Оңтүстік Қазақстан облысында жанар-жағармай тапшылығы жоқ, баға тұрақты. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте ОҚО «Жанар-жағармай қауымдастығы» төрағасы Қайыпбек Қамбаров мәлім етті. «Нарықтық заманда бағаның құбылмалы болуы заңды. Бүгінде жанармай бағасы 125 теңгеге тұрақтап тұр. Елімізде бензинге қажеттілік 17 млн. тонна болса, бүгінде оның 70 пайызын республикадағы 3 мұнай өңдеу зауыты өндіруде. Ал қалған 30 пайызы Ресейден тасымалданып жатыр. Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынса бензин жетіспеушілігі жойылып, артық өнім өндіруіміз мүмкін»,- деді Қ.Қамбаров. Айта өтейік, Оңтүстік Қазақстанда 550 мыңға жуық автокөлік бар. Теміртұлпарлар айына, орта есеппен, АИ-92 маркалы бензинінен 25 мың тонна, АИ-80 маркалы 10-12 мың тоннаға жуық бензин өнімін тұтынады. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында сөз алған «Майсс» ЖШС-і директорының орынбасары Тұрсын Алтасов облыста 560 жанармай құю бекеті болса, оның 60-тан астамы ірі компаниялар екенін айтты. Жиын спикерлерінің мәліметінше, өңірде тұтынылатын бензиннің 90 пайызы облыстағы мұнай өңдеу зауытында өндіріледі. Сондықтан, аймақта жанар-жағармай тапшылығы болмауы тиіс. Яғни, облыста сұйық отын қоры жеткілікті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі