Жамбыл облысының Қордай ауданында «ұлтаралық алауыздық тудырды» деп айыпталған блогер Ермек Тайшыбековтің сотында куәгерлерден жауап алу жалғасты. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкері өзінен жауап алу кезегі келгенде Е. Тайшыбековтің бауырын, журналистер мен сотқа қатысып отырған басқа да адамдарды сот залынан шығаруды сұрады. Бұл жайлы Азаттыққа сотқа қатысып жатқан Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро өкілі Андрей Свиридов хабарлады.
— Судья ҰҚК қызметкерінің өтінішін мақұлдап, одан жабық түрде жауап алды. Жауап алуға процеске тіке қатысушылар ғана, яғни Е. Тайшыбеков, оның адвокаты мен прокурор қатысты. Қалған адамдарды соттан шығарып жіберді, — деді Свиридов.
Сотта Е. Тайшыбековтің әлеуметтік желілердегі жазбаларын «ұлтаралық алауыздықты қоздыру белгілері бар» деп тапқан сот сарапшыларынан жауап алу да жоспарланған еді. Бірақ, сот сарапшылары сотқа келмеді. Судья Қайрат Белгішев сарапшылар 17 қарашаға белгіленген келесі сот отырысында жауап беретінін айтты.
Қордай ауданының 37 жастағы тұрғыны Ермек Тайшыбеков Facebook және «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде ресейшіл бағыттағы, Қазақстан мен Ресейдің саяси қарым-қатынасын тереңдетуге үндеген сарындағы пікірлерімен танылған. Оған қарсы іс 30 маусымда қозғалған.
Е. Тайшыбеков тамыз-қыркүйек айларында Алматыдағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жатып шыққан еді. Орталық зерттеулері Е. Тайшыбеков денсаулығында ешқандай психикалық кемістіктер жоқтығын анықтады.
«Қамшы» сілтейді