Отырар ауданында жылдық қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын жүгері сақтау және кептіру кешені іске қосылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
Жалпы құны 450 миллион теңге болатын кәсіпорынның ашылу салтанатында Отырар ауданының әкімі С.Полатов: «Ауданда жүгері дақылын 1990 жылдардағы көлемге жеткізу және жүгері кластерін дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 2020 жылға дейін жүгері алқабын 15 мың гектарға жеткізу жөніндегі іс-шара жоспары бекітілген. Сонымен қатар 2016 жылы 7,5 мың гектар жерге жаңа технологияларды пайдалану арқылы жүгері егу жоспарланып отыр. Бүгінгі бой көтерген кешен алдағы уақытта 10 мың тоннаға дейін өнім қабылдауға әзір. Бұл ауданымызда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жасалған жағдай», — деді.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, кешеннің ашылуы жүгері кластерін дамытуға негіз болмақ. Себебі, бұрындары диқандар жинаған өнімін кептіре алмай, жаздай еткен еңбегі зая кететін. Енді шаруаларға өнімдерін ысырапсыз жинап алуына мүмкіндік туып отыр.
Кешенде 35 адам жұмыспен қамтылған. Оның өніміне сұраныс артып, шикізат көбейсе, болашақта жұмыс қуаттылығы арта түспек.
http://www.inform.kz/