«Айқын» газетінің редакциясына Алматы облысы Сарқан ауданынан бір күнде үш тұрғын хабарласып, өздерінің тұрақты жұмыс табуына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы басшыларының көмектескендігін хабарлап, оларға алғыс айтқылары келетіндігін жеткізді.Телефон шалғандардың бірі – Лепсі ауылының тұрғыны Әлия Рақымжанова. Әлияның айтуынша, төрт баласы бар, күйеуі аурушаң. Соңғы жылдары ұзақ уақыт бойы жұмыс жоқтығынан не істерін білмей дағдарып жүріпті. Содан ол өзін қинаған жұмыссыздықты айтып, «Нұр Отан» партиясының Сарқан аудандық филиалындағы азаматтарға жолығыпты.
– Партияның «Қоғамдық қабылдау» бөлімінде мені Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Түсіпов мырза қабылдап, жағдайымды толық түсінді. Содан ол кісі мені аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жіберді. Бастапқыда олар маған екі ай бойы ақысы төленетін жұмыс берді. Сөйтіп, мен Лепсі ауылын көркейту жұмысына үлес қостым. Бірде осындағы көшелерді қоқыстан тазартсам, енді бірде ағаш егіп, көгалдандыру жұмысымен айналыстым. Осылай екі ай бойы жұмыс жасап, біраз қаражат таптым. Одан соң «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы басшыларының көмегімен Лепсі ауылындағы Ушинский атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Міне, мен осылай «нұротандықтардың» көмегі жағдайында тұрақты жұмыспен қамтылдым. Ай сайын тиесілі айлығымды алып, отбасымды қуантуға қолым жетті. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қызметкерлеріне сіздердің басылым арқылы алғыс айтқым келеді, – деді бізге Лепсі ауылының тұрғыны Әлия Рақымжанова.
Сондай-ақ осы аудандағы Көкжиде ауылының тұрғыны, қарамағында үш баласы бар жалғызбасты ана Бақытжан Уәлиева да «Нұр Отан» партиясының Сарқан аудандық филиалына жағдайын айтып барып, жұмыс тауып беруін өтінген екен. Қарапайым тұрғындардың әлеуметтік жағдайын бірінші орынға қоятын нұротандықтар Бақытжан Уәлиеваны да екі ай бойы уақытша қоғамдық жұмысқа тартады. Осы уақыт аралығында Бақытжан өзіне тапсырылған әрбір істі ыждағаттылықпен атқарып, қолынан іс келетінін көрсете біледі. Содан оған үлкен үміт артқан «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалының басшылары оны Көкжиде ауылындағы дәрігерлік ауруханаға жұмысшы етіп орналастырды. Бақытжан болса, өзіне көмек көрсетіп, жалақысы бар тұрақты жұмыс тауып бергені үшін нұротандықтарға шексіз алғыс айтуда.
Біз Алматы облысы Сарқан ауданындағы «Нұр Отан» партиясының филиалына телефон шалып, аудан әкімінің орынбасары Мұрат Түсіпұлымен әңгімелесіп, партияның жергілікті филиалының аудан тұрғындарымен байланысы туралы сұрап білдік
– «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы тұрғындармен үнемі тығыз байланыста. Мысалы, үстіміздегі жылдың он айы ішінде біздің партия филиалына 103 тұрғын өздерінің ой-толғаныстары мен шағымдарын айтып келді. Соның ішінде 10 тұрғынның арыз-шағымы дереу қанағаттандырылды. Әзірге бір мәселе, толық шешілмей тұр. Ол – Алматы облысына алыс-жақын шетелдерден қоныс аударған оралман ағайындарды құжатпен қамту, яғни азаматтық алу мәселесі. Дегенмен, заң талаптарына сәйкес алуан түрлі анықтама жинау үшін уақыт керек. Қазір бұл мәселе жан-жақты пысықталуда. Алдағы уақытта бұл мәселе біртіндеп шешілуге жақын. Тағы бір маңызды мәселе, қазір тұрғындар көп жағдайда бізге жұмыссыз жүргендеріне шағымданып, жұмыс тауып беруімізді сұрайды. Осыны ескеріп, біз қайткен күнде оларды жұмысқа тартуға тырысамыз. Мысалы, елімізде қабылданған тұрғындарды «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес біз жұмыссыз тұрғындарды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып жұмысқа тартудамыз. Нәтиже де жаман емес. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалының көмегімен біраз жыл бойы жұмыссыз жүрген бірталай адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылды. Тағы бір мысал, Лепсі ауылының Макира Мұқатова есімді тұрғыны осындағы ауылдық мәдениет үйінің кітапханасына жұмысқа тұрғызылды. Бұған қоса, тұрғындардың арасында өздерінің әлеуметтік жағдайының нашарлығын, тұрғын үйдің әлегін көріп жүргенін айтып, көмек сұрап келетіндер де бар. Мысалы, біз «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалында төрт баласы бар, екеуі мектеп оқушысы, ал қалған екі баласы жастайынан ауру, жалғызілікті ана Айзада Жексенбаеваның шағымы бойынша (тұрғын үйі тұруға қолайсыз, құлауға жақын екен) Лепсі ауылының тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен әлгі адамға 500 мың теңгеге үш бөлмелі тұруға қолайлы үй сатып әпердік. Жалғызбасты ана Айзада Жексенбаева бізге шексіз алғысын айтып, айрықша қуанышқа бөленді. Бір сөзбен айтқанда, «Нұр Отан» партиясының басты мақсаты – қарапайым тұрғындардың арыз-шағымдарын қысқа мерзімде қарап, нақты шешім қабылдау болып табылады. Сондықтан біз әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындарға әрдайым қол ұшын беруге дайынбыз, – дейді «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасары Мұрат Түсіпұлы.
Жомарт Молдахметұлы
«Айқын» газеті