Оқу орнында өткен барлық мерекелік іс-шара барысында жастар Қазақстанның Тұңғыш ПрезидентіН.Назарбаевтың: «Біздің қасиетті жеріміз ежелден Ұлы Дала, ал бізді Ұлы Даланың перзенттері деп атаған» деген ұлағатты сөзін жазылған шығармаларынан аңғартты. Суретшілер, қолөнер шеберлері байқауына, ақындар мүшәйрасына, айтысқа қатысқан жас дарындардың барлығы еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін, жетістері мен жарқын болашағын, бірлігі мен берекесін Мемлекет басшының еңбегімен байланыстырды. Осылайша Тұңғыш Президент туралы танымдарының тереңдігін білдірді.
Оқу ордасындағы алғашқы іс-шара «Ұлы Дала елінің тарихи белестері» атты облыстық жас суретшілер байқауымен ашылды. Жоғары оқу орындары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері де бақ сынаған байқауда әуесқой қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Мұндағы үміткерлердің шығармаларына қарасаңыз, әрқайсысының алдына ой толғайды. Сондықтан өнерлі суретшіні анықтау оңайға соқпады.
– Үміткерлерге қатаң талап қойылған жоқ. Фантазиясы мен идеясын шектемедік. Өйткені әрбір қатысушы өзінің ойынша Ұлы Дала елін қалай көреді? Көз алдына қалай елестетеді? Байқауда өнерлі жастардың еңбектеріне қарап сүйсіндік. Осындай игі істерді әрдайым қолдап, ұйымдастырып тұрамыз деген ойдамыз, – дейді байқауды ұйымдастырушылар.
Байқау қорытындысы бойынша үздіктерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, «Ұлы Дала Елінің» шеберлері атты облыстық қолөнер байқауы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Байқауға шебер жастар табиғи тастар мен әшекейлер топтамасын, қолөнер бұйымдарын ұсынды. Әсіресе, қазылар алқасын ұлттық нақыштағы бұйымдар қызықтырды.
Білім мен ғылымның ордасы болған оқу орнында Тұңғыш Президент күніне арналған үшінші шара да маңызды. ОҚМПИ тәрбие істері жөніндегі проректоры Ақлима Мархабатқызының қолдауымен, Филология факультетінің деканы ф.ғ.к Нариман Жұмашұлының, Қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., Мамыт Алтыбайұлының басшылығымен жас ақындар мүшәйрасы өтті. Жазба ақындар арасында өткен жыр додасына жоғары және арнаулы оқу орындарынан 32 ақын студент қатысты. Сайыста жастар екі өлеңнен оқыды. Бірінші кезеңде — Ұлы істердің ұйытқысы –Ұлы Дала елі жайында дербестігіміз дәріптелсе, екінші кезең еркін тақырыпқа арналды.
– Біздің мүшәйрамыздың мақсаты поэзияны көркемдеп оқу емес, ақынның мықтылығын, қабілет-қарымын анықтау. Сондықтан жастардың тақырыпты ашып, өзінің қабілетін көрсетуге мүмкіндігі мол. Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген мүшәйра Оңтүстікте жалындаған жас ақындардың өсіп келе жатқанын байқатты, – дейді айтыскер ақын, қазылар алқасының мүшесі Анар Жаппарқұлова.
Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының 2 курс студенті Лаура Сарманова жеңіп алды.
1 орын еліміздің жетістіктерін жыр шумақтарымен жеткізген Отырар ауданы Т. Ибрагимов атындағы орта мектептің мұғалімі Дәурен Полатбаевқа берілді. Ал екінші орындарды М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің 1 курс студенті Рена Табылхан мен
Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-филология факультетінің 3 курс студенті Нарқұлан Райханұлына бұйырды. Үшінші орынды жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері иеленді. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, алғыс хаттарға ие болды.
«Ұлы Дала елі» әндері жас орындаушылар байқауы да мерекенің мәнін аша түсті. Жергілікті өнер иелері байқаудың лайықты жеңімпаздарын анықтады.
Ең тартысты өткен «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты облыстық жас ақындар айтысы болды. Жыр додасына 4 жұп ақын қатысты. Айтысты белгілі айтыс ақыны Біржан Байтуов жүргізді. Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген құндылықтарды насихаттаған жастар ұтымды ұйқасымен, ұтқыр ойымен көрерменді тәнті етті. Әсіресе Аян Ниязбек пен шымкенттік Қажымұқан Абзаловтың тапқырлығына көпшілік жиі қол соғып отырды. Ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосқан шараға ОҚО Құрметті азаматы, белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова қазылық жасаған болатын.
– Жастардың айтысы жаман болған жоқ. Мен қатысушылар арасынан Серік Жұмаділден үміт күтіп едім.
Сайрамдық Жандос Мырзабек те ұтқырлығымен көзге түсті. Ал Қажымұқан Абзалов, Дәурен Ысқақ шауып жүрген жүйріктер. Дегенмен оларға әлі де тынысы ашылуы үшін біраз еңбек етуі керек. Аян Ниязбек пен бәйдібектік Нұрлыбек Мейірмановтың айтысы жақсы болды, – деді Әселхан Қалыбекова.
Айтыстың бас жүлдесін Аян Ниязбекке Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев табыс етті. 1 орын Қажымұқан Абзаловқа бұйырса, 2 орынды Нұрлыбек Мейірманов жеңіп алды. 3 орынды Дәурен Ақсақалов иеленді.
Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің жастармен кездесуі «Рухани мұра және Мәңгілік Ел идеясы» атты тақырыбында өтті. Жүрекке жылы нұр құятын сұхбат қызықты болды. Жастар академикке сұрақтарын қойып, толымды жауап алды.
– «Тәуелсіздіктің сіздерге бергені өздеріңіз ойлағаннан да көбірек. Біз – өткен буынның, кеңестік кезеңнің адамдары кешегі мен бүгінгі күннің айырмашылығын нақты ажырата аламыз. Бала кезімізде біз оқуды армандайтынбыз, бірақ, мұғалімдер болмады. Бүгінде сіздерге мол жағдай жасалған: интернет, электронды білім алу, заманауи сыныптар мен зертханалар. Мұның бәрін бағалауға және одан әрі дамытуға үйрену керек. Ал тәуелсіз мемлекетті құрған Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың тарихи рөлі мен орны бөлек» – деді М.Жолдасбеков.
Мереке қарсаңындағы іс-шаралар «Елбасы бізге өнеге:спорт-жан сұлулығы» атты спорттық жарыстармен (баскетбол, волейвол, шахматтан блицтурнир) жалғасты.
Жастарды елін, жерін сүюге шақыратын іс-шаралар олардың отансүйгіштік сезімін ұялатуға айтарлықтай үлес қосатыны анық. Бүгінгі күні білім мен ғылымның ордасына айналған оқу орнында барлық жағдай жасалған. Тағылым алатын сан алуан жұмыстар атқарылып жатыр. Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар апта соңына дейін жалғасып, 7 мерекелік байқау қорытындыланады.