АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Біз осы не бітіріп жүрміз?

1_311ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығымен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, журналист Болатбек Төлепбергеннің жаңа кітабы осылай аталады.

Автордың «Біз осы не бітіріп жүрміз?» атты публицистикалық еңбегі ұлтымыздың кешегісі мен бүгінгісіне арналған. Атап айтқанда, Алаш қайраткерлерінің ел тарихындағы алатын орны мен тәуелсіздік толғауы – қазіргі әлеуметтік болмыс пен санадағы ұлттық идея арақатынасын зерделеген. Сонымен қатар, қазақтың ортақ құндылық бастауын жасау және жас ұрпақ бойына отансүйгіштікті сіңіру мәселелері аталған еңбекте жан-жақты көрініс тапқан.

Елді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаратын басымдықтар мен ұлттық идеяны іздестіру мәселесі, сонымен қатар, қазіргі уақытта ұзақ мерзімдік ұлттық идеологияны айқындаудың қажеттілігі аталған еңбекте лайықты тұрғыда талданған. Автордың тілі жатық, ойы түсінікті, қаламгерлік қарымы айшықты.

«Алаш қозғалысынан тәуелсіздікке дейін» атты бірінші бөлімде ұлт пен ұлтшылдық, ұлттық сана мен ұлттық бірегейлік және оны қозғайтын интеллектуалдық элитаның рухани және әлеуметтік қызметтерін сараптау негізінде ХХ ғасырдың басында заман талабына сай сапалық тұрғыдан жетілген және өз эволюциясының жаңа сатысына көтерілген қазақтың ұлттық идеясы – Алаш идеясы және қозғалысы бағамдалады.

Автор Алаш идеясы туралы пайымдарын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық-саяси құбылысқа байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынады. Алаш идеясы таразылап, ХХ ғасырдың түрлі кезеңдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы  өзара  логикалық  байланысты ұтымды баяндалған. Болатбек Төлепберген Алаш идеясы үшін күресті кеңестік билік жағдайында жалғастырған қоғамдық ұйымдар мен жеке азаматтардың қызметін нақты құжаттық материалдар арқылы тамаша береді. Сондай-ақ, тәуелсіздіктен кейінгі қазақ жастарының саяси-әлеуметтік жағдайы да жан-жақты талданған. Алаш идеясына қызығушылық танытқан барша оқырман, жастар және жоғары оқу орындарының студенттері бұл бөлімнен біршама мағлұматтар табары анық.

«Жасампаз идеяның жалғасы» атты екінші бөлімдегі публицистикалық толғауларға ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері арқау болған. Өз авторлығымен және құрастыруымен жиырмаға жуық тарихи-ағартушылық бағыттағы кітаптарды жарыққа шығарған автордың бұл еңбегі көсемсөз жанрында жазылған дүниелер.  Аталған бөлімнен – Елім деп соққан жүректердің лүпілін, зайырлы мемлекеттің өткені мен бүгіні, болашағы, тарихы мен шежіресі, тілі мен ділі, азаттығы мен еркіндігі менмұндалап тұрады.

Сонымен қатар, автор жаhандану жағдайында зияткерлік ұлт қалыптастырудың, бәсекеге қабілетті қауым тәрбиелеудің, алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылудың бастауы ретінде қазақ халқының рухани мұрасын тереңдете зерттеп, оның құнды рухани мол байлығын жастар арасында насихаттау, бүгінгі ашықтық пен мәдени плюрализм аясында басқа мәдениеттер мен өркениеттерге жеткізе білу – ұлттық идеяның үйлесімді қалыптасуы барысындағы оңтайлы және келешегінен үміт күттіретін әрекет екендігін аталған бөлімде таразылайды.

Ал «Әңгімелер» атты үшінші бөлім публицист-қаламгер, ғалым-зерттеуші Болатбек Төлепбергенді жазушылық қырынан таныта түседі. Бұл бөлімде автордың әр жылдары жазған, ешқандай кітаптарға, жинақтарға енбеген прозалық шығармалары, яғни әңгімелері енгізіпті. Бұл бөлімдегі кейіпкерлерін де жанындай жақсы көріп, әсем табиғатты әсерлі етіп суреттеген, ұлтжандылық пен елжандылықты елжірей отырып насихаттаған. Жүрегі халқым деп соққан қарлығаш көңіл қаламгер қасиетті дәстүрлерімізді жаңғырта, нәрлендіре түскен.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

Dalanews.kz – ақпарат агенттігі