тоқал алу дәулетті кісілердің шаруасы.
Дәулетті демекші. Сізге бір қызық жайтты баян етейін. Осы бай-бағланның арқасында қазақ бірінші аштықта үлкен демографиялық орға түсіп кетпей, аман қалды! Ол былай болған: коммунистер 1918 жылдан бастап халықтың қолындағы бүкіл малын тартып алады. 1922 жылы қазақ жерге нәр таппай, 1 миллион 700 мың адамынан айырылады. Алаш арыстарының арқасында жағдай түзеледі. Арада 10 жыл өтеді. Қазақ бірінші аштықта жоғалтқан санын қайта түзейді. Яғни, осы он жылдың ішінде 1 жарым миллион бала туылады! Ол кімнің балалары? Әрине, бай-бағланның балалары. Осы көп әйел алушылықтың арқасында біздер бірінші аштықтың демографиялық қасіретінен тез құтылып кеттік.
Екінші аштық 1932 жылы келді. Ол кезде Кеңес үкіметі мықтап орнап, көп әйел алушылыққа тиым салынып еді. Сол 32-нің демографиялық орынан әлі шыға алмай келеміз. Себеп – көп әйелмен көп бала қалдыру мүмкіндігінен айырылған едік…
Қазір де дәулеттілерге назарды бұруға болар еді. Бірақ… Сол байлардың тоқал туралы пайымы пасықтау болып тұр ғой. Рас, байшыкештер ғана емес, қарапайым мынау біздерің тоқалды «әйел» деп қабылдай алмаймыз. Тоқал біздің пайымда ашына дегенге пара-пар.
Соңғы кезде діндар бауырларымыз инциативаны қолға ала бастады. Бірақ, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді деген бар емес пе? Небір сектанттар кіріп кетіп, бұл көп әйел алушылықты жезөкшеліктің деңгейіне түсіріп жіберді.
Байшыкештер «ашынасын» әуелгі әйелінен жасырып ұстап, тығылып барса, мынау сектанттардың да қылығы тура сондай. Бірақ, байлар еш болмаса, нақсүйеріне үй алып беріп, жағдайын жақсартып қояды. Байланыстары кілт үзілгенде, ешкім «жапа» шекпейді. Ал өзін діндар санап жүргендер мұның біреуін істемейді. Үй былай тұрсын, сол тоқалға мәхр, яғни неке сыйлығын алды ма деші?
Есімде, осыдан 3 жыл бұрын, қарындасымдай болған қыз өзінен едәуір үлкен кісіге тұрмысқа шықты. Екіншісі болып. Бірер ай пәтер жалдап, махаббат құрған. Содан сабазың үйге барған. Бірінші әйелі үстінен тағы біреуді алғанын білген. Үйде төбелес жасаған. Мынау жаздым-жаңылдым деген. Сөйткен де, жалдамалы үйдегі тоқалына кеп, талақ деген де ұшты-күйлі жоғалған. Аяғы ауыр әйелдің ақшасы жоқ. Жесірді үй қожайыны қуып шыққан.
Мұнан да сорақы оқиғаны естігенім бар. Астанадағы Ғылмани мешітінің молдасы Мамлүк ағама бір шаруалармен барып едім. Отырып қалдым. Біраз әңгіме айтылды. Осы кезде отыздарға таяп қалған келіншек кірді. Жылап отыр. 9 рет тұрмыста болыпты.
Өзі мешіт жанындағы базарда бірнеше дүкен ұстайтын бақуатты келіншек екен.
«Сол іні-сіңлілерімді жетілдіремін деп жүріп қалдым. Жер ортасына жеткенде намаз оқитын, ұқыпты бір жігітке кез болдым. Сөз айтты. Мен көндім. Ай тұрдық. Жыл өтті. Ал отағасы жұмыс істемейтін. Менің тапқан ақшамды жеп, үйде жата берді. Содан намысым кеп: «Ер-азамат отбасын асырауы керек, неге жұмыс істемейсің?» дедім»
Келіншек өксіп жылап жіберді. Не керек, күйеуі бұған қатты ренжіп: «Сен шариғатты бұздың, әйел ердің алдына шығып, сөз айтпауы керек» деп оны талақ етеді. Әрі бір күннен соң араласып жүрген таныс жігітке мұның көзінше телефон шалып: «Мен әйелімді талақ еттім, Алланың разылығы үшін оны енді сен ал!» депті.
Күйеу жоғалған. Бірер күннен соң жаңа «ухожер» кез болған. Тіл мен жаққа сүйенген. Көнбей жатса, «Сен Құдайға қарсы шықпа. Жесір әйел ертерек тұрмысқа шығуы керек» деген. Не керек, бұл да көндірген. Бірер ай ойнаған да, ол да кеткен. Не керек, бұрынғы күйеуінің достары келіншекті бірінен-біріне қақпақыл етіп, ойыншық қылған.
– Бес жылда 9 рет күйеуге шықтым. Тоғыз рет талақ болдым… Талақ қылған соң әрі кетсе 10-15 күнде екіншісі әйел етіп алып отырды. Олар қыздарға, әйелдерге қолын сүртетін орамал сияқты қарайды. Олар тек қана нәпсісін тояттандыру үшін осындай істерге барады, – деп, еңкілдеп отыр әлгі келіншек.
Ең сорақысы, талақтың құрбаны болған оның баласы бар. Әкесінің кім екенін тап басып айта алмайды… Намаз оқып, Алланы ауызына алып, талақты ойыншыққа айналдырып, қыздардың тағдырын қақпақыл қылғандар кімдер? Бұлар ешқандай да мұсылман емес. Бұлар бар-жоғы нәпсісін дін етіп алғандар ғана. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ләззат алу мақсатымен ғана жиі-жиі әйел ауыстырған еркектерге, жиі-жиі күйеу ауыстырған әйелдерге Алла лағынет етсін» делінген. Қысқасы, бұл кімдер дейсіз бе? Әлгі радио-журналда радикал, такфиристер деп айтып жатады ғой… Міне, мыналар сол айтылатындар.
Не істемек керек?
Дін атын жамылғандарды тілдегенмен, кінәлағанмен ештеме өзгермейді. Ең әуелі, әркім өз қызына ие болуы керек. Мәселенің барлығы қыз бен ата-ананың арасындағы қарым-қатынасқа байлаулы. Қызыңыз намаз оқып бастады екен, бірден қарсы тұрмаңыз. Біліңіз, қай мәзхаб немесе нендей ағымға ілінгенін. Ол үшін сізге ілім керек. Бала қымбат па? Онда ізденіңіз, меңгеріңіз ата дініңізді. Неге бұлай айтып отырмын?
Көбінде бұл сектанттар «әкесі намаз оқымайтын болса, қызын оның разылығынсыз некелеп алуға болады» дегенді ұстанады. Неке қиғанда қыздың әкесінің орнына жамағаттың өзге бір мүшесі уәлилік ете салады. Болашақ күйеу бала «құдалық – бидағат, сырға салу – бидағат, той жасау – бидағат» дей бастаса, бітті. Бұл сектант. Некесін қимай тұрып, онымен қош айтысқан дұрыс.
Сосын жаппай тоқалдықты насихаттаудан абайлауымыз керек. Әсіресе елге танымал әншілердің, биші-күйшілердің « екіншіге қарсы емеспін» дейтін сөздеріне тұсау қойылсын. Себебі – «кумирлерім қарсы болмаса, мен тәйірі кіммін» деген шолақ ой қарындастарымызды жас иіс аңдыған сектанттың апанына бір-ақ апаруы мүмкін!
Қысқасы, көп әйел алушылық әлі де актуалды. Бірақ, дәулеті жеткен, иманы көтеретіндер ғана қол созсын. Әйтпесе қызды-қыздымен алып, бірінші әйеліңнен қорқып, тастап кету жақсылық емес. Сосын, дәл қазір бұл тақырыпты жаппай насихаттаудың да қажеті шамалы. Себебі «тоқал» дегенді әлі де ашынаның ар жақ, бер жағы санайтын біздің қоғам «екіншілікке» көнген қызды қор қылады.
http://jaqsy.kz/article/view?id=495