Ақмола облысының Қалашы ауылындағы себебі анықталмаған «ұйқы» ауруының эпидемиясы басталғалы екі-үш жыл болып қалды. Қазіргі кезде бұл ауылдың тұрғындары басқа жаққа қоныс аударып жатыр. «Ұйқы» ауруы жайлаған Қалашы ауылынан жүзге тарта отбасы басқа елді мекендерге көшірілді.
Жақында тағы 23 отбасы жаңа пәтерлердің кілттерін алды. Ақмола облыстық әкімшілігінің хабарлауынша, «Жұмыспен қамту Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Державинск қаласында салынған 75 пәтерлік тұрғын үйдегі пәтерлердің кілті Қалашы мен Красногорск ауылдарында тұратын 16 отбасына (27 адам) салтанатты түрде табысталыпты. Сондай-ақ, Есіл ауданының Заречное ауылында күрделі жөндеуден өткен үйдегі пәтерлердің кілті «ұйқылы» Калачи ауылынан көшірілетін 13 адамнан тұратын 7 отбасына тапсырылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Аманбек Қалжанов қатысып, жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Қалашы ауылының тұрғындары үшін бұл расында да үлкен қуаныш болды. Іші жиһазға толы жаңа пәтерді су тегін беріп жатса қалайша қуанбасқа. Заречное ауылындағы екі қабатты ғимарат 20 жылға жуық уақыт бос тұрған екен. Биыл облыс әкімінің ұсынысымен бұл ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 8 пәтерлі тұрғын үй ретінде қайта жасалған. «Заречный» ЖШС-нің директоры Уәлихан Ариповтың айтуынша, көшірілгендердің барлығы – зейнеткерлер екен. Оларға пәтер мен тұрмыстық жиһаз қайтарымсыз, тегін берілген. Сонымен бірге, жылу мен суға төленетін қаржыны да серіктестік өзіне алатын көрінеді.Жаңа пәтерлерге қоныстанғандар тек пайдаланған электр энергиясы үшін ғана ақы төлейтін болады. «Заречный» ЖШСүйді жөндеуге 45 миллион теңгеден астам қаражат жұмсапты.
Заречное елді мекеніндегі үйден үш бөлмелі пәтер алған Қалашы ауылының тұрғыны Виталий Радченко барлық қоныс аударушылардың атынан жылы, жиһаздары бар жаңа баспанаға көшуді ұйымдастырғаны үшін аудан басшылығына және пәтерлерді меншік мүлік ретінде беріп отырған, жылу мен су ақысын мойынына алған «Заречный» серіктестігіне алғысын айтты. Қалашы ауылынан осы уақытқа дейін 96 отбасы осы ауданның басқа елді мекендеріне қоныс аударыпты. Бұлардың барлығын көшіруге аудан әкімшілігі атсалысып, тиісті көмек берді. Ауылдан көшпес бұрын әкімшілік тұрғындарды жаңа қонысқа апарып берілетін пәтерлерді көрсетіп, келісімін алады. Таяу арада Қалашы мен Красногорск ауылдарының тұрғындарын көшіру үшін Есіл қаласында 118 пәтерден тұратын екі тұрғын үйдің құрылысы бітеді. Олар алдағы қараша-желтоқсан айларында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Ақмола облысы Қалашы ауылындағы белгісіз аурудың нақты себебі әлі анықталған жоқ.Оны анықтау үшін Денсаулық сақтау, Индустрия және жаңа технологиялар, Өңірлік даму және Төтенше жағдай вице-министрлері бірігіпведомствоаралық жұмыс тобы құрған болатын. Комиссия Қалашы ауылының әлеуметтік-экономикалық және табиғи-климаттық жағдайына зерттеулер жүргізді. Қалашы тұрғындары мен Красногорск ауылының халқын медициналық тексеруден өткізді. Бұл комиссия 2013 жылдың наурыз айынан бастап энцефалопатияның пайда болу себебін анықтайтын 7 мыңға тарта зерттеу жұмысын жүргізді. Осыған байланысты инфекциялық және бактериялық факторлар жоқ деген тұжырым жасалды. Қалашы ауылындағы ұйқы ауыруына радон факторы да себеп болмаған екен. Ұлттық ядролық орталық Қалашыдағы жағдайға қатысты«халыққа экологиялық қауіп пен қоршаған ортаның зияны жоқ» дегенқорытынды шығарды. Ауыл төңірегіндегі гамма-фон мөлшері қалыпты деңгейде екен. Сондай-ақ, тұз бен ауыр металдардың да бұған қатысы болмай шықты. Ал медицина бұл сырқаттың алдын алу мүмкін емес екенін мәлімдеді. Осылайша билік «ұйқы» басқан елді мекендерден тұрғындарды басқа жаққа қоныс аудару туралы шешім қабылданды.