АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ахметов ісі. Ә. Ақмолдаевтың қарызға ақша алғаны расталды

e037dc010172aec53017b5b8d54-1-mgzuz8r90rr926te5030rf0d5rxu88r70rermrbbq627 қазанда Қарағанды облыстық сотында экс-премьер Серік Ахметов бастаған экс-шенеуніктер мен кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс бойынша куәгерлерді тыңдау одан әрі жалғасты. «
айыпталушы, әрі куәгер – «Қазақстандық өнеркәсіптік корпорация» ЖШС-нің бас директорының экс-орынбасары Әлжан Ақмолдаевтың жауаптарын толық растады. Айта кетелік, 20 қазандағы сот отырысында куәлік берген Ә. Ақмолдаев Ахметовтердің араб компанияларының шотына 2 млн. 440 мың АҚШ доллары аударылғанын хабарлаған еді. Соттағы сөзінде ол С. Ахметовтің ұлы – Даниярдың БАӘ-де тіркелген компаниялардың шотына 4 млн. АҚШ долларын аударуды өтінгенін айтты. «Мұнша көлемдегі көп ақшаны табу үшін, қарыз алдым» деді сол жолғы сотқа берген түсінігінде куәгер. Оған қарыз берген адамдардың бірі – М. Сейітқұлов болып шықты.

М. Сейітқұловтың айтуынша, ол Ә. Ақмолдаевпен Алматы қаласындағы Қазақ басқару академиясында бірге оқыған кезінен таныс болған. Көп жылдар бойы бір-бірімен хабарласып, кездесіп тұрғандықтан араларында сенімді қарым-қатынас орнаған. Куәгердің сөзінше, 2012 жылдың қаңтарында Астанаға келген бір сапарында Әлжан одан 1 250 000 АҚШ долларын қарызға беруін сұрайды. Көп ұзамай Әлжанның Алматыға жолы түсіп, 2012 жылдың ақпан айында екі дос кездеседі. М. Сейітқұлов өзінің «Халық банкіндегі» сейфтік ұяшығынан 400 000 АҚШ долларын алып, досының қолына ұстатады. Одан кейін Ә. Ақмолдаев қалған ақшаны да тауып беруге бірнеше рет өтініш жасаған. Осы өтінішін қанағаттандырмақ болып, Сейітқұлов 2012 жылдың шілде айында сенімді танысы Дархан Ботабаевтан қарызға 850 000 АҚШ долларын алады. Соның ішінде 600 000 долларын қарызға береді. Ол ақшаны да алу үшін Әлжан Алматыға ұшып келеді. Қалған 250 000 долларды ол 2012 жылдың желтоқсан айының басында береді.

Сот отырысында прокурордың: «Мұндай аса ірі көлемдегі ақшаны қайдан алдыңыз?» деген сауалына куәгер: «Өзімнің жинаған ақшам. Ай сайын 10-15 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алып жүрдім. Ақшамды «Халық банкіндегі» сейфтік ұяшымда сақтап келдім» деп жауап берді. Айтарлығы, М. Сейітқұлов сотқа дейінгі тергеуде берген барлық жауаптарын растады. Прокурор Р. Тобықов сотқа дейінгі тергеу барысында аталған куәгердің «Халық банкінде» ақша сақтайтын жеке ұяшығы барының дәлелденгенін айтты. Сондай-ақ, сотта прокурор мен куәгердің арасындағы сұрақ-жауап былайша өрбіді:

— Ә. Ақмолдаев сізден қандай сомада қарызға ақша беруін сұрады?

— 1 250 000 доллар сұрады.

— Ол ақшаңызды кейіннен толығымен қайтарды ма?

— 250 000 долларын қайтарған жоқ.

М. Сейітқұловтың айтуынша, 2014 жылдың басында Ә. Ақмолдаев оған хабарласып, істің оңға басқанын айтып, ақшасын көп ұзамай қайтарып беретінін жеткізеді. Сөйтіп қарызға алған ақшасының 1 000 000 долларын қайтарады. Ақмолдаев алған қарызын екеуінің ортақ досы А. Өтеғұлов арқылы жеткізеді. Ол полиэтилен пакетке салынған ақшаны М. Сейітқұловтың кабинетіне үш рет бас сұғып,  300 000 — 400 000 доллардан әкеліп береді.

 

Әмина БӘКІР