Еліміздегі туристік қауымдастықтың мәліметінше, өзге елдерге демалатындардың қатары өткен жылдың өзінде 20%-ға төмендеген. Ал биыл бұл көрсеткіш тағы бірнеше есеге азайған. Туристік агенттіктер тұтынушыларды жоғалтпау үшін барын салуда. Бірі түрлі жеңілдіктер ұйымдастырса, енді бірі жедел жолдамалар сатып әлекке түсуде. Қазақстандықтар күздің қара суығында жылы жаққа барып демалғылары келеді. Қазір Таиланд, Гоа, Дубай мен Мысыр елі азаматтарымыздың демалыстарын өткізетін елдердің көшін бастап тұр. Биылдың өзінде мыңдаған азамат жаңа жылды жылы жақта қарсы алуды жоспарлап қойған. Алайда олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 60-70%-ға дейін азайып кеткен. Туристік агенттік өкілдерінің айтуынша, қазақстандықтардың шетелде демалуына доллардың қымбаттауы қолбайлау болып тұр. Айгүл Сәтжанова, Қазақстан туристік қауымдастығының мүшесі: — Күзгі-қысқы демалыстарды ұйымдастыру кезінде қиындықтар бар. Біздің компания 4 жыл қатарынан тау шаңғысы курорттарына туристерді чартерлік рейстермен жеткізетін. Жолдамалар 2-3 айдың ішінде өтіп кететін. Биыл сұраныстың жоқтығынан көптеген рейсті тоқтатуға тура келді. Былтырғы жылмен салыстырғанда чартерлік рейстердің өзі 30-40%-ға дейін төмендеді. Қазір демалушылар алдымен бағаға мән береді. Кейін асықпай таңдау жасайды. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс туристік агенттіктерге де оңай соқпай тұр. Заман ағымына қарай бұлар да өзінше амалдайды. Қымбат жолдаманы қалтасы көтермейтін тұрғындар үшін тиімді тәсіл ойлап тапқан. Мәселен, қымбат қонақүй, ішіп-жеуге кететін шығындарды қысқартып, бағасы қолжетімді елдерге саяхат ұйымдастырып жатыр. Анаргүл Ислямова, туристік компания директоры: — Біз осы жағдайға дайын болдық. Туристік сала сұраныстың азаюына орай бейімделді. Биылдың өзінде саяхаттаушылар 30-40%-ға азайды. Біз қол қусырып отырған жоқпыз. Жолаушылардың бағыттарын өзгертуіне жағдай жасап, неғұрлым арзан елдерге демалуға кеңес береміз. Мамандардың айтуынша, биыл еліміздегі шипажайлар мен демалыс орындарының тамырына қан жүгірмек. Өйткені қымбат жолдаманы қалталары көтермейтіндер жергілікті тынығу орындарына ағылады. Әлемдік дағдарыс отандық туризмді дамытуға таптырмас мүмкіндік беріп отыр. Әрине, бастысы – еліміздегі тынығу орындарының бәсекеге қабілетті болуы. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасы мен ұйымдастыру жұмыстарының талаптарға сай болуы тиіс. Анар Базмұхаметова, қала тұрғыны: — Біз екі жыл қатарынан Таиландта демалдық. Екі адамға жолдама 262 мың теңге болатын. Яғни бір адамға 600 доллардың көлемінде еді. Биыл да осы баға. Бірақ доллардың курсы жоғары. Мұндай жағдайда шетелге шығу мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта өз еліміздегі демалыс орындарының бірінде тынығамын деп жоспарлап отырмын. Қазір кейбір шетелдік саяхатшылар ресейлік ұшақтың апатқа ұшырауы себепті Мысырға аяқ баспайды. Ал қазақстандықтарды керісінше бұл жағдай ойландырмағанға ұқсайды. Себебі Шарм-эль-Шейх демалыс аймағына сұраныс азаймаған. Қазір жолаушылар бұл елге Алматыдан тікелей аттанып жатыр. 7 қараша күні оңтүстік астанадан 200-ден астам қазақстандық жылы жаққа бағыт алған. Ал азаматтық авиация өкілдері қауіпсіздік мақсатында жолаушылардың жүктерін жіті тексерумен шектелуде.
http://24.kz/