АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

АЗАТТЫҚ ҮШІН АРПАЛЫСУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ

63a26218b2a0ff65117c109d4eea5385Басқыншылардың қарақұрым  әскері оңтүстік аудандарға төбеден жай түскендей баса-көктей кіріп, ел-жұртты көл-көсір қайғы қасіретке душар еткен «Ақтабан шұбырынды» трагедиясының алғашқы айларында қазақ әміршілері қатты есеңгіреп қалған.

 

Дұшпан қазақтардың басты саяси орталығы Түркістан шаһарын басып алды. Жеңіліске ұшыраған ел билеушілері қанды шайқас барысында  қаланы тастап кетуге мәжбүр болды. Астанада тұратын басқарушы элитаның көшіп үлгермеген отбастары, солардың ішінде аға ханның бәйбішесі, өгей шешесі, бауырларының әйелдері тұтқынға алынып, Жоңғарияның ішкі ұлыстарына әкетілді. Ет-жақындарынан айрылу өз алдына, күллі қазақ астанасы мен өлкедегі оған жапсарлас отырықшы елді мекендердің  басқыншы ойраттардың бақылауына өтуі  ел ағаларын қатты күйзелтті. Олардың жауға қарсылық күресті ұйымдастыру мүмкіндіктерін төмендетіп, жігерлерін жасытты.

Міне осындай ахуалда солардың ішінен тез ес жиып, жағдайды айқын саралай білген және тиісінше мақсатты іс-әрекет ұйымдастыра алған жалғыз ғана тұлға қазақтың аға ханы Әбілқайыр баһадүр болды. Ол Арал маңындағы ру-тайпалардың намысын жанып, жоңғар  агрессиясын қайткенде кері қағуды көздейтін ахуал туғызды. Өзін содан бір мүшелден астам уақыт бұрын хан көтерген құмды өңірді мекен еткен баршаны отан қорғау ісіне жұмылдыра алды.  Сондағы ел-жұртының қолдауымен қысқа мерзім ішінде қазақ және қарақалпақ жігіттерінен жиырма мың сарбаздан тұратын қол ұйымдастырып, жарақтандырды. Әскери өнерге баулыды. Шешімтал жорыққа дайындады. Сосын жер қайысқан қалың жасақтың басына өзі тұрып, жауға аттанды. Бірақ оңтүстікті, оңтүстіктегі қазақ елінің бас қаласын басып алған жоңғарға емес, солтүстік-батыстағы қалмақ иеліктеріне қарай шапты.

Баһадүр хан ойраттардың екі қиырдағы мемлекеттері арасында жүріп жатқан байланыстардың түпкі мақсатын не өзінің түйсігімен болжап, не барлау ретімен жеткен түрлі хабарлар мен деректерді сараптау нәтижесінде, алдын-ала әбден біліп алған болатын. Қалмақ ханы Аюкенің жоңғар қонтайшысы боп отырған күйеу баласына көмектесуге тырысатыны күмәнсіз еді. Еділдің төменгі ағысындағы қалмақ пен оның Ертістің бастауындағы түп туысы жоңғар араларын алып жатқан қазақты бағындырып алуды Бошоқтудың сонау арнайы заңдар жинағын  қабылдап алған заманынан армандайтын. Цеван Равданның балалары от-қарулы үлкен армиясымен тұтқиылдан басып кіріп, қазақ елін қансыратқан қазіргі жағдай көкейлерін тескен сол армандарын жүзеге асыруға әбден қолайлы сәт туғызған. Жоңғардың оңтүстіктегі жеңісін баянды ете түсу үшін терістіктен қалмақтың шабуылдауы ғана қалған. Ашық дұшпанымен бетпе-бет келген қазақтың ту сыртынан әне-міне соққы беруі ықтимал еді. Әбілқайыр хан соның алдын алуға ұмтылған.

Ол қателеспеген еді. Қыз беріп, қыз алысып тұрған бұл екі хандықтың әміршілері арасында жекжаттық алыс-беріс, әңгіме-сұқбаттар астарымен 1640 жылы барлық ойрат тұқымдары құрып тұрған хандықтардың өкілдері қабылдаған заңнамалық «Ики Цааджин Бичик» құжаты сөз болатын. Сонда негізделген ұлы жоспар еске алынып тұратын. Сол бойынша  әскери-саяси одақ құру мәселесі қаралып жүрген. Ал 1723 жылы көктемгі сәтті соғыс соны тиянақтауды күн тәртібіне шығарды да, Цеван Равдан Аюкеге арнайы жаушы жіберіп, қазақтарға қарсы бірлесіп әскери қимыл жүргізуді ұсынды.  Оны Аюке хан ықыласпен қабыл алды. Ізінше орыс патшалығына да қолайсыздық туғызып жүрген  қазақтарға қарсы  жорық жасау үшін үкіметтен өзіне от-қарулы жасақ бөлуін өтінген. Алайда жоңғарлардың қазақ жеріндегі әскери жеңісінен хабардар ресейлік билік оның бұл соғысқа араласуын қоштамады.  Себебі Ресей үшін екі қиырдағы ойраттың тұтасып күшеюінен гөрі олардың арасында дербес күш ретінде қазақтардың сақтала тұруы тиімді-тін. Өткен жылы ғана Ұлы Петр қазақ даласының өздерін шығыс елдеріне шығаратын қақпа екенін, оны пайдаларына асыру қажеттігін айтқан. Егер сол қақпа зенгорлардың қоластына түссе – орыс үшін жабылғанмен парапар еді. Себебі сол шамада Цеван Равдан ордасынан оралған Унковский оның орыс бодандығын қабылдамайтынын, кытаймен шекарасына қамалдар да салғызбайтынын жеткізген. Демек, Аюкенің Цеван Равданға қосылуына жол беруге болмайды. Сондықтан да оған бұл соғысқа араласпағаны жөн деген сыпайы кеңес берілді.  Алайда қалмақ ханы бәрібір алғашқы ниетінен бастарта қоймаған, өйткені ол қазіргі жоңғар соққысынан қансырап жатқан қазақ елін орыстың көмегінсіз-ақ жаулап алатын күш өзінде де бар деп білетін. Ойраттардың қанқұйлы  басқыншылығы ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жағдайында ол, шынында, Қазақ хандығына  елеулі қауіп  төндіріп тұрған. Осыны айқын ажыратқан Әбілқайыр хан жедел де ұшқыр жасақтарымен Сырдың орта ағысы тұсынан Еділ қалмақтарына қарай шұғыл аттанған еді.

Қазақ ханының үлкен қолмен Жайыққа қарай жасаған шешімді жорығы қалмақ әміршілерін әбігерге салды. Олар бітім жасау жолын іздеп, Әбілқайырдың алдынан елші аттандырады. Алайда Аюкенің сенімді өкіліне Әбілқайыр «қалмақтар мен орыстарға қарсы соғысуға келе жатқаны, жасағында қырық мың сарбазы бары» жайында ымырасыз мәлімдемесін жария етеді. Сонда, империяның түстіктегі қалқанының жағдайы мүшкілдігін парықтаған Астрахан губернаторы Аюке ханға көмекке артиллерия командасы мен алты эскадрон солдат жібереді. Бірақ онысы ахуалды жақсарта алмайды. Әбілқайыр ханның ірі әскери күші Жайыққа жеткен бетте қарсы шыққан қалмақтарды алғашқы шайқаста-ақ тас-талқан жеңеді де, терістікке қарай тереңдей береді. Қазақ жасақтары жеңісті шерулерін жалғастыра түседі. Патша үкіметі сол жылдың соңына қарай Аюкеге «император ұлылығы мәртебесімен арайланған біздің қалаларымыз бен сенің – біздің боданымыздың ұлыстарына келе жатқан» қазақтар мен қарақалпақтарға тосқауыл қойып, «қалаларымыз бен үйездерімізді талан-таражға түсіруге жол бермеуді» тапсырады. Әрине, тиісті әскери жәрдемі де болады. Нәтижесінде, қалмақтардың біріккен әскерлері қазақтардың Жайық бойын түгел тазалауға бет алған қозғалысын тоқтатады.

1723 жылдан 1724 жылға қарайғы қыс айларында елеулі әскери қимыл жасалған жоқ, бірақ, көктем келе (1724 жылғы ақпанда Аюке хан дүние салады),   Әбілқайыр баһадүр мен оның Есет және басқа да батырлары бастаған жасақтар Еділ қалмақтарына шабуылдарын жаңғыртты. Қалмақтар Есет батырдың жасағын патша өкіметі берген зеңбіректерден атқылай отырып жеңді. Содан кейін Әбілқайыр ханның батырлары қалмақ-орыс жеріне одан әрі жорық жасауын доғарды. Дегенмен, екі жыл бойы орын алып тұрған ірілі-ұсақты әскери қақтығыстар өз жемісін берді.1724 жылдың ортасына қарай қалмақ хандығы бұдан әрі қазақ еліне бұрынғыдай қатер төндіруге қауқары жетпейтін күйге түскен еді.

Осылай, солтүстік-батыс аймаққа жасаған жорығы нәтижесінде Әбілқайыр хан елдің терістік жақтағы шекарасын қауіпсіздендіріп алды да, шапшаң қимылдап дағдыланған жауынгер жасақтарын бірден Түркістан қаласы бағытына бұрды. Ұзақ шеруде жолшыбай кезіккен жоңғардың алғы шептегі бекеттерін бұзып-жара ұрыс салып, күзде Түркістанға жетті.  Жау қолындағы қалаға бірден  тікелей штурм жасап, тез азат етті.  Қазақ әскерінің қуатты  шабуылы барысында жоңғар қонтайшысының баласы, тәжірибелі қолбасшы Лаузан Шоно қаланы тастай қашып, Қаратау қойнауына шегінуге мәжбүр болды. Ал Әбілқайыр қазақ астанасын босатысымен, жеңісті шеруін күллі өңірде жалғастырды.   Қаһарман сарбаздарымен  Ташкентті және сол аймақтағы дұшпан басып алған өзге де қалаларды түгел азат етіп, жарты жылдан астам өз қарауында ұстап тұрды.

(Ақтөбе қаласындағы баһадүр хан Әбілқайыр ескерткіші)

Алайда қазақ жеріндегі  жоңғар әскеріне көп ұзамай қосымша күш келіп қосылған. Сөйтіп өлкеде басқыншы күші басымдық еткен. Сол себепті, бірқатар қантөгісті шайқастардан соң, 1725 жылдың көктемінде  Әбілқайыр баһадүр бұл аймақты тастап кетуге мәжбүр болды. Батырларымен бірге әуелі Бұхара хандығы аумағына, одан терістікке қарай ауысты. Ол шегінісімен, Сыр бойы қалаларын, Жетісуды жылдам жоңғарлар басып алды. Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханның иелігінде есептелетін өлке Цеван Равдан қонтайшының қоластына қайтадан түсті.  Қазақтың Ұлы жүзінің халқы мекендейтін аймақ тәуелділік жағдайда, жоңғар нойондарының бақылауында қалды.

Бұл шақта терістіктегі жер-су қатынастары тағы да шиеленіскен еді. Соған байланысты  Әбілқайыр хан 1726 жылы Орта жүз ханы Сәмекемен бірлесіп, он мың жігіттен құралған қарулы жасақпен жаңа жорыққа аттанды. Қалмақ тайшыларын ұлыстарымен Жайық бойынан күшпен қууға тырысты (жалпы, Әбілқайыр баһадүр қырық жылға тарта уақытқа созылған жауынгерлік, қолбасылық, ел билеушілік  қызметінде қазақ мемлекетінің терістік-батыс шегін қорғауда жан аямай шайқасқан, орыс патшасы өкіметіне «қазақтар Жайықтан суы сарқылғанша айырылмайды» деп, еш бұлжымай, табанды  түрде әлімдеген күрескер). Жайықтың сол жағалауында қазақ әскері жеңісті ұрыстар жүргізген еді, алайда оң жағалауда саны да басым, қару-жарағы да озық қалмақтардың үш жақтан шүйліккен шабуылы астында қалды. Қоршауға түскен қазақ жасақтары төрт күн бойы жан алып, жан берісе шайқасты. Ақыры жағдаймен санасуға тура келді. Келіссөздер жүргізіліп, қос тарап өзара бітімге келісті. Әбілқайыр хан қалмақ жағына аманатқа Тама Есет батыр, Табын Бөкенбай батыр  бастаған ондаған сарбазын берді. Рас, бітім алдағы уақыттарда екі жақтан да әлсін-әлсін бұзылып тұрады, кикілжіңді реттеу үшін одан кейінгі жылдарда Сәмеке хан қалмақтармен жаңа келісімдер жасайды. Дегенмен,  тараптардың бұдан былай шекара бұзбай, бейбіт қатар өмір сүру жайында қол жеткізген алғашқы уағдаластығы арқасында қазақ әміршілері сол шақтағы жалпы ел жағдайына нақтырақ көңіл бөлуге мүмкіндік алды.

  

  XVII. ОТАН ҚОРҒАУҒА БҮКІЛ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫЛДЫРУ

Әбілқайыр баһадүр қалмақтармен екі арада 1726 жылғы келісімге қол жеткізісімен, Жайық аймағындағы әскери-саяси қызметін оңтүстікті жайлап алған басқыншы жоңғарларға қарсы күресу мәселесіне аударды.

Цеван Рабданның қолбасшы ұлдары бастаған жоңғар әскерінің 1723 жылғы қанқұйлы шапқыншылығы екпініне Әбілқайыр ханның төтеп бере алмағанын еске түсірді. Кескілескен шайқас барысында күллі оңтүстік жазираны қазақ елінің астанасы Түркістанмен, сол өңірдегі барша қалаларымен жау қолына қалдыруға мәжбүр болғанын, жасағының аман қалған бөлігімен  Қарақұм аумағына ауысқанын еске түсірді. Сол аймақтағы жігіттерден жаңа қол құрып, терістік-батысқа аттанғанын ойына алды. Қансырап жатқан қазақ елін терістіктен шабуға дайындалған, сонысымен оңтүстік аймақты басып алған жоңғар басқыншыларымен тұтасуы ықтимал қалмақ шабуылының алдын алғанын ойлады.  Сол әскери шарасынан кейін, 1724 жылы Ұлы даланы түстік-шығыс бағытында ұшқыр жасағымен көктей кесіп өткенін, жолда бекет салып тастаған жоңғарлармен қиян-кескі ұрыс сала отырып оңтүстік аймаққа жарып кіргенін есіне алды. Ол бір қаһармандыққа тұнған шақ еді. Аға хан болғалы ордасы төрт қыс төрінде орналасқан қазақ астанасын жауынгер жасақтарымен сонда жаудан бірден тазартқан. Өлкенің астана айналасындағы басқыншы аяғы астында қалған өзге қалаларын, барша жер-суды, ұзын саны отыз екі ұлысты азат еткен.  Бірақ аймақтағы осынау жеңімпаз шеруін, өңірді қайтарып алған қанды шайқастардың салтанатты нәтижесін баянды ете алмады. Алты-жеті айдан кейін,  1725 жылы аймақты қайта тастап кетуге мәжбүр болды. Соларды еске түсіріп саралай келе, ордасы орналасқан Түркістан шаһарын, күллі қазақ жер-суын азат еткен қалпы тұрақты ұстап  тұра алмауының себебін іздеді. Сол себепті жою жолын парықтады.

«Ақтабан шұбырынды»  салдарынан қалыптасқан жағдайда елді, жер-суды сақтау және қорғауға байланысты өзінің тарихи миссиясын Әбілқайыр хан адал атқарып келе жатқан. Қарамағындағы әскери күштің жаужүректігінде, соғысу өнеріне жақсы машықтанғанында, ондық, жүздік, мыңдық топтардан жасақталған құрылымының үйлесе әрекет ете алғанында күмәні жоқ. Ол жауынгер сарбаздары мен сардарларына кінә арта алмайды. Солармен бірге  сауыт шешпей, аттан түспей, жалпақ қазақ даласын терістік-батысы мен оңтүстік-шығысы аралығында әрілі-берілі көктей өтіп әлденеше әскери жорықтар жасаған. Сол жеңісті жорықтары барысында ел-жұртқа өзінің аға хан мәртебесін іс жүзінде мойындатқан. Енді ол қазақ мемлекетінің басшысы, аға ханы ретінде, елді жаудан тұтастай азат ету шарасын жасауға тиіс болатын.  Ал бұл шараны жүзеге асырудың кілті дүлей басқыншыға қарсы бүкіл халықты көтеруде жатыр еді. Жеңістерін баянды ете алмауының себебі мен сыры сол кілтті өзінің және өзімен қоса барша әміршілердің уақытында дұрыс пайдалана алмағандықтарында жатқан. 

Демек, жауға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шайқасу мәселесін тұңғыш рет халық ортасына салған, өзін ақ киізге отырғызып хан көтерген 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы іспетті жаңа басқосу ұйымдастыру кезек күттірмейтін шара болуға керек.  Аға ханның мұндай көзқарасын батыс пен солтүстіктегі жер-су кикілжіңдерін өзімен бірге шешуге атсалысып жүрген Сәмеке хан бірден қолдайды. Алайда Қазақ хандығының оңтүстік аумағы және Жетісу өлкесі толығымен жоңғарлар қоластында жатқан. Сол басқыншы әкімшілікке бодан ретінде  түрлі алым-салығын беріп, Ташкент сынды шаһарда тәуелділік ахуалда күн көріп отырған Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханға осы тоқтамды тез жеткізу керек. Әбілқайыр баһадүр хан бекем шешім жасады. Жалғыз оған емес, ең алдымен елдегі жүздер билеріне (ордабилерге), аймақтардағы барлық би, батыр, рубасы, бас адамдарға және ақсақалдарға шұғыл түрде жаушылар аттандырылды…   

Әбілқайыр баһадүр елдің аға ханы лауазымымен қазақ астанасы Түркістанға орныққанында, батыс өлкедегі Кіші жүзге қарасты ел-жұрт ішінен көп ауыл оның ордасымен бірге сол аумаққа көшіп келіп қоныстанған. Жаз айларында аға ханның көшпелі ордасы солардың арасына – Арыс суының саласы Бадам өзенінің алқабына тігілетін. Сол себепті де сондағы Ордабасы аталатын жерді 1710 жылдан кейінгі жаңа бүкілхалықтық құрылтай өтетін орын етіп белгіледі. Сөйтіп, Әбілқайырдың жазғы ставкасы қоныс теуіп жүрген Ордабасы биігінде 18-ші ғасырдың алғашқы ширегінен өте бере, 1726 жылғы қара күзде, басқыншы жоңғарға қарсы күреспек халықтың ахлақи рухын нығайтқан, тиісінше, отан соғысын жеңіске жеткізу үшін үш жүздің біріккен қолын құруға бекем байлам жасаған әйгілі мәжіліс өтті. Тәуелсіз еліміздің үкіметі күллі жұртшылық өкілдерін 20-шы ғасырдың соңғы онжылдығында сонда жинап, жаудан қорғануда ел бірлігінің маңызды рөл атқарғанын салтанатпен атап өтті. Ал 21-ші ғасырдың басында Ордабасы шоқысының ұшар басына ақ мәрмәрмен қапталған үш қырлы биік ескерткіш мұнара тұрғызылды (суретте). Үш қырындағы арнайы тақталарда  атақты үш биіміздің баршаны сүйсінтетін қанатты сөздері жазылды…

Қазақ халқының басқыншыға қарсы шешімді түрде отан соғысына шығуына байланысты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш ұлы биіміздің есімдері ерекше құрметпен айтылатыны мәлім.  Олар барлық қазақ ру-тайпаларын жоңғарларға қарсы біріктіру мәселесін қарау үшін Ордабасы құрылтайын шақырды делінеді. Қалың бұқарамен тығыз байланыста болудың жолы ретінде, билікке қара қазақ өкілдерін тарту қажеттігі Есім ханның кезінен бастап мойындалғаны белгілі. Оның «Ескі жол» аталған заңнамасының түпкі мәні де сол болатын. Соны басшылыққа алған Тәуке ханның тұсында белгілі билер елді басқару және заңдарды сонау «Есім ханның Ескі жолы» үлгісімен жетілдіру жұмыстарына белсене қатыстырылды. Әйгілі «Жеті жарғы» осы үш жүз билерінің белсене атсалысуымен қабылданған. Міне  солар  ел басына күн туған күрделі тарихи кезеңде жоңғар шапқыншылығына ел боп бірігіп қарсы тұру ұранын көтерді.  Ел санасына солай сіңген. Ұлы жүздегі он бір тайпаны, Орта жүздегі алты тайпаны, Кіші жүздегі жиырма бес тайпаны біріктіретін үш тайпалық одақты ортақ мүддеге  ұйыстырудағы бұл аса көрнекті тұлғаларымыздың еңбегін жоғары бағалай отырып, олардың ұлы кеңесті өткізуде бас әміршінің бастамасына сай солай әрекет еткенін әділеттілік тұрғысынан қисынды көретінімізді біз жасырмаймыз. 18-ші ғасырда содан бұрынғы кездердегідей дағдымен, бүкілхалықтық мәжілістер мен кеңестер аса жоғары дәрежелі билеушілердің ордаларында жүргізіліп жүргенін тарихшылар мойындайды. Мұндай жиындардағы билердің сөзі қашанда өтімді келетін, билер өзге шонжарлардан әрдайым басым түсетін. Есім хан заманынан бері хан билігінің өзі сол билер кеңесінің шешіміне тәуелді болатын.   

 «Ақтабан шұбырынды» қасіреті кезінде әскер бастап қазақ елінің терістігіне де, түстігіне де  азаттық жорықтарын жасаған Әбілқайыр ханның азаттық жолындағы күресті өрістету үшін күллі ел азаматтарын біріктіруді көздегенде, осынау атақты билердің көмегіне сүйенгені тарихи шындыққа әбден сай келеді. Жүздердің хандары, жекелеген ру-тайпалар мен қалаларды басқаратын кіші хандар, сұлтандар, рубасылар, аймақтардағы билер, ақсақалдар, өзге де бас адамдар және, әрине, батырлар бас қосқан құрылтай басқыншыдан отанды азат ету үшін жалпақ ел ішінен біріккен қол жиюды бірауыздан қолдады. Қазақ біріккен әскерінің бас қолбасшысы  міндетін аға хан Әбілқайыр баһадүрге жүктеді.

Қазіргі қалыптасқан көзқарас бойынша – құрылтай Кіші жүз ханы Әбілқайырды аға хан лауазымына емес, бас қолбасшы етіп қана сайлады делінеді. Мұндай көзқарастағылар қазақтың бұл кездегі аға ханы Болат хан болатын деп санайды. Алайда байыпты ғылыми зерттеулер Болат ханның, біріншіден, аға хан емес, Орта жүз ханы болғанын, екіншіден, ол «Ақтабан шұбырынды» басталғанда дүние салғанын айтады. Демек, Бас қолбасшы ретінде таңдалған  Әбілқайыр баһадүрді Ордабасы құрылтайында аға хан мәртебесіне сайлаудың қажеті жоқ еді, ол бұл мәртебеге Тәуке ханның ізбасары Қайып хан қаза тапқаннан бері, 1719 жылдан ие болатын.  1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке мен 1720 жылдан Ұлы жүз ханы Жолбарыс оны өздерінен барлық жағынан жоғары болғандықтан да мойындаған, көне меритократиялық тәртіпті басшылыққа алған билер кеңесін қолдаған, осылайша ол жеті жылдан бері аға хан саналатын. Егер бұл бастапқы кезеңде заты емес, тек аты ғана бар лауазым саналса, сондықтан да оны жұрт тек Кіші жүз ханы деп қана қабылдаған болса да, жоңғардың жойқын шапқыншылығынан берменгі күллі қазақ даласын шарлап көрсеткен жауынгерлік, қолбасылық еңбегі мен ерлігі оның іс жүзінде аға хан екенін дәлелдеген еді. Қазақ хандығында тақта отырған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын, демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру оның аға хан екенін мойындағандықтан, ел үшін жанын отқа да, суға да салған жанқиярлығын бағалағандықтан жасалған шара. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында да, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін қолбасылықты адал атқарды. 

 Әбілқайыр хан үш жүзден жиналған әйгілі батырлармен әскери кеңес өткізіп, шұғыл сарбаз жинау, оларды соғыс өнеріне тездетіп үйрету, сосын елді біртіндеп дұшпан езгісінен азат ету жоспарын құрды. Бірінші кезекте былтырғы жеңісті шеруден кейін қайтадан жау қолында қалған астанадан бастап аймақтағы барлық қалаларды жоңғар билігінен құтқару мәселесі күн тәртібіне шықты.  «Үлкен орда қонған», «Кіші орда қонған» деген жер атаулары Әбілқайыр баһадүр хан мен оның көмекшілерінің сол кездегі азаттық соғысын басқарғанда әрекет еткен орталықтарын аңғартса керек. Біріккен қазақ армиясы аталмыш ордаларда жасалған соғыс жоспарларына сай ұрыстар жүргізіп, оңтүстіктегі қалаларды бірінен соң бірін азат ете бастады…

Редакциядан: Жоғарыдағы тараулар жазушы, тарихшы, көсемсөзші Бейбіт Қойшыбаевтың «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты еңбегінен жалғасты түрде алынып отырғын ескертеміз. Басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/view?id=4553;  http://abai.kz/post/view?id=4554;  http://abai.kz/post/view?id=4579; http://abai.kz/post/view?id=5256;http://abai.kz/post/view?id=5335; http://abai.kz/post/view?id=5370; http://abai.kz/post/view?id=5371; http://abai.kz/post/view?id=5469.  

(Жалғасы бар)

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz